ТАЗА ПЕЙІЛ, АҚ НИЕТ

Уақыты: 21.03.2019
Оқылды: 1297
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көктем – қыз кеп жалт-жұлт еткен жанары,
Қызыл-жасыл дүние жайнап барады.
Жаным түлеп жаңғырады жасарып,
Жаңа күнді көрдім Наурызнаманы.

Жаңбыр жауып, тамшы билеп түнімен,
Жер бусанды сөйлеп Көктем тілімен.
Боз шашымды бозала таң тарады,
Оянып ем Наурызектің үнімен.

Туған жерге қайтқан құстың сазы ұнап,
Мен отырмын Наурыз жырын жазып ап.
Жаңа жылда Қыдыр дарып, Бақ қарап,
Жаңалықпен жүздесейік жадырап.

Татуласып, құшақтасып, келісіп,
Көп көжені қалың елмен бөле ішіп.
Тәңір иіп, Ырыс, Дәулет, Құт қонып,
Қуанышпен қауышайық көрісіп.

Қазағыма бер, тәңірім, бал ғұмыр,
Баянды бақ, бейбіт тірлік, мәңгі нұр.
Жүзеге ассын Наурыз-тілек бүгінгі,
Таза пейіл, аппақ ниет, таңғы жыр!

Жомарт ИГІМАН