Жүрек жылуы

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 2552
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қайырымдылық халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Бүгінде ата-бабадан келе жатқан ізгі жол жалғасын тауып, Елбасының бастамасымен жыл сайын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылуда. Биылғы акция «Менің таңдауым – балаларға көмек» ұранымен өтіп жатыр. Қайырымдылық шарасы аясында сауабы мол іске атсалысып, балаларға қамқорлық танытып, жүрек жылуын ұсыну – әрбір адамның азаматтық парызы.

Акцияның негізгі мақсаты – ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасыларының жеткіншектерін мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қолдау көрсету. Осындай игі іс-шара Бұрған мектеп-балабақша кешенінде дәстүрлі түрде өз жалғасын тауып келеді. Осы оқу жылында біздің мектепте он бес оқушы аз қамтылған оқушылар санатына кірді. Оларға мектеп мұғалімдері өз қаражатына оқуға қажетті құрал-жабдықтар алып берді. Сондай-ақ, осы оқушыларға жалпыға бірдей білім беру қорынан мектеп формасы берілді. Бұл игі іс өз жалғасын таба бермек.
Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс – адамзатқа тән құбылыс. Ендеше, көп болып, асыл арманына қол созғандарға сүйеніш болып, қолымыздан келген көмегімізді аямайық. Баланың болашаққа сенімінің нық болуы үшін батыл қадам жасайық.


Назира Манатова,
Бұрған ауылындағы мектеп-балабақша кешенінің 4-сынып мұғалімі.
Жамбыл ауданы.