Бейбіт Исабаев: "Мемлекет сіз бен бізден құралады"

Уақыты: 01.05.2023
Оқылды: 633
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің бейбітшілігі, тыныштығы, тұрақтылығы ең алдымен халықтың жанашыр ықыласына, достық рәуішті пейіліне тікелей байланысты. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткізілген «Бір шаңырақ астында!» атты мәдени шара аясында облыс орталығы Талдықорғандағы жұртшылық өзара амандық-саулық сұрасып, хал-жағдай білісті.

Жетісу өңіріндегі этно-мәдени орталықтардың жетекшілері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдерімен бірге алдымен «Жастар» саябағында түрлі этностардың ұлттық аспаптарының қатысуымен «Адай» және «Балбырауын» күйлерін орындаған «Жетісу сазы» ансамблінің өнерін тамашалаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлының қос шығармасын домбыра, шаңқобыз, қылқобызбен бірге балалайка, скрипка, дутар сынды ұлттық музыка аспаптарында сөйлеткен өнерпаздардың шеберлігін жоғары бағалады. Одан соң саябаққа қойылған ұлттық ойындарды, этно-мәдени орталықтардың қолөнер және «Ұлттық тағамдар» көрмесін көпшілікпен бірге аралап көрген өңір басшысы халықты мерекемен құттықтады.

– Құрметті жетісулықтар! Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Береке мен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың символына айналған бұл мерейлі мерекенің еліміз үшін маңызы ерекше. Тарих пен тағдыр табыстырған сандаған этнос өкілдері Жетісу өңірін бүгінде өзінің алтын бесігі, киелі мекені санайды. Осылайша облыс халқы ауызбірлігінің арқасында туған жердің тұғырын нықтауға, экономикалық қуатын арттыруға, келбетін көркейтуге бар күш-жігерін жұмыла жұмсап келеді, – деген Бейбіт Өксікбайұлы еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты, бейбітшілік пен ынтымақтың сақтаудың жолында жұдырықтай жұмылған жұртқа жүрекжарды тілегін арнады.Жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа уақыт жағдайында елдің ішкі тұрақтылығын сақтаудың аса маңызды екеніне ерекше назар аударды.

«Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек», деді Президент. Бұл үн қату біздің әрқасымызға да үлкен міндет жүктейді.

«Байлық байлық емес, бірлік – байлық» дейді халқымыз. Қазіргідей жаһандағы геосаяси жағдайлар мен мүдделер қақтығысы күрделеніп тұрған шақта тыныштықты бағалай білудің маңызы еселене түсуде. Біз саналуандықтан бірлікке, даралықтан тұтастыққа, бөлшектен бүтінге бет бұрған жаңа қоғам құру үстіндеміз.  Мемлекет сіз бен бізден құралады. Сондықтан туған еліміздің жауапкершілігі де бәрімізге ортақ.

Құрметті қауым! «Ынтымақ барда ырыздық бар», - дейді халқымыз. Еліміздің ырысы мол, бірлігі берік, тұғыры биік болсын. Өзара татулығымыз бен тұрақтылығымыз нығайып, мемлекетіміз өсіп-өркендей берсін.

Баршаңыздың шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке, мол бақыт тілеймін.

Мерекелік игі шара «Бір шаңырақ астында» атты ұлттар достығын бейнелейтін музыкалық-хореографиялық көрініске ұласып, Жетісу облыстық филармониясының, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және облыстық, қалалық би ұжымдарының бірлескен мерекелік концертіне жалғасты.

Мәди Алжанбай
Суреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай