Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР ҚАРЖЫЛАЙ МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

Уақыты: 04.01.2022
Оқылды: 2026
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғанда «Дарындылар іске!» атты байқау ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, олардың қоғамнан өз орнын табуына септігін тигізетін байқау екінші рет өтуде. Сайысқа 18 бен 45 жас аралығындағы 78 өнерпаз қатысты.

Жобаны ұйымдастырушылар – облыс әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы. Шарада қорытынды сынға шыққан 21 үміткер Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына жиналды. Мәдениет сарайына кіргеннен ерекше жандардың еңбектері қаз-қатар тізілген. Мәселен, талғарлық Владимир Репетиевтің табиғат тақырыбындағы 16 суреті, қапшағайлық Марина Мельникова әзірлеген түрлі тағам, қарасайлық Назерке Торпақованың ұсақ түймелерді қадау арқылы жасаған Мемлекеттік Тудың, Майкл Джексонның суреттері көрген жанға ерекше әсер сыйлайды.

Жүзден жүйріктерді марапттау үшін сахнаға көтерілген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев әрқайсының еңбегін жоғары бағалайтынын, екі жылға жуық індетке байланысты өтпеген байқаудың бойына қан жүгіргенін айта келіп, үздіктерді марапаттады.

Үздіктер сапында өнер сайысы бойынша ақсулық Думан Сәдуақасов, Ұйғыр ауданынан Әлішер Намазбеков, райымбектік Дархан Дәурен, кегендік Елдос Сұраншы, жамбылдық  Ақерке Сүлеймен, қарасайлық Нұржан Қарлыбай, талғарлық Ұлжан Дүнгенбаева, ілелік Шыңғыс Атабаев, еңбекшіқазақтық Қуатжан Бауыржан, қапшағайлық Ләззат Салықова, ескелділік Алғысбек Дәуен, текелілік Нұрдана Арғын, көксулық Аруана Балабекова, талдықорғандықтар Жасұлан Бекенов пен Мадина Искакова және талғарлық Александр Курилов сынды азаматтарға 30 мың теңгенің сертификаты берілді. Сол сияқты қолөнер сайысы бойынша еңбекшіқазақтық Әсел Асылбекова, қарасайлық Назерке Торпақова, алакөлдік Хиаг Сабыр, талғарлық Владимир Репетиев және қапшағайлық Марина Мельникова топ жарып, оларға да 30 мың теңгеден табысталды.

Өңірлер бойынша Кеген, Ақсу және Қарасай аудандарының  ұйымдастырушылары топ жарды. Олар 50 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Жарыс ұйымдастырушылары бұл байқаудың жалғаса беретіндігін жеткізді. Марапаттау арасында шағын бейнефильм ұсынылып, онда мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерге, қолөнерге деген сүйіспеншіліктері көрсетілді. Шарада заманауи аппараттар алуға мүмкіндік болмай отырғаны айтылды. Сахнада сөз алған Марлен Қапашұлы бұл мәселені шешуге сөз берді.

Марапаттау соңы Гала-концертке ұласып, әншілер ән айтып, бишілер би биледі.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы