САРҚАНДА ҚОЙТАСТАРДАН ТҰРАТЫН ЕРЕКШЕ САЯБАҚ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Уақыты: 16.08.2021
Оқылды: 1447
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сарқан ауданында қойтастардан тұратын ерекше саябақ ашылмақ. Бұл туралы "Жетісу" газеті Сарқан ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Бұл қойтастар - табиғаттың сыйы. Әр түрлі пішіндерімен ерекшеленіп тұратын тастарға көз тастап қарар болсаң, кең жайлаудың етегінде жайылып жүрген кәдімгі қой елестейді. Сондықтан, бұл тастарды сарқандықтар қойтас атап кеткен. Мұндай қойтастар көрмесін тек Саялы Сарқанда ғана кездестіруге болады. Аумағы 6 гектарды құрайтын саябақта жаяу жүргіншілер жолы, заманауи футбол, скейдборд, стрит воркаут және балалар алаңдары салынады. Сондай-ақ, күркелер (беседки), орындықтар және түрлі жарық шамдар бой көтермек.

- Қойтас саябағын салу екі кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Биыл жол, арық, жарық жүйелерін ретке келтіретін болсақ, содан кейінгі жұмыстар, ол, әрине, көшеттер отырғызу, тас арасына қосымша демалыс орындарын жасау. Сонымен қатар, болашақта саябақ ортасында орналасқан жасанды көлшікті жаңа қалыпқа келтіріп, арнайы жаз айларында суға шомылу орнын ашуды жоспарлап отырмыз, - дейді Сарқан қаласының әкімі Амантай Мұқанов.

Қайта жандандыру жұмыстарын мамыр айында бастаған «Хан Тенгри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған демалыс орнын жоспар бойынша ағымдағы жылдың қазан айында ел игілігіне ұсынбақ. Бүгінгі күні құрылыс аумағында 25-ке жуық қала тұрғыны маусымдық жұмыспен қамтылған. Солардың бірі - 18 жастағы Нұркен Ержанұлы.

- Біздер үшін жасалып жатқан саябақтың бір тасын болсын қалап жатқаным үшін қуаныштымын. Саябақ ашылған соң осы жерде спортпен айналысып, бос уақытымызды тиімді өткізетін орынға айналады деп сенемін, - дейді жас құрылысшы.

Саябақты ретке келтіру кезінде құлауға аз қалған ескі аспалы көпір де қайта жасалып, тұрғындар өз ризашылығын білдіруде. Айта кетейік, Қойтас саябағының бірінші кезеңіне жергілікті бюджеттен 62 миллион теңге қаражат бөлінген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"