СЫН САҒАТТАН БІРЕР СӘТ

Уақыты: 25.06.2018
Оқылды: 1259
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Күні кеше соңғы қоңыраудың сыңғырын естіген түлектер он бір жылдық білімін сарапқа салып, ҰБТ тапсырып жатыр. Талдықорған қаласы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ауласындағы қарбалас осының бірден-бір көрінісі. Ата-аналар мен жас түлектің көңіл толқынысын байқау мақсатында біз де университет алаңына барып қайттық.

 

    Күн көзі төбеден төніп тұр. Адамның көптігіне байланысты көлеңке тұстарда ине шаншар орын жоқ. Еркін ауылы Е. Берліқожаұлы атындағы № 11 орта мектебінің түлегі, немересі Темірлан Омарбектің шығуын күтіп есікке телмірген әжей Айтжан Омарбекова әрбір кіріп-шыққан жаннан көз алмайды. «Немеремнің тілеуін тілеп келдік. Қатты алаңдау үстіндеміз. Ештеңеден қорықпауын әрдайым есіне салдық. Қазақ күресінен талай додадан жүлдемен оралған ұлымыз спорт шеберіне үміткер. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының иесі атанбақшы», – деп ағынан жарылды. Өзге тест тапсырушыларға тілектестік танытты. Көксу ауданы, Балпық би кенті М. Құрманов атындағы № 2 орта мектептің түлегі Мадина Сихымбаеваның апасы Рахымжамал Сихымбаева да немересін тапжылмай күтіп отыр. Келешекте денсаулық саласында қызмет етіп, көз дәрігері болғысы келген жас түлектің жақындарына сәттілік тілеп, құлыптаулы тұрған қоршауды ашқызып, ішке ендік.
   Әне-міне дегенше бірінші болып тестті аяқтаған жастар сыртқа беттеді. Көксу ауданы, Балпық би кенті М. Құрманов атындағы № 2 орта мектепті бітіруші Арманбек Амантай:
   «Инженер» мамандығына түсу үшін физика-математика пәнін таңдадым. Сұрақтардың бірталайы ауысыпты. Ойдағыдай тапсырдым, ата-анамның үмітін ақтадым деп ойлаймын, – деп тесттен шыққан соң жеңілдегенін жеткізді. Ал Көксу ауданы, Мұқыры ауылындағы Қ. Жапсарбаев атындағы орта мектептің түлегі Сарқыт Сануар болса, ағылшын-дүниежүзі тарихы пәнін таңдап, аудармашылыққа бет бұрғанын баяндады.
   Тесттен шыққан бойда қоршау сыртындағы қауым балаларын құшып, көңілін аулауда. Кейбіреуі көз жастарына ерік беріп, қысқан құшағынан босата қоймайтын сыңай танытады. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсырып, үлкен өмірге қадам басқан әрбір түлекке ақ жол тіледік!

Облыс бойынша 17 069 түлек болса, оның 11 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниетті. 800-ден астам «Алтын белгі» және 500-ден астамы ерекше үлгiдегi аттестат иегері. 5 күн аралықта, яғни, 20-25 маусым күндері 15 ҰБТ өткізу пункттерінде бақтарын сынайды. Биылғы жылдың ерекшелігі – тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылған. Өткен жылы бакалавриатқа 37 932 грант бөлінсе, биыл  оның саны 53 594-ке көтерілді.

 

Мәулен ӘНЕРБАЙ.