«ЭКОСАҒАТ»: 30 МЫҢНАН АСТАМ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Уақыты: 03.10.2019
Оқылды: 1466
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халқымызда «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген тәмсіл бар. Осыны негізге алған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар, Білім және ғылым министрліктерінің бастамасымен еліміз көлемінде бір мезгілде «Экосағат» акциясы өткізілді.

Алматы облысының 760 мектебінде өткен акцияға мектеп ұжымы, оқушылар және ата-аналар белсене қатысты.

Акцияға үн қосқан облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласындағы №9 орта мектебінде болып, тал отырғызу шарасына қатысты.  Онда балаларға қарата сөз сөйлеген өңір басшысы туған жерді сүюге, оның әсем табиғатын аялап, көркейтуге үндеді. «Қаратал» шағынауданының жаңадан тұрғызылған жылдарын, №9 мектептің құрылысы жүрген кезеңді еске алды.

– Біздің Алматы облысын жер жаннаты Жетісу деп бекер атамаған. Бір шыбық шаншысаң шынар болып өсетін тамаша жер. Талдықорған да талдарының көптігімен дараланған таза қала. Ағаштың көптігі ауаның таза болуына септігін тигізетіні белгілі. Сондықтан да мұндай акцияның берер пайдасы мол, – деді ол.

Бұдан соң мектеп оқушылары Ерсайын Сәкімжан мен Балғын Дүйсенқұлова акцияға қатысты ой-пікірлерін білдіріп, қатарластарын қоршаған ортаны қорғауға шақырды. Балалар өз қолдарымен жасаған құс ұясын көрсетіп, табиғат қорғау тақырыбында өлеңдер оқыды.

Облыс әкімі Амандық Баталов, облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков бастаған ел ағалары мектеп ұжымы, ата-аналар, оқушылармен бірлесіп мектеп ауласына 100 тал қайың ағашын отырғызды. Ардагер апалар ағаш түбіне кесемен ақ құйып, шаншылған шыбықтар саялы орман болсын деген ырымын жасады.

Жалпы «Экосағат» акциясы аясында облыстағы мектептердің аулаларында орман шаруашылығы мен парктерден бөлінген 17250 түп ағаш отырғызылса, балабақшалар мен колледждерде демеушілер көмегімен алынған 15 мың түп ағашты қосқанда 30 мыңнан астам көшет отырғызылды.

Алма Есенбаева