Жатақхана құрылысы жанданады

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1067
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жекешелендіруді жүргізу және білім беру саласын цифрландыру бойынша мәселелер кезекті Үкімет отырысында қаралды. Осыған байланысты ҚР Ұлттық экономика, ҚР Инвестициялар және даму, ҚР Денсаулық сақтау, ҚР Білім және ғылым министрлері сөз сөйлеп, бірқатар облыс әкімдері тыңдалды.

Жиында мәлім болғанындай, бірінші сәуірге дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 90,6 млрд. теңгеге 140 нысан пайдалануға берілген. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бүгінде барлығы 766,4 млрд. теңгеге 200-ден аса келісімшарт тіркелген, басым бөлігі білім беру, қалғаны денсаулық сақтау мен мәдениет және спорт салаларына тиесілі. Бұдан өзге, МЖӘ-ні дамытуға арналған заңнамалық шаралар қабылданған. Өткен жылдың соңында МЖӘ тетіктерін одан әрі жетілдіру мен жеңілдету бойынша заң қабылданып, заңға сәйкес кезеңдерді бестен үшке дейін қысқарту арқылы рәсімдер оңтайландырылған. Бұл МЖӘ жобаларының сараптама жұмыстары мен мақұлдау мерзімдерін жеті айдан үш айға дейін қысқартуға жол ашты. 
Сондай-ақ, үш және одан да көп жылға МЖӘ бойынша тұтыну кепілдігін беру қарастырылған, мемлекеттік бағдарламалар аясында саланың ерекшелігі ескеріле отырып, МЖӘ стандартталған жобаларын жоспарлау мүмкіндігі енгізілген. Осы Заңның орындалуына қажетті заңға қосымша актілер қабылданыпты. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша 44 жоба әзірлеу және енгізу сатысында тұрғанын атап өткен  ҚР Инвестициялар және даму министрі соның ішінде жол, теміржол көлігі, азаматтық авиация, энергия үнемдеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалары бойынша жобалардың бар екенін мәлімдеді. 
«Алсим Аларко – Макйол – СК – Кореян ЭкспрессВэй» консорциумымен Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы (ҮАААЖ) құрылысы бойынша Қазақстандағы алғашқы ірі концессиялық жобаны іске қосу туралы келісімшартқа қол қойылды. Мамыр айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. 2021 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтап, ақылы негізде жолды пайдалануға беру көзделген», – деді Жеңіс Махмұдұлы. 
Сондай-ақ, министр орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған МЖӘ жобаларын іске асыруды бастау жөніндегі ұсынысын айтты. 
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзінше, бүгінде денсаулық сақтау саласындағы МЖӘ жобаларының тізімі 175 жобаны қамтиды, олардың 50-і бойынша келісімшарт жасалған. Қол қойылған келісімшарттардың жалпы құны – 33,7 млрд. теңге.  Биыл 6 өңірде 15 келісімшарт жасалды. Жобалар дәрігерлер амбулаторияларын, емханалар мен стационарлар салуды және пайдалануға беруді, медициналық техникамен жабдықтауды, тағы басқаларын қарастырмақ. Денсаулық сақтау саласындағы нвестициялардың 2025 жылға дейінгі орташа жылдық өсу деңгейі 9,3 пайызды құрайды деп болжануда. 
– Бұл ретте, 750 млрд. теңге инвестицияларды МЖӘ аясында тарту жоспарлануда. Бәсекелестікті дамыту, тарифтік саясатты, цифрландыруды жетілдіру бойынша шаралармен бірге МЖӘ тетіктерін ендірудің нәтижесі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды ендіру жағдайындағы денсаулық сақтау ұйымдарының заманауи тиімді инфрақұрылымы болады, – деді Елжан Амантайұлы.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өңірлердің әкімдеріне Президенттің бес бастамасы аясында МЖӘ негізінде жатақханалар құрылысын жандандыруды тапсырды. Бұдан өзге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында МЖӘ тетіктерін енгізу бойынша алғашқы қадамдардың жасалып жатқанын атап өтті. 
Жекешелендіру үрдісінің бірқалыпты жүріп жатқанын мәлімдеген ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендірудің кешенді жоспары негізінде 482 нысанның сатылымға шығарылып, оның 397-сінің сатылғанын баяндады. Сондай-ақ, жиында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы Жолдау аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор объектілерін түгендеу жұмыстарының жалғасып жатқаны және аталған жұмыстардың нәтижелері тамыз айында ұсынылып, кешенді жоспар объектілері тізімінің жаңартылатыны мәлім болды. 
ҚР Білім және ғылым министрлігі білім беру жүйесі мен ғылымды цифрландыруды әрі қарай дамытудың төрт бағытын белгілепті. Қазіргі кезде аталған министрлік осы бағыттар бойынша цифрлық технологияларды енгізу бойынша кезең-кезеңімен жұмыс кестесін әзірлеп, оны іске асыруда. Интернет желісіне қолжетімділікті  қамтамасыз ету мақсатында бүгінде мектептердің 99 пайызы интернет желісіне қосылған. Төрт мыңнан астам мектепте электронды «Күнделіктер» енгізіліпті. Бұдан өзге, БҒМ мемлекеттік қызметтер көрсетумен айналысады. Министрлікте барлығы 73 мемлекеттік қызмет бар. Оның 25-і автоматтандырылған. Бүгінде БҒМ базалары e-gov платформасы арқылы мемлекеттік органдардың базаларымен біріктірілген. Алдағы екі жылда тағы 48 қызметті автоматтандыру және оңтайландыру көзделген. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев халықты цифрландыру негіздеріне оқыту керектігін де атап өтті. Осы орайда министр: «150 мың мұғалім мен бір жарым миллион ата-анаға біздің ақпараттық базаларды қолдануды үйрету қажет», – деді.
Осыған қатысты ой қорытқан Бақытжан Әбдірұлы облыстардың әкімдеріне мектептерді техникалық жабдықтау мен оларды кең жолақты Интернет желісіне және Wi-Fi жүйесіне қосу қажеттігін айтып, жұмысты бақылауға алуды тапсырды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА