ДЕНСАУЛЫҚ КҮТІМГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Уақыты: 11.03.2024
Оқылды: 316
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сіз дұрыс тамақтану жайлы ойланасыз ба? Иә, ойланасыз, аяқастынан жүдегенде, шамадан тыс толысып бара жатқанда немесе асқазан сыр бергенде. Кей жағдайда дәрігердің кеңесінен кейін.  Бұл кезде кеш болуы мүмкін. Сондықтан дұрыс тамақтануға барынша көңіл бөлген жөн. Атам қазақ «Ауру – астан»  дегенде дұрыс тамақтанудың денсаулықты сақтаудағы маңызын меңзеген.  Саламатты  өмір салтын қалыптастыруда  тамақтанудың рөлі зор. Адам тамақты бей-берекет жей бермей,  ағзасына қажетті  азық-түлікті пайдаланғаны жөн. Өкінішке қарай, тұрғындардың басым бөлігі тамақты дәмді немесе дәмсіз деп  бағалайды.  Алайда,  ағзаға макро және микроэлементтерге  бай тағам пайдалы.  


Кейбіреулер тамақтануды тек қарын тойдыру деп түсінеді. Олардың пайдалы азық-түлікті тұтынуға көшуі кәдімгідей қиындық тудырады. Көбінесе адамдар ас-суды жеңілдетуді  ұннан жасалған тамақтан бас тарту деп ойлайды.  Немесе бірден ашығуға көшеді. Көп жағдайда жанындағылардың кеңесімен көк шай іше бастайды. Есте сақтайтын тағы бір жайт, көк шай қан қысымын төмендетіп жібереді. Осылайша, «жаңаша» тамақтанудың соңы асқазан ауруына әкеліп соғуы мүмкін.  

Диета  ұстасаң сымбатты боласың деп ойлайтындар да бар.  Бірақ, диета сақтауды бірден тастап кетсең тез салмақ жинап, бастапқы қалпыңа қайта келетінді де естен шығармаған абзал. Оны да ескеру керек.  Ағзаны қалыпты ұстап, денсаулықты күтудің бірден-бір жолы – дәрумені мол тамақ ішу. Мәселен, жеміс, көкөніс тағамның төресі. Олар иммунитетті жақсы көтереді. Ал иммунитеті мықты адам ауруға көп шалдықпайды. Адам   бір тәулікте әралуан  тағам тұтынуға дағдылану керек.

Алдымен ағзаны  бір мезгілде әлденуге бейімдеу  дұрыс.   Яғни, ас ішуді  бір  жүйеге келтіріп,  тәулігіне әлсін-әлсін  5-6 рет тамақтанған жөн. Бірақ, жиі ас ішуді  асқазанды нығыздап алу деп түсінбеңіз. Шектен тыс тою да зиян. Тағы бір есте сақтайтын жайт, тұтынатын тағамның 40-45 пайызы  көкөніс пен жеміс-жидекті құрауы тиіс. Наннан, ұннан жасалған өнімдерден біржолата бас тартуға болмайды. Тек, оның көлемін азайтсаңыз болғаны. Майлылығы төмен сүт өнімдерін және табиғи йогуртты жиі пайдаланыңыз. Ет, балық, тауық етін сатып алғанда өте майлысына жоламаңыз. Тамақты буға пісіріп жеген абзал. Қуырылған асқа қарағанда буға пісірілген тағамның  дәрумені жақсы сақталады. Әрі асқазан тез  қорытады. Тамақтан соң минералды немесе табиғи су, бар болса шырын ішкен дұрыс. Қан қысымыңыз төмен болмаса көк шай ішкеніңіз жөн. Кофе, какао дегенді жиі пайдаланбаңыз. Денсаулықты бұзғыңыз  келмесе ішімдік пен темекіден біржолата бас тартыңыз.

Дұрыс тамақтанудағы басты мақсат –  ас қорыту жүйесі мен зат алмасуды қалпына келтіру. Бұған дейін асқазанға зор салмақ түссе енді соны ретке келтіруге тура келеді. Нәтижесінде ас қорыту жеңілдейді.  Тамақтану рационының негізгі бөлігі таңертеңгі және күндізгі уақытқа  түсу керек. Таңертеңгі ас – орташа, күндізгі ас – толыққанды, ал кешкі ас – жеңілдеу болғаны жөн. Кешкі сағат жетіден соң желінген тағам ағзаға сіңіп үлгермейді. Соның салдарынан денеде майлы шөгінділер қалыптасады. Тамақ ішер алдында міндетті түрде бір стақан су ішуді әдетке айналдырған дұрыс.  Тамақты баяу, әбден шайнап жеу керек. Себебі, асқазанның толғаны шамамен 10-15 минуттан соң барып білінеді. Егер шектен тыс артық тамақ ішсеңіз асқазан қорыта алмайды. Соның салдарынан демалысыңыз қиындайды. 

Ересек адам тәулігіне 80-100 гр. ақуыз, 400-500 гр. көмірсу, 80-100 гр. май, 12 гр.  дәрумен, барлығы 20 түрлі микроэлемент тұтыну керек. Ал, балалардың тамақтану рационы үлкендермен салыстырғанда өзгеше. Ересектер тамақтанғанда күш-қуат жинайды. Ал балаларға тағам өсіп, дамып, иммунитетінің қалыптасуы үшін қажет.  Балаға тәттіні мөлшерден тыс артық  беруге болмайды.  Қазіргі таңда чипсы, шоколад, қытырлақтарды көп жегендіктен гастрит, асқазан, панкреатит, токішек және тікішек аурулары көптеп белең алуда. Ата-ананың қадағаламауынан және салғырттық салдарынан балалар осы тағамдарды жиі тұтынады.  Жеткіншек  дәруменге бай тағамды көбірек жегені  дұрыс.  Мысалы, табиғи шырын,  жеміс-жидек, көкөніс  және балғын етпен тамақтанса денесі тез жетіледі.

Саламатты өмір салтын қалыптастыру  дұрыс тамақтанумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар,  спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден бас тарту да  денсаулықтың кепілі.    Облыс бойынша темекі шегетіндердің саны 11,75 пайыз, ал ішімдікті мөлшерден тыс пайдаланатындар – 1,32 пайызды құрайды. Көп жағдайда  адамның денсаулығы өзіне байланысты. Әлемдік медицина қызметкерлерінің  сөзіне сүйенсек, денсаулықтың 20 пайызы ғана дәрігерлердің қолында. Ал қалғаны күтімге байланысты. Күн тәртібін дұрыс сақтап, уақытымен тынығу да ағзаның күш-қуатын сақтайды. 

Жанна АБДАЛИЕВА,
 облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану нысандарын бақылау бөлімінің басшысы