САПАҒА МӘН БЕРУДЕ

Уақыты: 10.07.2019
Оқылды: 771
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауылшаруашылығының сүбелі бір нысанына айналған  «Алматы» өндірістік ауылшаруашылығы кооперативінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов арнайы іссапармен келді. Аталған шаруашылықтың құрылғанына биылғы күзде 90 жыл толады.


Біз ат басын бұрған шаруашылықтың №1 сүт кешеніндегі тек қана сүт бағытындағы 1500 бас шетелдік «Голштин-фриз» сиырының 940 басы сауын сиыр екен. Олардың әрбірінен тәулігіне 26,8 – 30 литрге дейін сүт сауылуда. Тәулігіне 3 рет сауылатын сиырлардың барлығынан күніге 25 тоннаға дейін сүт өндіріліп, оны «Фуд-Мастер» мен «Шин-Лайн» сүт зауыттарына өткізу жолға қойылған. «Алматы» өндірістік кооперативінің №2 сүт кешенінде ет-сүт бағытындағы мыңға жуық отандық «Алатау» асыл тұқымды сиырлары бар. Сонымен қатар, шаруашылықта 20 мың бас асыл тұқымды қой өсіріледі. Заман көшінен кем қалмай, жаңашылдыққа, озық технологияға негізделген шаруашылықтың ісі ілгерілеп, өнімділігі артып отырғанын айрықша атамақпыз. Кеңдала ауылдық округіне қарасты «Ақдала», «Еңбекші», «Ақөзек» тұрғындарының әлеуметтік жағдайына қол ұшын созып, бақташы, механизатор, сауыншы сынды жұмыстарға тартып, тұрғындардың тұрақты еңбекпен қамтылуына баса назар аударылғаны тілге тиек болды. Сөйтіп, сан емес сапаға көшкен шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігіне халық қалаулысы Серік Үмбетов қанықты. 

– Шаруашылықтың тарихы тереңнен қалыптасқан. Кеңестік кезеңде табысы тасқындаған Ленин орденді ұжымшар болған. 2016 жылы сатып алып, содан бері қайтадан дамытуға, өркендетуге күш салудамыз. Осы мақсатта шетелден «Голштин-фриз» деп аталатын сүтті бағыттағы асыл тұқымды қара ала сиырларды  алып келіп, өсірудеміз. Ол Еуропа мен ТМД елдеріне кеңінен танымал тұқым. Сүтке деген ресурсы өте мол, – деді шаруашылық жайын баяндаған «Алматы» АШӨК-нің төрағасы Айтбай Сейітов. 

Модернизациядан қайта өтіп, қалпына келтірілген сүт кешенінің сауын залы Италиядан алынған құрылғылармен жабдықталған. Сүт кешенінде адам еңбегі азайған. Бұрынғыдай топырлаған адам қарасы мүлдем көрінбейді деуге болады. Сүт сауу мен малдың азықтандырылуы толықтай автоматтандырылған. Сүт кешенінің еңбеккерлері жаңа технологияны меңгерген жас мамандармен толығуда. 

«Сиырдың сүті – тілінде» деп тегін айтпаған. Мұндағы сиырларға берілетін азық қоры да өзгеше. Бұл тұқымның табиғаты нәзік болып келеді. Сол себепті, азықтандырылуына айрықша мән беріледі. Күнделікті сауылатын сүті арнайы зертханада тексерістен өткізіледі. Сиыр сүтінің майлылығы 3,7-4 пайызға дейін жетсе, сарыуыздың құрамы 3,7 пайызға, яғни өте жоғары болуымен ерекшеленеді, – дейді №1 сүт кешенінің меңгерушісі, жас маман Дарина Сұлтанбай.
– Мен облыс әкімі болып жүрген жылдары бұл шаруашылықты Анатолий Смыков деген мықты маман басқарды. Содан бері ізденіске толы еңбектің желісі үзілмеген шаруашылықтың осы күнгі күйі де көңіл қуантарлық екен. Жаңарғаны, жаңа бағытқа бет алғаны бірден байқалады, – деген халық қалаулысы Серік Әбікенұлы  Жетісу өңіріне келген іссапарының басты мақсатын тарқатып өтті.

– Жалпы, депутаттар каникулға шығып, ел ішін аралауда. Сапар барысында істелініп жатқан жұмыстар жайын түсіндіруде. Қандай заң болса да халыққа тиімді, қажеттілігіне жарайтын заң болуы керек. Халыққа бүгінгі керегі баспана, тұрақты жұмыс пен қауіпсіздік шаралары. Республика бойынша 340 мың көпбалалы ана бар. Олардың 31 700-і үйдің кезегінде тұрғандар. Елбасының саясаты осы аналарды баспанамен қамтамасыз ету болатын. Бұған қоса, ел Президентінің мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен отбасылардың несиесін өтеп беру жөніндегі жағымды жаңалығы елді қуантты. Ал ең негізгісі – ауыл мәселесі. Ауылды көтермей  еш уақытта мемлекеттің жағдайы болмайды. «Нан болса  ән де болады» деген жақсы мақал бар ғой. Сол себепті, ауылды жолмен, жарықпен,  таза ауызсумен қамтамасыз етіп, жастарға тұрақты жұмыс беруді жолға қоюымыз керек. Осындай әлеуметтік мәселелердің түйіні тарқағанда тұрмыс та түзеледі. Елбасы бағдарламасында айтылғандай, жастарды оқуға тарту, компьютерді меңгеру, салауатты өмір салтын қалыптастыру сынды мәселелер жүзеге асқанда әлеуметтік салада серпіліс болады, – деген халық қалаулысы аталған аудандағы интенсивті бау-бақша өсірумен айналысатын «Баймене» және «Грин-эко» өндірістік жылыжай шаруашылықтарын аралау барысында тыныс-тіршіліктеріне көңілі толғандығын атап айтты.

Ұлбосын ИСАБЕК