Бүгін – Халықаралық музей күні

Уақыты: 18.05.2023
Оқылды: 1271
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлемдік өркениетке қол жеткізген мемлекеттің баршасы ғасырдан-ғасырға жеткен мұрасын ұқыптап ұстап, болашаққа аманат ету мақсатында аса қастерлі сезіммен мирасына мейлінше көп көңіл бөледі. Бір ғана Италияның Рим қаласындағы көнеден жеткен күмбездер мен сәулетті құрылыстар, ареналар мен ескерткіштер ықылымнан сыр шертіп, бүгінгі халқының рухани өміріне ерекше әсер етуде. Бұл тұрғыдан алғанда әрбір музейдің адам, халық өмірінен алар орны ерек екенін байқауға болады.

Замана тезіне байыппен барлау жасасақ, түбі бір түркі халықтарының өркениет төріне бағзыда шыққанын бағдарлаймыз. Қаламгер қауымның уәжі мен зерлеген сөзіне сенсек, әлемге жабайы жылқы үйретіп, киіз үй, арба сынды дүниелер жасап өркениет таратқан текті бабаларымыз екен. Ал сол кеудесі кенді бабаларымыздың балбал тасынан бастап бишігіне дейін, бұйым-заты, ғасырлар жылнамасында атауы ауысқанымен болмысы, тұрқы өзгермеген қағанаттар мен рулардың, тайпалық дәуірдің сынық сүйеміндей сарқыншағы мирас болып бізге жетті. Оны құндақтай қастерлеп ұстап, әр жәдігерді төрінде жарқыратқан музейлерді – рухтың, руханияттың ордасы десек, асылық пайым емес-ті.

Бүгінде Жетісу облысы бойынша 12 музей жұмыс істеп тұр. Облыс орталығындағы    М. Тынышбайұлы атындағы  тарихи-өлкетану музейіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел», Сарқан ауданының тарихи, «Жауынгерлік Даңқ», «Жаркент мешіті»,  Лепсі тарихи,  Ілияс Жансүгіров,  М. Төлебаев, Ақын Сара атындағы мемориалды, әдеби, тарихи-өлкетану музейлері  аймақтың ғана емес, алып Қазақстанның мәдениетін, өткенін танытатын жәдігерлерді сақтауда.

Халықаралық музей күні қарсаңында облыстық музейге арнайы барып, ондағы жәдігерлермен қайталай танысып қайттық. Елдің рухын асқақтататын, ұрпаққа ұлылар көшіндегі құндылықтарды дәріптейтін, кешегі мен бүгінді салмақтауға негіз болатын жәдігерлер топтасқан рухани орданың жұмысымен қаламдас бауырымыз, ақын, аталмыш музей қызметкері Қалқаман Әбдірахман таныстырып шықты. Қазақтың киелі мекенінде тіршілік ететін аң-құстан бастап ұлылардың бұйымына дейін сақталған, кешегі соғыс жылдарында, арғы-бергі ғасырда пайдаланған қару-жарақ, қалқан-сойылдар, Жамбыл Жабаев, Нұрмолда Алдабергенов сынды тарихи тұлғалар тұтынған заттар да музейде көзге жылы ұшырады. Мұның әрқайсысына жеке тоқталған  Қ. Әбдірахман бір сөзінде музейдің биылғы жылдың алғашқы тоқсанында атқарған жұмысын баяндап, музей қорына жалпы саны 106 маңызы бар зат қабылданғанын жеткізді. Ал негізінен, облыс бойынша музей қорларындағы экспонаттардың жалпы саны 47699-ға жеткен.

Ұлы мұраларымыз сақталған музейдегі құнды жәдігерлер қорында «Красный октябрь» маркалы пианино барын атап өткіміз келеді. Аталмыш күйсандықты заманында ұлы композитор Мұқан Төлебаев қолданыпты. Классикалық музыканың атасы саналып жүрген ол атақты «Біржан-Сара» операсының алғашқы ноталарын осынау аспаппен мөрлеген екен. Сол секілді, сонау ХVІІІ ғасырдан бізге жеткен дулыға да музейдегі құнды жәдігерлердің бірі. Аталмыш дулығаны заманында Балпық би Дербісәліұлы шайқастарға киіпті. Биіктігі 27, диаметрі 59 сантиметр болатын бұл жәдігерді Балпық Дербісәліұлының ұрпағы Мұратбек Нүсіпбеков музейге өткізіпті. Міне, осындау ғажайып дүниелерден сыр шертетін облысымыздағы музейлер тағылымның, руханияттың ордасы екені сөзсіз. Сондықтан да әрбір жетісулық, жас ұрпақ тағылымнан тамыр тартып, өнеге шашқан ордаға барып тұруы, құндылықтармен таныс болуы қажет-ақ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суреттерді түсірген Руслан ҚАДЫРОВ