ҰЛЫЛАРДЫ ҮЛГЕ ЕТКЕН

Уақыты: 18.04.2024
Оқылды: 327
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Өзім кешкен мұхит пен асау өмір арнасындағы ағысымнан ұзақ жыл сый күтіп қалдым. Толықтай ала алмадым. Оның негізгі бір себебін ұстаздың алдын көре алмауымнан деп болжаймын». Дәл осы сарындағы әйгілі жазушы Джек Лондонның естелігін оқыған шақта ой-омартама тұнған балдың кермек татығанын аңдаған едім. Неге? Өйткені адам өмірде бақытты толыққанды игере алмайтынын 19 жасында өзі талаптанып әріп таныған, жазушылыққа ұстаз тәлімін көрмей әуестенген Лондонның әлгі бір лепесі айшықтап, анықтап берді. Шындығында адамзаттың бірі әке тәлімін көре алмайды, бірі шешеден ерте қалады, ал ендігі бірі аға-бауырсыз, жал-құйрықсыз тірлік кешеді екен. Мұның бәрі өмірде адамның алар сыйының салмағын кемітіп жіберетін көрінеді.


Қуанарлығы, әлем классигінің пұшаймандығынан біз ада өстік. Мектеп көрдік, ұстаз алдынан өттік. Небір ғұламаларды, ақын-жазушыларды көкірек сандығына қаттап бастырған оқымысты ағайлардың тәлімінен тағылым тарқаттық. Солардың қатарында университетте жетекшіміз болған, «Ілияс ізбасарлары» әдеби бірлестігінде Бес арыс, Үш бәйтерек, Мұқағали, Жұмекендерден тартып бүгінгі қазақ поэзиясына дейінгі аралықта дәріс оқыған, қаламымызға қуат берген, жанымызға шабыт құйған Дүйсен Аңсабаев ұстазымыздың орны ерекше.

Бүгінде жетпіс жастың желкенін керген Дүйсен Сандыбайұлы қашанда қара өлеңге жаны ғашық, шайырлардың жырына тұнған сырды, жазушылар шығармасына сіңген шындықты көріп қана қоймай оны шәкірттеріне лайықты түрде үйрете білген парасаты мен пайымы, тағылымы мен танымы бөлек ұстаз бола білді. Бойы-сойы шанақты болса да кісілігі алабөтен терең, қамқорлығы қорғандай, жомарттығы қормалдай жан.

Иә, адам баласының кісілігі мен кішілігі туған жердің тұмса табиғатынан тамыр тартатын болса керек. Киелі Күреңбел өңіріндегі Қоянкөз аталатын ғажайып елді мекенде от жүрегін тулата өмірге келген ұстазымыз Дүйсен Сандыбай-ұлы 1971 жылы Амангелді орта мектебін бітіріп, Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Әдебиетке жаны құштар оның балғын жасынан ізденгені университет қабырғасында қадірін арттырып, адамдығын алқалап биік көрсетсе, оқу бітіргеннен кейін де маман ретінде тәлейінің жануына сол ізденімпаздығы шырағдан болды. Ол ұзақ жыл мектепте мұғалім, аудандық білім бөлімінде әдіскер ретінде шыңдалды. Осылайша алақандай ауданнан облыс орталығына ауысып, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде ұлағат иесі ретінде жас ұрпаққа тәлім дарытты.

