Оқушы бұзақылыққа барса, білім саласына ғана кінә артылады

Уақыты: 18.05.2023
Оқылды: 884
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облыстық қоғамдық кеңесі жанындағы диалог алаңында мектеп жасындағы бала тәрбиесімен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді қоғам құру жайы қаузалды.

Диалог алаңында сөз алған Жетісу облысының әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Лариса Котельникованың пікірінше ұрпақ тәрбиелеуде құзырлы құрылымдар мен ата-ана арасында ымыра жоқ. Оның айтуынша, ата-ана өз деңгейінде жауапкершілік жүгін сезінбейді. Бар салмақ білім қызметкерлеріне артыла салған.

Оқушы бүлік қылса да, бұзақылыққа барса да, білімі төмен болса да білім саласына ғана кінә артылады. Әлеуметтік желінің де бала тәрбиесіне көлденең көк атты болып тұрғанын да сөз етті спикер.

– Өңірімізде бірінші рет 2015 жылы білім басқармасынан мемлекеттік тапсырыс негізінде қаржы бөлініп, арнайы жұмыс жүргізілді. Аудан, ауылдар араланып, ата-аналар комитетімен, ата-аналардың өздерімен кездесіп, ұрпақ тәрбиесіндегі олардың рөлін күшейту төңірегінде жақсы жұмыстар жүргізілді. Қазір ондай жоқ. Ұрпақ тәрбиесіне жауаптылар «Аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп отыр, – деді Лариса Котельникова.

Жыл басынан бері жасөспірімдерге қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында ювеналды полиция білім беру саласының қызметкерлерімен бірлесіп 118 шара өткізген. Осы шара негізінде 1322 құқықбұзушылық анықталған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 19,7%-ға артқан. ПД ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының аға инспекторы Серік Байғозынов кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылығы азаймай тұрғанын алға тартты.

– Биыл қаңтар-сәуір айларында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерсіз үй-жайдан тыс жерлерде жүруі бойынша 1251 факті тіркеліп, Әкімшілік кодекстің 442-бабы бойынша ата-аналар жауапкершілікке тартылды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20,2%-ға өскен. Осы уақытқа дейін кәмелетке толмағандардың қатысуымен 7 қылмыс тіркелсе, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс 15%-ға артқан. Сондай-ақ, балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы 14 қылмыс жасалған, – деді Серік Байғозынов.

Құзырлы орган қызметкерінің баяндамасынан кейін диалог алаңында қызу пікір таласы туындады. Бірі – әлеуметтік желіге шектеу қою, бірі – еңбек ұжымдарымен кездесу арқылы ата-ана жауапкершілігін күшейту турасында пікір білдірді. Тіпті, телеарнадан балаларға қатысты қылмыстық жаңалықтарды бермеуді де ұсынды. 

«Демеу» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ахат Ұзақбаев мұндай мәселенің салдарымен күрескеннен гөрі, себебін анықтап, соны шешу керегін алға тартты.

– Ауқымды мәселе қаузалып жатыр. Қазақта «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген бар. Ата-ана жауапкершілігін арттырамыз дейміз. Ата-ана мына қымбатшылық қысып тұрғанда «баламды қалай аш қалдырмаймын» деп жүргенде артық талап қоймаймыз ба? Бар болып, баласына қарамай жүрген ата-ана аз. Алдымен, ата-анаға жағдай жасайық. Қымбатшылықты құрықтайық, мардымды жалақы берейік. Сосын талап қоямыз, – деді Ахат Ұзақбаев. 

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Е. Қошанбеков ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарына ата-ана жауапкершілігін арттыратын заң қабылдау жөнінде ұсыныс беретінін жеткізді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жайлы қоғам түзу жайында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизанбаев бұл бағытта өңір бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мұнан соң, сөз тізгінін тартқан «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Роза Ақжаркенова мүгедектерге шектеудің көп екенін алға тартты.

– Әуелі сөзді дұрыс қолданайық, мүмкіндігі шектеулі азамат емес, мүгедек адамдар. «Шектеуді» билік жасап отыр. Бұл тақырыпты бала тәрбиесінен бөлек қарауымыз керек еді. Ауқымды мәселені аз уақытта талқылау мүмкін емес. Мәселен, жиынның өзі Тіл сарайының екінші қабатында өтуде. Бұл жерге келуіміздің өзі қиын болды. Арбаға таңылғандардың, көз мүгедектігі барлардың жайын ойлап, Талдықорғандағы кез келген ғимараттың бірінші қабатында ұйымдастыру керек еді, – деп шымбайына батқан мәселені қозғады. 

Кеңес төрағасы Е. Қошанбеков Р. Ақжаркенованың базынасы орынды екенін, екі тақырыптың бір жиында қаралуы шынын да кемшілік болғанын айтып ақталды. Артынша сөз алған Талдықорған қалалық мәслихат депутаты Гүлниса Тұлымшақова мемлекеттік мекемелердегі пандус мәселесін қаузады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Рауан Дәуталинов биыл бюджеттен өңірдегі мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау үшін 400 миллионнан астам қаржы қаралғанын, бұл қаржы бұрынғыдай тек пандус салуға емес, автотұрақтан мекеме кіреберісіне дейін 6 бағыт бойынша жұмыс жүргізуге жұмсалатынын алға тартты. 

Жиын барысында сөз алған Қуаныш Қапанов көз мүгедектігі барларға жағдайдың жасалмай отырғанын көлденең тартты. Оның айтуынша, мүгедектерге мүмкіндік қоғамдық көліктен басталуы керек.

 – Жақында көз мүкістігі бар жандарға арналған аудио кітап шығаруға облыстық мәдениет басқармасы тарапынан ұсыныс берген едік. Ол қолдау таппады. Себебін әлі ешкім түсіндірмеді. Әдетте болмайтын жобалар мақұлданып жатады ғой. Бұл бізге қойылған шектеудей болды. Екіншіден, қазір көзі көрмейтіндердің қоғамдық көлікпен жүруіне жағдай жасалмаған. Талдықорған қаласындағы автобусқа мінсең, жүргізушіні мазалап тұрасың. Түсетін аялдамаңды білмей дал боласың. Неліктен қоғамдық көлікте аудио хабарлама орнатылмайды? Ал құлағы естімейтіндерге бейне хабарлама орнатуға болады ғой, – деді көз мүгедектеріне арналған жобалардың авторы.

Роза Ақжаркенова көз мүкістігі бар кісінің мүгедектікке шығуы үшін сабылып Алматы қаласына барып, Қазақ көз аурулары зерттеу институтына қаралатынын алға тартты. Институттағыдай құрылғыны облысқа алдырып, мүгедектерді сарсаңға салмау жайында ұсыныс айтты. 

Дастанбек САДЫҚ
Сурет ғаламтордан алынды