НАРЫНҚОЛДЫҢ ГҮЛДЕНЕР ШАҒЫ ӘЛІ АЛДА. ӘКІМ СҰХБАТЫНДА НЕ АЙТТЫ?

Уақыты: 17.11.2021
Оқылды: 1402
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қалың елінің ұранына айналған Райымбектей батыр бабамыздың атындағы ауданның аты аталып жатса елеңдемейтін жан жоқ. Жерінің асты-үсті де байлыққа толы жер – ұлтымыздың бар жақсылығының, қасиетінің, қазынасының қаймағы тұнған мекен. Қазақы қалпы, маржандай салты жарасым тапқан өңір соңғы үш жылдың аумағында өсіп-өркендеп, жаңарып-жайнай түсті. Райымбек ауданының әкімі Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВПЕН жүргізген сұхбатымызға қайта түлей бастаған шекаралы өңірдің жақсылықтары арқау болды.

– Нұржан Кеңесұлы, ауданның қайта қалпына келгеніне үш жылдан асса, өзіңіздің өңір тізгінін ұстағаныңызға екі жылдан ауып барады. Таулы өлке туралы сөзіңізді немен бастар едіңіз?

– Алыс кеткен атағынан ат үркетіндей киелі мекен туралы жастайымнан естіп, біліп өстім. Еңбекқор, қонақжай елі-жұртынан айналайын! Тұмса табиғаты жаныма жақсы көңіл-күй, еңбек қуаныштарын сыйлап келеді. Хантәңірі шыңының баурайында өткен әр күнім жылға татиды десем, артық айтпаймын. Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жарлығымен орталығы Нарынқол ауылы болып Райымбек ауданы құрылғаны оңды шешім болды. Осындағы тау мінезді ағайын, барша жерлестеріміз Елбасына, игілікке негіз қалаған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына әлі күнге дейін жүрекжарды алғыстарын айтып отырады. Аудан орталығы Нарынқол ауылының жүзі кірді, ажары ашылды.

Барлық көшелері асфальтталып, жарықтандырылды. Еңселі спорттық-сауықтыру кешені спортсүйер қалың қауымның, әсіресе, жасөспірімдердің игілігіне айналды. Ауданды қайта қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 19 миллиард теңге қарастырылып, қыруар жұмыстар жүргізілді. Нарынқол құрылыс аймағына айналды. Аудандық әкімдіктің, сервистік әкімшіліктің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, республикалық бағыныстағы мекемелерге арналған ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Мамандарымыздың бәрі жылы да жайлы мекенжайда алаңсыз еңбек етуде. Жаңадан Халыққа қызмет көрсету орталығы, прокуратура, 20 жалгерлік, 83 коммуналдық, 8 қызметтік тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

– Мұндай жақсылықтарды ауданның аумағына орналасқан елді мекендерден де көретініміз даусыз. Бұған не дейсіз?

– Айтуға болады. Таулы өңіріміздегі Жәмеңке, М.Мақатаев, Қ.Шорманов, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептердің ғимараттары, одан бөлек Сарыжаз, Сарыбастау ауылдарындағы балабақшаларының ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, құшағы балапандарға толды. Жамбыл, Қақпақ ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынып, елдің игілігіне айналды. Ауданымыздағы Қызылшегара, Жамбыл, Қақпақ ауылдарындағы ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауызсуға қол жеткізді. Бұл да көптен бері айтылып келе жатқан түйінді мәселелер болатын. 2,1 миллиард теңге қарастырылып, өңірдегі Нарынқол, Қайнар, Сарыжаз, Сарыбастау, Сүмбе, Текес ауылдарының ішкі көше жолдары қалыпқа келді. Туризмді дамыту мақсатында Нарынқол тасжолынан Шоғансай өңіріндегі «Баянқол»  шегара бекетіне дейінгі жол жасалып, асфальтталды. Оның сыртында облыстық маңызы бар Сарыжаз – Қайнар, Қайнар – Қақпақ – Тегістік – Текес, Сарыжаз – Қарасаз – бағытындағы жолдар жасалды.

Биыл Қарасаз-Тұзкөл және Қарасаз – Шалкөде – Талас ауылдары бағытындағы жолдар орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Тұзкөл ауылы мен Сарыбастау ауылының аралығындағы Байпақ асуының жолын күрделі жөндеуге жобалау жұмыстары басталды. Ең бастысы, ауылшаруашылығын дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында облыстық бюджеттен 622 миллион теңге бөлініп, «МТЗ-80» маркалы 28 трактор, ауылшаруашылығына қажетті 111 техника алынды. Голландиядан 120 миллион теңгеге 236 тонна «Сантэ» және «Агрия» атты картоптың берері көп сортты тұқымы сатып алынды. Ауданымызда картоп өсіру бағытындағы «Хантәңірі», «Үш Қақпақ», «Байынқол», «Жаңа жол» атты сервистік-дайындау орталықтары құрылып, жұмыстарын нәтижелі жүргізіп келеді. Былтырдан бері картоптың аталған сортты тұқымы 3 мың гектар жерге отырғызылып, берекелі өнім алынып келеді. 

