«ТАЭТК» АҚ ӨКІЛДЕРІ: "150 ЖҰМЫСШЫ ЖЕТІСПЕЙДІ"

Уақыты: 12.10.2021
Оқылды: 1343
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өткен жұмада облыс орталығында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті «ТАЭТК» АҚ-мен бірлесіп, БАҚ және қоғам өкілдерінің қатысуымен табиғи монополиялар нысандарымен таныстыру мақсатында баспасөз-турын өткізді. Айта кетейік, «ТАЭТК» АҚ жыл сайын өз желілерін жаңғыртып отырады. 


Желілерді жаңғырту жұмыстары өз кезегінде электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сондай-ақ, авариялық ажыратулар мен нормативтік-техникалық ысыраптарды болдырмай, электр энергиясының тікелей ұрлануын азайтады. Баспасөз туры барысында біз толық жаңғыртудан өткен қосалқы стансылардың бірінде болдық. Ұйымдастырушылар Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылындағы электр желілері мен жабдықтарын көрсетті. 

Осы ретте жалпы жөндеу жұмыстары қалай өтті, қанша қаражат жұмсалды, бұл туралы өндіріс жөніндегі басқарушы директор Серғазы Желдібаев айтып берді.
– Өткен жылы «ТАЭТК» АҚ өңірлік электр желілерін жаңғыртуға 684 миллион теңге бөлінді. Бүгін біз сіздерге ПС-159 «Қарабұлақ» қосалқы стансысын көрсеткіміз келеді. Бұл жердегі барлық жабдықты жаңаладық. Әуе желілерінің жалаңаш сымдары өздігінен қозғалатын оқшауланған сымға ауыстырылды, бұл әуе желілеріне қосу арқылы электр энергиясының ұрлануына жол бермейді. Бірінші кезекте толық жаңғырту аварияларды қысқарту және электр энергиясының ысырабын азайту мақсатында жүргізілді, – деді ол.

Айта кетейік, ПС-159 «Қарабұлақ» Ескелді және Көксу тұтынушылары қуат алатын тораптық қосалқы стансы саналады. Баспасөз туры барысында «ТАЭТК» АҚ өкілдері жұмыс кадрларының тапшылығы мәселесін айтты.

– Адамдар бізге жұмысқа орналасады, екі ай жұмыс істейді және жұмыстан босатылады. Себебі, жалақы аз. Қазір бізде 150 жұмысшы жетіспейді. Біз тіпті арнайы курстар ұйымдастырамыз. 18 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтар үш ай оқып, бізге жұмысқа орналаса алады. Бұл жұмысқа мұқтаж адамдар үшін тамаша мүмкіндік деп ойлаймын, – деп атап өтті Серғазы Желдібаев.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