Талдықорған - бақ қала

Уақыты: 13.04.2017
Оқылды: 1797
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бабаларымыз «Бір тал кессең, он тал ек», «Ағашты жердің ырысы мол»  деп текке айтпаса керек. Осыған орай облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен қала аумағында «Талдықорған – бақ қала» атты акциясы өтті. Шараға 8 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты.

Бүгін қала аумағында жалпы төрт мың түп ағаш көшеттері егілді. Қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты көшеттер  көпшілік демалатын орындарға, саябақтар мен скверлерге, көше бойына және денсаулық сақтау орындарының аумағында отыр­ғызылды. Ағаш көшетін егу «Шығыс» ауданындағы «Көктем» сквері мен Қаратал бойынан бастау алды. 
Шара барысында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы: 
– Былтыр ағаш көшеттерін отырғызуды Қараталдың бойынан бастайық дегенімде, бұл маңда ағаш өспей қалуы мүмкін деген. Шүкір, былтырғы еккен ағаштың 6 пайызы ғана қураған, қалған 94 пайызы жайқалып тұр. Осы жерге көптеп ағаш егіп, Қаратал өзенінің жағалауын тегістеу керек, – деп мамандарға тапсырма берді.
 Осыдан кейін ағаш көшеттері көпсалалы аурухана аумағы мен «Жастар» саябағына отырғызылды. Айналаны жасыл желекке орап, жолдың бойына отыр­ғызылған ағаштар әсем бейнесімен көз тартарлық. 
Былтыр Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай басталған «Талдықорған – бақ қала» бағдарламасы аясында қала аумағында жиырма бес мың түп көшет отырғызылған. Оның 5 мыңы алма ағашы болатын. Биыл  6000 түп көшет егу жоспарланды. Оның 5500-і жапырақты ағаш көшеті болса, 500-і қылқан жапырақты көшеттер. Қаланы көгалдандыру және жасыл желекті күтіп ұстау үшін 75 234 мың теңге бөлінген. Ағаш егу осымен тоқтап қалмайды, келесі жылы да бұл рәсім дәстүрге айналмақ.
Осыдан кейін облыс басшысы қаламыздағы салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады. «Жастар» сая­бағындағы жүзу бассейні макетімен танысып, оның жақсы бастама екенін және «Көктем грант» маңына мектеп салынатынын айтты. Одан кейін 143 құрылысшыны жұмыспен қамтыған, жаңа салынып жатқан драма театры және Салтанат сарайын аралаған Амандық Ғаббасұлы: – Бұл жер халық демалатын орын болуы керек. Сондықтан жетінші шағын ауданын біркелкі құрылыс жұмысына арнаймыз, – деп арнайы мамандарға тапсырмалар жүктеді.

Айдар Қалиев