УНИВЕРСИТЕТТЕ ЖАЛҒАСТЫ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 747
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Мектепке жол» акциясы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де жалғасын тапты. 


Университет Алматы қаласындағы № 17 мектеп-интернаттың оннан аса оқушысына қолдау көрсетті. Балаларға мектеп формалары мен қалам-дәптерлерін тапсырған ректор Такир Балықбаев бұл акцияға қатысып отырған оқушыларға ізгі тілегін жеткізіп, әлемге белгілі атақты университеттерде білім алуларына, тәуелсіз Қазақстанның көрнекті азаматтары болып қалыптасуларына тілектестігін білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл акция жаңа оқу жылы алдында ғана өткізіліп қоймай, жыл бойы жалғасын табатын болады, – деді ректор  Т. Балықбаев. – Сондықтан, біздің университетіміз де осынау қайрымдылық іс-шарасын үнемі жалғастыра береді. Біз бұдан былай да № 17 мектеп-интернатпен тікелей байланыста болып, тұрмысы төмен отбасыларының балаларына жәрдемдесіп отырамыз.

№ 17 мектеп-интернат директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Түгел Төлегенқызы балаларға қамқорлығын көрсетіп жатқан мектеп ұжымы мен ата-аналар атынан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Т. Балықбаевқа және осы істі ұйымдастыруға тікелей атсалысқан кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Ибраимовқа алғыс айтты. Өз кезегінде ата-аналар атынан сөз алған Көктем Шарипова да университет басшылығына жүрекжарды алғысын жеткізді.

Іс-шара соңы университет студенттерінің концертіне ұласты.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
қоғаммен байланыс қызметі