– Биылғы жылдың 10 айында атқарылған істер туралы айтып өтсеңіз?

– Ауданның биылғы әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштері жаман емес. Барлық салалар бойынша белгіленген жоспарлы жұмыстарымыз орындалды. Өнеркәсіп саласында 2,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 187 пайызға орындалды. Осы мерзімде ауылшаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 28,3 миллиард теңгені құрады. Өңір бойынша ет 14095 тоннаға, сүт 24615 тоннаға орындалды. Ауданымызда 67885 бас ірі қара, 276973 бас қой-ешкі, 44031 бас жылқы бар. Мал шаруашылығында қой-ешкі мен жылқының саны өсіп келеді. Басқаны айтпағанның өзінде аудан бойынша 6050 гектар жерге картоп отырғызылған. Оның әр гектарынан 216 центнерден өнім алынды. Төрт түлік мал үшін 186 мың тонна мал азығы дайындалды.

Ауылшаруашылығына қажетті техниканы жаңартпай жұмыс өрге баспайды. Бұл мәселе тұрақты назарымызда. Биылғы жылы шаруа қожалықтары 192 миллион теңгеге 39 бірлік трактор, агрегаттарды сатып алды, лизинг арқылы алды. «AIatau agro» ЖШС Қарасаз ауылдық округі аумағынан 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын салды. «Лабасы» серіктестігі Сарыжаз ауылдық округінен 200 басқа арналған мал бордақылау алаңын жылдың аяғына дейін іске қосуды жоспарлап отыр.

Тағы бір жағымды жаңалық, Қарасаз ауылдық округінен сүт өңдейтін, сүт тағамдарын шығаратын цех жасалып, іске қосылатын уақыты жақын қалды. Оның салтанатты ашылу рәсімі болады. Алдағы уақытта Нарынқол өңірінде жасалған сапалы, дәмді май, маңыз, ірімшік, балмұздақ, тағы да басқа сүт тағамдары сатылымға шығады.

Бұл да үлкен жақсылық. Цехтың қасында үлкен сауын фермасы жұмыс жасайды. Көп адам еңбекпен қамтылады. Қазіргі таңда Нарынқол ауылында аудандық өрт сөндіру, аудандық мұрағат және ауылдық әкімдік ғимараттары және М.Мақатаев атындағы жастар саябағы салынып жатыр. Ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәслесі күн тәртібінен түскен емес. Биылғы жылы Қарасаз, Шалкөде ауылдарындағы ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл игілікті шаруалар аяқталуға жақын. Аудан орталығындағы Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінің алдындағы саябақ ағымдағы жөндеуден өткізілді. Мұқағалидың 90 жылдығында ақын ауылы лайықты абаттандырылды. Қақпақ, Сарыбастау, Тегістік, Жамбыл, Сарыжаз, Қарасаз, Шалкөде ауылдарынан «Street Workout GS – 3020» спорт алаңдарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

– Нұржан Кеңесұлы, аудандағы білім, денсаулық салаларының жайы қалай?

– Жағдайлары жақсы. Ауданымызда 19 орта, 1 негізгі, 2 бастауыш мектеп,5 мемлекеттік, 3 жекеменшік балабақшалары бар. Қарасаз, Текес ауылдарында өнер мектебі, Нарынқол ауылында мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, Сарыжаз ауылдық округінде кәсіптік-техникалық колледжі жұмыс істейді. Алты жасқа дейінгі балаларымызды мектепалды тәрбиесімен қамту жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аясында Қарасаз ауылындағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназия ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қазіргі таңда Тұзкөл ауылындағы Т.Мұсақұлов атындағы орта мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Жыл аяғына дейін аталған мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

Ауданымызда 1 аудандық, 1 ауылдық аурухана, 11 дәрігерлік амбулатория, жалпы 18 дәрігерлік шаңырақ халыққа қызмет көрсетеді. Өңірімізде жоғары білімді дәрігерлердің жетіспеушілігі әлі де сақталып отыр. Аудандағы 76 дәрігерлік штатта 53 дәрігер еңбек етуде. Осы жерде бір айта кететін қуанышты жағдай бар. Атап айтқанда, 2022 жылы Нарынқол ауылынан күніне 250 адам қабылдайтын, құны 2,8 миллиард теңге тұратын аудандық емхананың құрылысы басталады. 2023-2024 жылдары аудандық аурухананы сейсмикалық күшейтумен күрделі жөндеу жоспарлануда. Алдағы уақытта Қаратоған, Талас ауылдарынан фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимараттары, Жаңа Текес, Көмірші шағын елді мекендерінен дәрігерлік пункттің ғимараттары салынатын болады. Аталған ғимараттардың жоба-жоспарлары дайын.

