Биыл Жетісу облысында 321,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынады

Уақыты: 03.05.2023
Оқылды: 885
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облысымызда биыл барлығы 321,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынады, оның 50 пайызы бюджет есебінен. Осыған орай аймақ басшысы Бейбіт ИСАБАЕВ Талдықорған қаласында салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерді аралап, ондағы жұмыстардың барысымен танысты. Жұмыстың сапасына, қарқындылығына назар аударды. Мердігер ұжымдардың өздеріне жүктелген міндеттерді қалай атқарып жатқандығына көңіл бөлді.

Облыс әкімі алдымен Әлімжанов көшесіндегі 20 және 40 пәтерлі тұрғын үйлерге барды. 2021 жылы басталған құрылыс жұмыстары мамыр айында аяқтау жоспарлануда. Үйлер бюджет қаражатына салынуда. Облыс әкімі аралау барысында үйлердің алдындағы тактильді тақта, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін автоматты көтергіштер орнатуға баса назар аударды.

Келесі кезекте Қ. Жалайыри даңғылындағы және 8-шағынаудандағы меценаттардың қаражатына салынып жатқан 60 пәтерлі үйге бас сұқты. Бұл пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына арналып салынуда. Бейбіт Өксікбайұлы мердігер ұйым басшыларына аталған нысандардың тұрғындар үшін қолжетімді әрі жайлы болуын, сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының сапасы мен үйлердің қасбеттерінің тартымды болуын назарға алуды тапсырды.

8-шағын ауданда орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлерді (10 және 11 нүктелер) салуды бас мердігер «Шымыр» ЖШС 2021 жылы бастапты. Тұрғын үй салынып болғанымен «Монолит» ЖШС аулаларды абаттандыру жұмыстарын әлі күнге дейін толықтай аяқтамаған. Осы орайда «Монолит» ЖШС директоры Советхан Шалимбетов жұмысты жүргізуге қажетті қаражатты іздестіріп, ауланы асфальттауды бастағанын айтты. Сондай-ақ, ол облыс әкіміне мамыр айының соңына дейін ауланы абаттандыру жұмыстарын аяқтаймын деп уәде берді.

Аймақ басшысы «Шымыр» ЖШС директоры Руслан Валишановқа өз қаражаттары есебінен үйлердің кіреберістерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін автоматты көтергіштер орнатуды тапсырды.

Құрылыс нысандарын аралау барысында облыс әкімі 9-шағынауданда салынып жатқан тұрғын үйлер барлық көрсеткіштер бойынша үлгі болуы керектігін атап өтті.

– Биыл облыс орталығында 50-ден астам тұрғын үй, соның ішінде бюджеттік, коммерциялық, несиелік және меценаттардың қаражатына салынатын үйлер тапсырылады деп күтілуде. Салынып жатқан үйлерде мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп шығуына барлық жағдай жасалады. Жыл соңына дейін кезекте тұрған 1900-ден астам азамат баспаналы болмақ. Өздеріңіз білетіндей, Талдықорғанда тұрғын үйге кезегінде 15 мыңнан астам адам тұр, ал баспаналы болатын 1900 адам. Жалпы кезекте тұрғандардың 18-19 пайызы. Бұл жақсы көрсеткіш. Болашақта да осы қарқынмен жұмыс жасауымыз керек деді, – Бейбіт Өксікбайұлы.

Облыс әкімі мердігерлер мен құрылысшылар игі іс жасап жатқандықтарын және олардың еңбектері адамдардың алғысымен, олардың ақ батасымен өтелетіндігін, сондықтан құрылыс жұмыстарының сапасына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай