ЖОЛ КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ АЗАЮДА

Уақыты: 01.05.2024
Оқылды: 304
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биыл Жетісу облысы аумағындағы республикалық маңызы бар күре жолдарда көлік апаттары азайа бастаған. Дей тұрғанмен жаз шығып туристік маусым жақындаған сайын көлік қарасы көбейе түсетіні белгілі. Бұл өңірдегі жолдарға түсетін үстемені арттырып, жол-көлік оқиғаларының жиілеуінің тағы бір себебі.


Осыған байланысты аймақта алдын-алу шаралары басталып Жетісу облыстық көлік инспекциясының, полиция департаментінің және «Қазавтожол», «ҚАЖсервис» компаниясының қызметкерлері арнайы «Жолда қабылдау» акциясын өткізді. Жолдағы қабылдауда мамандар жүргізушілердің талап тілегін тыңдап, жол ережесін сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, ақпараттық парақшалар таратты.

 – «Аймақтағы жолдарда орын алған оқыс оқиғалар өткен жылдың ұқсас мезгілімен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Мәселен, осы жылдың бірінші тоқсанында 21 жол көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың үш айлық кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға төмендегенін көрсетеді. Алайда адамдардың бас амандығы керек. Ол үшін жүргізушілер де жол ережесін қатаң сақтап, сақтық шараларын барынша ұстануы тиіс»,  – дейді «Қазавтожол» АҚ ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаев.

Жол саласына жауаптылардың сөзінше, осыған дейін аймақ жолдарында  орын алған оқыс оқиғалардың  50 пайыздан астамы жылдамдықты шамадан тыс асырудан болғаны анықталған. Сондықтан әр жүргізуші заң ережесіне бағынып, көлік тізгінін тарта ұстауы тиіс. Мысалға, «Алматы- Өскемен» тас жолының Жетісу облысы аумағында жылдамдық сағатына 110 шақырымнан аспауы қажет. Қазір өңірде жол апаттарын алдын алу шараларымен қатар жол жөндеу, жол белгілерін орнату сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

                                                                                Айдын КӘЛІМХАН