Алакөлдік азаматтардың көмегі

Уақыты: 06.05.2024
Оқылды: 364
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек көрсету әлі жалғасып жатыр. Оған облыстағы кәсіпкерлер, ауылдағы ағайындар, әскери сала қызметкерлері, этнос өкілдері, еріктілер көп үлес қосуда. Бүгін сол қатарды Алакөл ауданы, Қамысқала ауылының азаматтары толықтырды. Олар 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында өз еріктерімен қаржы жинап, 2 млн. теңгеден астам құнға ие тұрмыстық бұйымдарды су тасқыны орын алған аймақтарға жөнелтті.


«Кемедегінің жаны бір» дегендей, Қамысқала ауылы Алакөлдің жағасына орналасқан шағын ауыл. Бүгінде 840 тұрғыны бар елді мекеннің өткен тарихында көл суының көтерілуінен талай зардап шеккені бар. Солтүстікте су тасқыны орын алғанда ауыл азаматтарының жүрегі сыздап, көңілі алағызғаны анық. Сондықтан олар көктемгі науқан кезіндегі қарбалас жұмыстарын атқара жүріп, алыстағы ағайынға көмектесуді қолға алыпты.

- «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп тілейтін елдің ұрпағымыз. Батыстағы ағайындар қиналып жатқанын көргенде ауыл азаматтары тыныш отыра алмадық. Өйткені, көл жағалап өскендіктен қызыл судан келетін қыйындықты бала жасымыздан көріп өстік. Бүгінде ауылда тұрып жатқан, нәсіп қуып, басқа өңірге қоныс аударған қасымқалалық азаматтар ақылдаса келе қаржы жинап, су тасқынына ұшыраған аймақтағы ағайындарға көмек болсын дейтін ниетпен осы істі қолға алдық, – дейді Қамысқала ауылының тұрғыны Қайрат Түндебаев.

Осыған дейін де қаржылай қолдау көрсетіп келген қамысқалалықтар бұл ретте материалдық көмек беруді шешіпті.

 – Қамысқалалық азаматтар жинаған қаржыға 100 адамға лайықталған көрпе-жастық, төсеніш, беторамал, кір жуатын ұнтақ, жуынуға арналған құралдар, басқа да гигиеналық заттар мен 100 балаға жететін  керек-жарақ толық сатып алынды, – дейді Қамысқала ауылының әкімі Асқар Бүтіншінов.

Жалпы, су тасқыны орын алған кезден жетісулық азаматтар ұсынған материалдық көмект жинап, тиісті жеріне жөнелтуге байланысты екі орын дайындалды. Ол Талдықорған қаласындағы Қонаев көшесінің №47 мекенжайы мен Достық үйі ғимаратына орналасты.

 – Бір айдан бері апат болған аймаққа  Қонаев көшесі, №47 мекенжайынан тонналап, «КамАЗ» көлігімен гуманитарлық көмек жөнелттік. Екінші нүктеден де сондай дүние аттанды. Жалпы, апат болған аймаққа көмектесуде жетісулықтар көш бастап тұр деуге болады, – дейді  облыстық жастар басқармасы басшысының орынбасары Арнай Байжурынов.

 Ағайындар жіберген заттарды түсіріп, қоймаға жинау, есепке алу, жіберілетін мекенжайын анықтап, қайтадан көліктерге тиеп жөнелту жұмысын қаладағы белсенді жастар күндіз-түні ерікті түрде атқарып жүр.  «Көп түкірсе көл болады» деген осы.

Қажет АНДАС