ЖҰМЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 16.05.2019
Оқылды: 875
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кейінгі жылдары облыс аумағындағы жолдарды жөндеу жұмысы жоғары деңгейде қолға алынды. Айталық, Алматы – Талдықорған жолының жұрттың жүгін жеңілдеткенін көріп келеміз. Бұрындары 4-5 сағатта көлікті қинап жүріп жететін аралықты бүгінде 2-3 сағатта жүріп өтеміз. Тақтайдай жол жүргіншіні де, жүргізушіні де қынжылтпайды. Өкінішке қарай, Талдықорғаннан Өскемен қаласына жол алған жүргіншілердің жетер жеріне жеткенше уайымы басылмайтын. Енді көп өтпей соның бәрі артта қалатын болды.


Биыл республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының 287 – 1073 шақырым  аралығындағы құрылыс жұмысы ресми басталды. Мұның 287 – 615 шақырымы аралығындағы 313,5 шақырымы облыстың еншісінде. Ол Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шекарасын басып өтеді. Осы аралықтағы жолдың 31,5 шақырымы 4, 282 шақырымы 2 жолақты болады. Сондай-ақ,  екінші деңгейдегі 2 жол айрығы, 21 көпір және 404 су өткізетін құбыр салынады. «Каздор- проект» ЖШС жобалаған жол құрылысын жүзеге асыруды «CITIC Construction Co, LTD» ЖШС жауапкершілігіне алса, «ГК Инжиниринг» ЖШС техникалық қадағалауға жауап береді. 

Аталған компания бүгінде жол құрылысына қауырт кірісіп кеткен. Талдықорғаннан шыға берістен бастап жер қазып, шағылтас тасып, құрылысқа қажетті басқа да материалдарды жеткізіп, сабылысып жүрген техниканы көзің шалады. Бір жерде көпір салынып жатса, екіншісі, дөңді қазып төмендетіп, тағы біреулері төгілген құм-тастарды тегістеп жүр. Таң атқаннан кеш кіргенше тынымсыз жүргізілетін жұмыс қарқыны ерекше. 

Бұл жолы Талдықорған қаласы мен Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров ауылына дейінгі жерді аралап шықтық. Жобалау құжаттарына сай Талдықорған – Өскемен күрежолының 316, 362, 473, 532, 584 шақырымына 5 құрылыс алаңы орын теуіпті. Ол жерлерге қаз-қатар үй салынып, жол құрылысына қажетті техникалар мен материал дайындайтын зауыттар орналасқан. Сонымен қатар, жұмыстың іркіліссіз жүруін бақылап отыру үшін Үшарал қаласының бұрылысында «Рубеж» бекеті, Қабанбай ауылының маңынан жол пайдалану пункті, Жансүгіров ауылы мен Үшарал қаласының маңынан жол пайдалану басқармасы құрылған. 

Ең бастысы, жол құрылысының басталғаны ауыл тұрғындарына көп көмек болды. Жұмыссыз отырған ауыл жастары жол құрылысы жұмысына тартылып, тіршілігін түзей бастады.

– Бұрындары бұл кезде қала жағалап, жұмыс іздеп кетуші едік. Енді демаларға уақыт таппай жүрміз. Ай сайынғы жалақымыз да тұрмыстық қажеттілікті шешуге жетіп жатыр. Тіпті қала жағалап, пәтер жалдап жүретін таныстарымыз қайтадан ауылға орала бастады. Ауыл өміріне де сән кірді. Күні бойы жол жұмысында болсақ, демалыс күндері үй-жайымызды реттеп, жаңаша өмірге талпынып жатырмыз, – дейді кран жүргізуші Асқар Бекенов.

Қазір қызу еңбек Талдықорғаннан шыға- беріс пен Талдықорған – Қапал жолының қиылысында, Қызылағаш пен Сағабүйен ауылының аралығындағы аумақта қарқын алған. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, олар күзге дейін жұмыстың басым бөлігін бітіріп тастауды жоспарлап отыр. 

Бұл басқа аумақтағы жұмыс жайымен жүріп жатыр дегенді білдірмейді. Талдықорғаннан Өскеменге дейін дәл осындай қарбалас қимыл орын алуда. 


Қажет АНДАС