– Райымбек ауданы ежелден ынтымақ-бірлігі сүттей ұйыған, өнері өркенін жайған, салт-дәстүрі бұзылмаған ырысты, құтты өңір саналады. Бұл тұрғыда айтарыңыз бар болар?

– Қуана айтатын, әңгімелейтін дүниелеріміз баршылық. Ауданымыз қайта қалпына келгеннен кейін көп ұзамай «Хантәңірі» театры құрылды. Жерлесіміз, өнер майталманы Асқар Наймантаевтың режиссерлігімен Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» атты поэтикалық-сазды драмасын сахнаға шығарып, халықтық атағын қорғады. Аталған театр үстіміздегі жылдың бас кезінде Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен «Пятое время года» атты халықаралық онлайн конкурс-фестиваліне аталған драманы ұсынып, жүлделі І орынды еншіледі. Сарыжаз ауылындағы жаңа мектеп ғимаратынан осы ауылдың бір перзенті, белгілі қоғам қайраткері Тұрарбек Асанов атындағы бокс залы ашылды. Туған жерінің Тұрарбектей айтулы ұлы аталған бокс залын толықтай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, балғын боксшыларды қуанышқа кенелтті.

Қыркүйек айының соңында Қарасаз бен Нарынқол ауылдарында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өткізілді. Ақын тойына елі-жері үлкен дайындық жасады, қай-қашанғы қонақжайлылық мінезін көрсетті. Аудан орталығынан ақынның еңселі ескерткіші бой көтерді. Айналасынан әдемі саябақ жасалды. Өңір тұрғындары көрнекті ақын Мұқатай Жылқайдарұлының қостомдық шығармалар жинағының тұсаукесерін, белгілі қаламгер Жақыпжан Нұрғожаевтың Мұқағали туралы эссе-естеліктер, көркем әңгімелердің жүгін көтерген «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» атты кітабының тұсаукесер салтанатын атап өтті. ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны атанған Мұқағалиға арналған ізгі де игі шаралар барлық ауылдарда, Мәдениет үйлерінде, білім ордаларында жыл бойы жарасымды жалғасын тауып келді.

Мұқағалидың есімі аталып жатса, өмір мен өлеңдегі үзеңгілес інісі Еркін Ібітановтың да аты аталып, екеуі туралы жақсы әңгімелер ортаға салынып жатады. Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйіне ақын Еркін Ібітановтың есімі беріліп, салтанатты рәсімі өрнек тапты. Аудандағы мәдениет саласына да лайықты назар аударылып келеді. Текес пен Қайнар ауылдарындағы Мәдениет үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қақпақ ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл да ауыл тұрғындарының көп жылдан айтып келе жатқан ұсыныс-тілектері болатын.

Тағы бір қуанышты оқиға – ауданымыздағы Жамбыл ауылының бір перзенті Асыл Айтақын Нұрмұханбетұлы 64 келі салмақта 23 жасқа дейінгі жастар арасында Белград қаласында еркін күрестен өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып қайтты.

Ауылының, ауданының, Жетісу өлкесінің, Тәуелсіз Отанымыздың мерейін аспандатты. Күрескер ұлымызға өңір азаматтарынан құралған «Хантәңірі қырандары» атты қоғамдық қордың барша мүшелері, аудан тұрғындары атынан бір бөлмелі пәтердің кілті тапсырылды. Мемлекетіміздің мерейі болған палуанымызды ауданда лайықты қарсы алатын боламыз.

– Нұржан Кеңесұлы, ортақ әңгімемізді қорытындылай кетсеңіз?

– Иә, қайта құрылғанына, қалпына келгеніне 3 жылдан асқан ауданымыздың ертеңі нұрлы, болашағы баянды. Өркенін жая түсер шағы алда. Біз алдағы жылы өңіріміздегі Көмірші, Көксай және С.Сауранбаев атындағы орта мектептерін күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Сүмбе, Қызылшегара ауылдарынан шағын спорт кешендері салынады. Таулы өңіріміздегі Қаратоған, Тегістік, Тұзкөл, Жаңа Текес, Көкбел ауылдарындағы ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.

Көп жылдардан өңір тұрғындарын толғантып келе жатқан тағы бір мәселе орнықты шешімін тапты. Мемлекеттік шегарамыздың шетіне орналасқан Сүмбе және Жамбыл ауылдарында Мәдениет үйлерінің іргетасы қаланды, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Мұндай игілік болашақта Сарыжаз, Тегістік, Шалкөде ауылдарында да жасалады деген үлкен үміттеміз. Алдағы жылдары аудан орталығынан 20 жалгерлік тұрғын үй салудың қажетті құжаттары жасалуда.

Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығын қарсы алғалы отырған халқымыздың таңдары ажарлы, күндері көркем, жүздері жарқын, ғұмырлары ұзақ, еңбектері жемісті, тұрмыстары келісті бола берсін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан - Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы