Саннан сапаға өтті

Уақыты: 05.10.2018
Оқылды: 975
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қарасай ауданындағы жер және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты негізінде құрылған «Қаскелең агропаркі» «Егінжай күні – 2018» мерекесін атап өтті. Ел арасында «Сабантой» аталып кеткен бұл шараға облыс пен аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, тыңайтқыштар мен тұқымның жаңа сұрпын өндіретін, түрлі техника мен ауылшаруашылығы жабдығын шығаратын және оған қызмет көрсететін фирмалардың өкілдері, фермерлер мен кәсіпкерлер және агроөнеркәсіп саласын қаржыландырып жүрген инвесторлар қатысты.

Басқосуда жасалынған жұмыс пен алдағы атқарылар шаралар жайлы сөз болып, тыңайтқыштар мен тұқым өндіретін компаниялар үшін сауда алаңы ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Илад АГРО», «Экорост», «КосАгроммерц», «Агромарт», «А.S.K Technik», «Swiss Grow» сияқты танымал ұжымдар өз өнімін жақсы насихаттап жатты. Сонымен қатар, осы жерде фермерлер бал, шұжық және ет өнімін, жеміс-жидек саудасын қыздырды.
Алқалы басқосудың салтанатты жиынын «Қаскелең агропаркі» жобасының жетекшісі, Ж. Жиембаев атындағы өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Абай Сағитов құттықтау сөзбен ашып, еліміздегі агропарк құрылымының ашылу тарихына тоқталды. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары алдымен Талғар ауданындағы «Байсерке Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізінде жүргізіліп, жаңа технология мен асыл тұқымды пайдалану арқылы жоғары өнім алу жолдары сарапқа салыныпты. Соның нәтижелері ескеріліп, биылғы қаңтар айында бес институттың күш біріктіруі арқылы және ҚР Ауылшаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен «Қаскелең Агро» деп аталатын консорциумды қалыптастыру жұмысы басталған.
Бүгінде жасалған жұмыс пен төгілген тер өз нәтижесін берді деп сеніммен айтуға болады. Себебі, өңірлерді өзге егінжай алқаптарымен салыстыруға да болмайды. Олай дейтініміз агропарктің қарауындағы алқаптың әр гектарынан күздік бидай 40 центнерден, күздік арпа 51 центнерден өнім берген. Осындай агропарктер болашақта Талдықорған, Жаркент, Шелек өңірінде де жұмыс жасайтын болады. Өз тиімділігін дәлелдеген агропарк құрылымын Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында да ашу жоспарда бар.
Абай Оразұлының айтуынша, еліміздегі көптеген шаруашылық ескіше жұмыс жасауын жалғастырып, алынуы тиіс өнімнің 25 пайызымен қанағаттанып келеді. Осы орайда агропарк қызметкерлері өздері жинақтаған тәжірибемен бөлісіп, жаңа агротехнологияларды пайдалану арқылы алқап шығымдылығын жоқ дегенде 60 пайызға арттыруды ұсынады. Осылайша еліміздің бір кездердегі астықты өлке деген даңқын қайтаруға мүмкіндік бар.
Жиын барысында «Social Farm», «Kcell», «Экорост» және басқа да әріптес компаниялардың өкілдері азық-түлік молшылығын қалыптастыру жөнінде ой бөлісті. Атап айтқанда, ресейлік «Экорост» компаниясы Рязань қаласының маңында орналасқан мещерлік торф өндірісінің негізінде жасалынған тыңайтқыштардың артықшылығын, ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Асқар Рзалиев өздерінде жасалатын жерді өңдеуге арналған құрылғылардың артықшылығын баяндады. Келер жылдан бастап тұқым себуді жаңа технология бойынша атқаратын сеялка пайдалануға беріледі екен. Өзге де әріптес компаниялар ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізетін жаңа техникалар жайлы ойын ортаға салды.
Алқалы басқосу барысында түрлі дақылды өсірудің заманауи технологиялары, оларды зиянкестерден қорғау, суару, ең соңы жинау жұмысына дейін атқарылатын шаралардың тұсаукесері өткізілді. Адамдардың басқаруынсыз, өздігінен жұмыс жасай алатын жаңа «John Deere» комбайнының азықтық жүгері мен сояны ору жұмысы көрсетіліп, өзге де ақылды техниканың мүмкіндіктері жиналған жұртшылық назарына ұсынылды. Семинар барысында алқаптағы астыққа күтім жасау, оның шығымдылық картасын қалыптастыру, атқарылған жұмыстың сапасын тексеру, автопилотпен астық ору немесе механизатор еңбегін пайдалану мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл жерде «John Deere» компаниясының технологиялық әріптестері өз көмегін ұсынғанын айта кету керек.
 «Егінжай күні – 2018» мерекелік шаралары жан-жақты тиімді өтті деп айтуға негіз бар. Себебі, агропарк қызметкерлері озық техника мен жерсіндірілген тұқымды пайдалану, агротехникалық шараларды қатаң сақтау арқылы алқап өнімділігін қалай арттыруға болатынын нақтылы іспен көрсетіп, қазақстандық фермерлерді жаңаша жұмыс жасауға үндеді. Алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспары бұдан да ауқымды, демек, жаңа жеңістердің ауылы да алыс бола қоймас.
Қуат Қайранбаев,
“Жетісу”

Қарасай ауданы