ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МӘЛІМДЕМЕСІ: ЕЛ ЕҢСЕСІН ТІКТЕДІ

Уақыты: 20.03.2019
Оқылды: 1000
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  ел басқарған жылдары Тәуелсіздік алып, еңсемізді тіктедік. Басқа алпауыт елдермен тереземіз теңесіп, іргелі елдердің  президенттері бізбен санасатын дәрежеге жеттік.  Қазақстанның Туын, Гимнін, Елтаңбасын жасады.   Бір сөзбен айтқанда, мемлекетіміздің абыройы артты. 

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен жеті рет  бетпе-бет отыру бақытына ие болдым.  Шешендігі мен кемеңгерлігіне, ел-жұртқа деген ерекше  құрметіне, әншілігіне куә болдым.  Еркін ауандағы бір басқосуда ішімнен бұрынғының Біржансалы да  осы кісідей болған шығар деген ой түйдім. 

Қазақ жерінің гүлденуіне орасан күш жұмсады.  Шығармашылық адамдары мен спортшыларға, қаламгерлерге жанды қолдау білдірді.  Зиялы қауыммен кездесіп, ел мен жердің жағдайына байланысты ой-пікірлерін тыңдады.   

Негізінен  ауылшаруашылығымен айналысатын мемлекетті  өнеркәсібі дамыған елге айналдыру оңай шаруа емес.Мемлекет басшысының шетелдермен достық қарым-қатынаста болғандығының арқасында кәсіпкерлікті дамытуға байланысты көптеген келісімшарттар жасалды. Көп ұзамай елге инвестиция молынан тартылды.  Тұңғыш Президентіміздің өзі айтқандай, еліміз  жаһандық экономиканың ажырамас бөлігіне айналды.Тоқсаныншы жылдары  демографияның деңгейі түсіп кетіп еді.  Елдің әл-ауқаты жақсарысымен дүниеге сәби әкелу артты.  Қазіргі таңда тұрғындар саны 19 миллионға аяқ басты. Көпбалалы аналар мен әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға ерекше көңіл бөліне бастады. Сәуірден бастап әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы өсе түспек. Осындай жанды көмектер жасала берсе әлі-ақ қара ормандай ел боламыз.  Халық Нұрсұлтан Назарбаевтың  алға қойған мақсаттарын, бағдарламаларын жүзеге асыруды ары қарай жалғастыра бермек. 

Тұңғыш Президент, Елбасымыз Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы  қызметін атқара береді.  «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі бола жүріп, елдің әлі де өркен жая беруіне атсалысатыны көпшілікті қуантты.

 

                                                        Аманғазы Шегіров,
                                                        Алматы облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері