Бордақылаудың бабын біледі

Уақыты: 01.09.2016
Оқылды: 2152
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазір қай өңірге барсаңыз да ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының саны артып, өркенді істердің молая түскенін байқай­сыз. Себебі, ауыл жұртшылығы мал өсіріп, егін егудің тәуір табыс көзі екенін ұғына бас­тады. Жұмыстың жан­дануына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау­лардың да көп көмегі тиіп жатыр. Осының бәрі азаматтардың іске деген құлшынысын оятып, еңбекке баулуда. Аталған саланың мол мүмкін­діктерін өз дең­гейінде пайдалану кәсіпкерліктің көкжиегін өрістетіп, кең қанат жайдыруда.

Елбасы облысқа келген іссапарында ауыл­шаруа­шылы­ғы, әсіресе мал шаруашылығы саласына айрықша мән беру қажеттігін қадап айтқан бола­тын. Жолдауларында да аграр­лық секторда етті мал шаруа­шылығын дамытуға баса мән беріп, саланы аяқтан тұр­ғызу­дың басым міндеттерін айқын­дап берді. Өйткені, елдің азық-түлік қауіпсіздігі, жеңіл өнер­кәсіптің дамуы осы саламен тығыз байланысты. Сон­дық­тан, мал шаруашылығы өнімін өндіруде бәсекелестік қабі­летті күшейту заман талабына айналуда. Мал өнімдерімен ішкі сұранысты қамтамасыз етуде түлік санын көбейтіп қана қоймай, қолдағысының сапасын арттырудың да маңы­зы зор. Осы ретте Балқаш ауданында да атқарылып жат­қан іргелі істер аз емес. Мем­лекеттік бағдарламалардың орындалуы да ойдағыдай.

Бүгінгі күнде өңірде «Сы­баға» бағдарламасы аясында екі жүзден аса ірі қара, «Ал­тын асық» бағдарламасы шең­берінде бес жүзге жуық ұсақ мал, «Құлан» бағдарламасы бойынша қырық сегіз бас жыл­қы сатып алынған. Ақжар ауылдық округіне қарасты «Жақсылық» шаруа қожалығы алты ай ішінде Қырғызстан еліне 80 тонна сиыр етін экс­порт­тапты. Ал Миялы ауылы аумағындағы «Динара Ранч» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі бес мың басқа арналған ірі қара малын бордақылау ке­ше­ніне қажет мал азығын дай­ын­дап, жұмыстар жүр­гізу­де. Дәл осындай іспен Ақдала окру­гіне қарасты «Өтес­Био­Азия» жауапкершілігі шек­теулі серік­тестігі де айна­лысады. Біз бор­да­­қылаудың бабын келістіріп отырған осы серік­тес­тіктің жұ­мысымен та­ны­су үшін арнайы ат басын бұр­дық.

Көп уақыт өтпей діттеген жер­ге де келіп жеттік. Бір мезет бордақылау алаңына назар са­лып, қайнап жатқан тірлікті байқадық. Дамыған инфра­құры­лымы бар кешен ауыл шетінін орын теуіпті. Атшаптырым ау­мақ­ты алып жатқан бұл орында ірі қараның алаңсыз азықтанып, семіруі үшін барлық жағдайдың қарастырылғаны көрініп тұр. Малға деп дайындалған шөп де тау-тау болып үйіліп жатыр. Ауылшаруашылығына қажет техникалар да сол маңнан табы­лады. Басым бөлігі жаңа. Біз барған сәтте бордақыланып жатқан ірі қараны мерзімінен кешіктірмей азықтандыруды ойлаған күтіп-баптаушылар на­уа­ға шөп салып, мал тұратын орынды тазалап жатты. Жұмыс жөніндегі негізгі әңгіменің тиегі де сол жерде ағытылды. Бұл туралы шаруашылықтың атқа­рушы директоры Марс Дәулет­баев айтып берді.

Серіктестіктің мал бор­дақы­лау ісімен айналысқандарына бес жыл уақыт болыпты. Малға қажет азық негізінен өздерінде дайындалады, оған дәрумендер қосылады. Жаңа заман тала­бына сай салынған кешенде қазір үш мыңға жуық ірі қара бағылуда. Соның ішінде мың басы интенсивті бордақылауға алынған. Яғни, олар бір жерде байланып, азықтанады. Мұндай малдың күш-қуаты бойында сақталып, тез ет алады. Сөйтіп, бір ай бойы семіртіліп, салмағы 200 келіден асқанда союға әзір болады. Дәл осы әдіс арқылы байланған мал еті дәмді әрі жоғары салмақ тартатын көрі­неді. Бұдан соң мал соятын арнайы орындарға жеткізіліп, сол жерде бауыздалады. Осы­лайша дайын өнім қажетті жер­лерге жөнелтіледі. Қазіргі кезде мұндай өнімге деген сұраныс аз емес көрінеді. Әсіресе, Алматы қаласының тұрғындарынан тап­­­сырыс көп түседі екен.

Марс Қасымбекұлының ай­ту­ынша, кешен бес мың басқа арналған. Десек те, бұл ке­шен­нің он мың басқа дейін ірі қара ұстауға мүмкіндігі бар кө­рінеді. Болашақта бұл жерде осын­шама мал басы бағылмақ. Осы­ған байланысты қазір да­йын­­дық жұмыстары жүр­гізі­луде.

Шаруаның жандануына Үкі­­­мет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың көп кө­мегі тиген. Серіктестікте бар­лығы елуге жуық әртүрлі тех­ника бар. Соның ішінде лизинг арқылы алынғандары да жетер­лік. Сондай-ақ, шар­уашылық мал басын асыл­дан­дыруға да баса мән берген. Осы ретте «Қазақтың Ақбас сиы­ры», «Ан­гус» секілді тұқымы асыл ірі қара мал басы ба­ғы­луда.

Айгүл Байбосынова

Ақдала ауылы,

Балқаш ауданы.