Тұрғын үй құрылысы басталды

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1147
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Үштөбе қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды. Құрылыстың жалпы құны – 409  миллион 332 мың теңгені құрайды. Пәтерлердің ортақ ауданы – 3171 шаршы метр. Құрылыс нысаны ағымдағы жылдың қазан айында аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс. Аталған нысан құрылысын «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС мердігер құрылыс компаниясы жүргізуде. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан баспана құрылысына тапсырыс беруші – «Қаратал ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі.

– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ипотекалық несиелеуді қолдауға бағытталған. Ипотекалық несиелеу нарығын жандандыру мақсатында жұртшылыққа екінші деңгейлі банктердің тұрғын үйді сатып алуға берілетін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекеттің субсидиялауы арқылы халықтың сұранысын ынталандыру қарастырылған, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дәулеткелді Ұзақбай.
Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған және өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі бағдарламалардың тетіктерін біріктіреді. Аталмыш бағдарлама 5 негізгі міндеттерді іске асыру арқылы жұртшылықтың тұрғын үй мәселесін кешенді түрде шешуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мен тұрғын үй құрылыс жинақтары арқылы өткізілетін несиелік тұрғын үй салу.
Қазіргі таңда аудан жұртшылығы Үштөбе қаласында бой көтеріп жатқан құрылысқа қызығушылық танытып, баспаналы болуға ынта білдіріп отыр. 

А. Өмірбаев
Қаратал ауданы