Күн көзімен ұшатын ұшақ

Уақыты: 11.08.2017
Оқылды: 1527
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Біз Швейцарияны қаржының қоймасына теңеуге әдеттенгенбіз. Алайда Еуропада бұл елдің тұрақтылық пен сенімділік нышаны – швейцар банктерінен бөлек, жаңғыртылатын энергия өндірісіндегі технологиялары да кеңінен танымал.

Швейцарияда энергия өндірісі бойынша алғашқы компаниялар осыдан 20 жыл бұрын пайда бола бастады. Содан бері елде бұл бағыт қарқынды дамып, экологиялық таза энергия ресурстарының дамуы мемлекеттік деңгейде қолдау тауып отыр. Бүгінде экологиялық таза технологиялардың дамуы ЖІӨ-нің 3,5 пайызын құраған. 2050 жылға қарай Швейцарияның энергетикалық саласы көміртекті қолдануды азайтуға, ал атомдық электр стансыларынан мүлдем бас тартуға ниетті. Әлбетте, таңдау күн, жел және су энергиясына түсіп отыр.
 Швейцарлық новаторлардың бірегей жобасы күн панельдерінен қуат алатын «Solar Stratos» ұшағы. Инновациялық жоба «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің Швейцария Ұлттық павильонындағы Монте Роса секциясында көрсетілді. «Solar Stratos» ұшағының ұзындығы 8,5 метр, қанаттарының өрісі – 24,8 метр. Сонымен бірге, ұшақтың салмағы небәрі 350 кг. 22 шаршы метрді құрайтын ұшақ қанаттарының ауданы күн батареяларымен төселген.
 «Solar Stratos» ұшағы аналогы жоқ экологиялық жоба. Оның мақсаты – стратосфераға тарихтағы алғашқы «күн сәулесі» арқылы ұшуды жүзеге асыру. Айта кетерлік жайт, ұшақ жасау жобасына Швейцарияның өнеркәсіптік ірі концерндерінен бөлек, стартап-кәсіпорындар тобы, сондай-ақ, материал шығару, энергетика және машина жасау салаларында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес компаниялары да атсалысқан.
Ғаламат жобаға әртүрлі елдің компаниялары тартылған. Соның ішінде Ресей ғалымдары ұшу кемесінің ұшқыштарына арнап заманауи жеңіл скафандр жасап шығарған. Костюмді жобалаумен кезінде Юрий Гагарин және Алексей Леоновтың скафандрларын жобалаған компания айналысуда.
Танымал швейцарлық саяхатшы, сынаушы-ұшқыш және «Solar Stratos» жобасының жетекшісі Рафаэль Домжан командаға қатаң талап қойып келеді. Ол 2018 жылдың соңына қарай стратосфералық мәңгі суықтың биігіне (теңіз деңгейінен 25 мың метр биіктік) жетуді көздеп отыр. Бұл адамзат тарихындағы алғаш рет күн батареяларымен жұмыс істейтін ұшақтың осынау биіктікке ұшуы болып саналмақ. Бірақ бұл жобаның басты – мақсаты таптаурындарды бұзып, жаңа мүмкіндіктерге, жер бетінде адам өмірінің сапасын жақсартудың экологиялық шешімдеріне қол жеткізу.
 Рафаэль Домжан Астанаға келіп, «ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі павильондарды аралап шықты. Осыған орай Швейцария павильонында ұшқыш болуды армандап жүргендер арасында байқау жарияланып, оның жеңімпаздары анықталды. Бес жеңімпаз әйгілі ұшқыштың қолынан сыйлық алды. 
«Solar Stratos» жобасының жетістігі бүкіл адамзаттың жемісі. Бұл таза технологияларды дұрыс және тиімді қолданудың мысалы. Жоба бастамашылары экологиялық таза технологиялардың жарқын болашақтың нышаны екендігін дәлелдеуге ниетті. Біз де тек сол технологияларды қолдануды үйренуіміз керек.

Қажет АНДАС