Ұлттық бренд ұлықталмақ

Уақыты: 25.09.2018
Оқылды: 1189
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша аймақтық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыста «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы мен «Made in Kazakhstan» ұлттық брендін дамыту жолдары туралы басқарма басшылары мен кәсіпкерлер пікір алмасты.

Жиында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Арман Ақсубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері 150 кәсіпкерге онлайн қызмет көрсетілген. 7,2 млрд. теңгеге 364 бизнес жоспар әзірленген.
– «Бизнес кеңесші» жоспары бойынша (екі күндік курс) 623 адам оқытылған. 800 адамды оқыту жоспары 77,8 пайызға орындалды. 2018 жылдың 8 айында 12 781 адамға 15 092 қызмет көрсетілді. Жоспардағы 19 065 қызмет 79 пайызға атқарылды, – деді бөлім басшысы. 
Ұлттық брендті дамыту жөнінде сөз қозғаған облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әсет Шаяхметов: «Made in Kazakhstan» ұлттық брендін қалыптастыру жөніндегі жаңа жоба мемлекет қолдауымен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ықпал етуімен жүргізілмек. Соңғы жылдары әлемде көкөніс, жеміс-жидек, ет пен сүт өнімдеріне сұраныс көбейіп келеді. Олардың табиғи таза өнім болып, ешқандай химиялық қоспасыз жасалуына да назар аударылуда. Қазақстанға ұлттық брендпен осындай сапалы өнімдерді шығарып, әлемдік нарықта өзінің лайықты орнын алуына мүмкіндік жетерлік. Тек соны дұрыс үйлестіріп, пайдалана алса болғаны», – деді. Басқосуда кәсіпкерлер  ойларын ортаға салып, толғандырып жүрген сауалдарына жауап алысты.
Жиын соңында кәсіпкерлерге несие алуда кедергілердің көбі екінші деңгейлі банктермен жұмыс істеу барысында туындайтыны жайлы айтылып, келесі кездесуде барлық банк басшыларын кеңес отырысына шақыру туралы ұсыныс берілді.

Мәулен Әнербай,
“Жетісу”