Балдырғандар қуанышы

Уақыты: 15.01.2018
Оқылды: 1182
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сегіз мыңға жуық халық мекендейтін Қызылқайрат ауылының тұрғындары шат-шадыман қуанышқа кенелді. Оған көптен күткен жаңа балабақшаның ашылуы негіз болды. Елбасы 2020 жылы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырғаны мәлім. Нәтижесінде, ауданда мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында салынған балабақшалар саны артуда.

Қызылқайрат ауылында 75 орынды жаңа балабақшаның іске қосылуы осы ойымыздың дәлелі. Халық саны жылдан-жылға артып отырған ауылдың орталығынан «Балапан» бағдарламасы аясында «Амина» атты балабақша ғимаратының күрделі жөндеуден өтуіне күш салған «Жалын» сауықтыру орталығының директоры, кәсіпкер Майгүл Ескендірованың сіңірген еңбегіне ел ризашылығын білдірді. Балалардың шат күлкісіне бөленген балабақшаның ашылуына аудан әкімі Райхан Садықова арнайы ат басын бұрды. Жан жадыратқан шараға ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар, сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаты Матан Бекбосынов, ауылдық әйелдер қоғамының төрайымы Даша Ұлтанбекова, ұйғыр этно-мәдени орталығының жетекшісі И. Тохтахунов бастаған бір қауым ел жиналып, қуанышты сәттің куәсі болды.
Сапалы да сәнді балабақшаның лентасын қиған аудан әкімі Райхан Нұрмырзақызы ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жастардың отбасылы болып, ұрпағымыздың өсіп-өнуіне тілектестігін білдірді. Ақжарма тілек ауыл қарияларының ақ батасына ұласты. Бұдан соң дәстүрге сай шашу шашылып, мерекелік ән-бидің тиегі ағытылды. Ал көрер көзді қызықтыратын жаңа балабақшаның табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршіндердің жүзі қуаныштан бал-бұл жанды.

Ұлбосын ИСАБЕК,

Талғар ауданы