«Әр ұстаздың жас ұрпаққа білім беруде ұстанар өз қағидасы, өз әдісі бар. Шәкірттің жүрегіне жол табу – ұлы өнер. Әр студенттің мінезін біліп оған бейімделу, салмақтымен де, әзілқоймен де бірдей болу, саясаткер сияқты түрлене білу, мұның бәрі ұстаз үшін өте маңызды. Өмір үшін қажеті зор бұл өнерді меңгеруге көп білім қажет. Дүйсен Сандыбайұлы осы өнерді шебер игерген. Дәрістегі әр тақырып өмірмен астасып, онымен байланыстырыла сипатталатын», – дейді шәкірті Гүлім Чукенаева апайымыз. Расында Дүйсен ағай әрбір шәкірттің ғана емес, көлденең кезіккен «көкаттының» да тілін таба білетін, кеуде өрісін мақпал мінезбен манаттаған, жамандықты жаратпаған, жақсылыққа жарақтанған жан. Ол да Абай салған сара жолмен жас ұрпаққа жиі сын айтатын. Біздің курсқа кураторлық еткен ағай жиі шүйлігіп кеп: «Оқымайсыңдар. Әдебиеттің балын таңдайға татпайсыңдар, сөйте тұра кәкің-шүкіңді жыр етесіңдер. Журналист болам дейсіңдер», – деп салдырлаған самырсындай оғаш, зор дауысымен сыбап алатын. Поэзияның дара шыңы болған Мұқағалидың «Ақын болсаң, қарағым, алысқа аттан, күнделікті тірлікке бой суытпа» деген жыр жолдарын көзге шұқып көрсеткендей әрі осы бір тармақтарды өмірлік мақсатымызға айналдырғысы келген ұстазымыз университетте аға оқытушы, филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Ұлағат иесінің өмір жолына аз-кем тоқталсақ, 2000 жылдан бері бірқатар жетістікке жеткенін, маңдай терін шүмектете төккенін байқаймыз. Мәселен, 2001 жылы «Өлеңім – өмірбаяным» атты жыр жинағы жарық көрсе, одан кейінгі кезеңдерде «Орта мектептің 5-9-сыныптарында лирикалық шығармаларды оқыту» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, «Жетісу жырлайды», «Толғауы тоқсан туған тіл» атты аймақтағы ақындардың антологиясын, «Орта мектепте лирикалық шығармаларды оқыту», «Шығыс әдебиеті» оқулықтарын  жарыққа шығарды. Ал 2009 жылы доцент ғылыми атағына ие болды. Қара шаңыраққа деген құрметі ғой,  ЖУ-дің Әнұранын жазды. Осылайша ғылыми, әдеби, ұстаздық жолда еселі еңбек еткен кейіпкеріміз «Жүректегі жазулар», «Қызылжардың қыраны», «Талантқа тағзым», «Балаларға базарлық», «Кием менің Күреңбелім» атты жыр жинақтарды да әдебиетке олжа етіп ұсынды.

«Астындағы атын жиі айырбастап, ауыстырып, жақсы ат көрсе жанын беретін ата-бабаларынан қалған қазақы қасиетті жаңғыртып, «пирожковозын» жигулиге, жигулиін иномаркаға ауыстырса ұтатын ұтымдылығы, үй айырбастаса алданып қалатын аңғалдығы да бар. Футбол ойнаса зуылдап, баскетбол ойнаса бұлтылдап, қарсы жақтың қақпасының алдын алатопыр жасайтын, волейбол ойнаса сұңғақтарды сан соқтырып кететін әдіс-тәсілі де мол спортшы болып шықты», – деп әріптесі, біздің тағы бір ұлағат тұтқан ұстазымыз Сайлау Қожағұлов айтқандай, Дүйсен ағай шын мәнінде тірліктегі құндылықтың бәрін мансұқтай білген, әр салада өзіндік алашағы бар азамат. Ол өзі туған өңірдің құрметіне бөленіп, ардақты азаматына айнала білді. «Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді. Қазақстан  Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Білім мен ғылым жолындағы еңбегін де лайықты мойындата алды. Нәтижесінде 2012 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, 2014 жылы. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Құрметті  профессоры» ғылыми атағына ие болды.

Тірлікте қарапайымдылықтың шекпенін жамылып жүріп-ақ артына өшпес мұра қалдырып, соны сүрлеу-сүрдек салатындар болады. Біз сөз етіп отырған Дүйсен ағай сондайлардың сойынан.  Қарапайым қағида ұстанған даналардай тоғжарау күйде тірлік кешкен ұстазымыз әке, асқар тау ата ретінде де отбасына шарапатын шашқан жан. Немере, шөбере сүйіп отыр. Ал сақи сорабындағы сарқылмайтын өнегесін шәкірттеріне шашқаны – қазақ әдебиетіне олжа салғаны деп білеміз. Өзі жетекшілік еткен «Ілияс ізбасарлары» әдеби бірлестіктен бірқатар ақын-жазушы шығып, бүгінде ел аузына ілікті. Жыр бәйгелерінде жасындай жарқыраған олардың шығармашылығындағы кейбір жарқын із ұстазымыздың ізгілігінен бастау алатынын іштей мойындаймыз. Ендеше, Джек Лондон айтқан асау өмір арнасында сыйын ала білген, өз ағысын қалыптастырған ұстазымызға ғазиз жүрегіңіз ғасыр жасқа дейін тынбай соқсын дегіміз келеді. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