ШЕБЕРЛЕР ШАҢЫРАҒЫ

Уақыты: 25.05.2018
Оқылды: 999
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

   Он саусағынан өнер тамған хас шеберді көрсем сүйсінемін. Себебі, өнерге құмар жанның кеудесі алтын сандықтай көрінеді. Ұрпаққа ұлт мұрасын дәріптеп қана қоймай, қанына сіңіріп, өміршең ететін де сол шеберлер. Ал шеберлік ананың сүтімен келетін қасиет.

 

    Бүгінде Белбұлақ ауылында тұратын шеберқол Гүлсара Өтептің есімі ел кезіп кеткен десек, еш асыра айтқандық емес. Оның қолынан шыққан ұлттық бұйымдар, сый-кәделер талайдың  таңдайын қақтырып, қызығушылығын тудыруда. Осыдан 15 жыл бұрын Нөкіс қаласынан атажұртқа қоныс аударған Гүлсара тіршіліктің қам-қарекетіне білек сыбана кіріскен. Отан-анаға табаны тигеннен тұла бойын кернеген қуаныш қанындағы талантын тасытып, ұлтының жоғын тауып, барының бағасын асыруда тыным таптырмайды.
    Атадан балаға мұра болған қолөнердің жарқырап, жандануына бар қажыр-қайратын жұмылдырды. Ұлттық ою-өрнекпен безендендірілген бұйымдардың түр-түрін жасаудың жолын тауып, өнерінің өрісін кеңейтеді. Әйелінің асқақ арман-мұратына жету жолында отағасы, танымал қолөнер шебері Тұрсынбай Өтеп тікелей қамқоршы бола білді. Халықтық өнердің тұнығынан нәр алып, алпыс екі тамырына таратқан қас шебердің қиялы Алатаудай биіктерді шарлап, Сарыарқа төріне самғайды. Қайталанбас қолөнер бұйымдары елдің ерекше ықыласын тудырады.
– Ата-бабамыз ежелден дана болған ғой. Оның салт-дәстүр, әдет-ғұрпының түп тамырында даналықтың, көрегендіктің, жақсылық пен тектіліктің лебі есіп жатады. Зерделі ойға құрылған зергерлік бұйымдар мен кестелі дүниелерден ұлтымыздың ұлы мұрасы сыр шертеді. Сол себепті, әр іске терең талғаммен ой жүгіртіп, қадам жасау міндет, – дейді шеберқол Гүлсара Қуанышбайқызы.  
– Сынаптай сырғыған уақытты ұтымды пайдаланып, өндіре іс жасау үлкен еңбекпен қатар, мол қаражатты қажетсінеді. Қолда барды ұқсатып, бірін-біріне жалғап, тірнектегеннің арқасында балаларымыздың нәпақасын тауып, тамақтан тарылтпауға, қатарынан кем қылмауға әрекет жасадық. «Қарекет түбі – берекет» деп бекер айтқан ба? Еселі еңбектің нәтижесінде табыс көзі кеңейді. Сапалы әрі сәнді қолөнер бұйымдарына сұраныс артты. Осы кәсіптің арқасында ел аралап, тіпті, қолөнер бұйымдары салтанат құратын түрлі байқауларға қатысуға мүмкіндік алдық, – деген Гүлсара Өтеп шеберқол ғана емес, ұлтымыздың ұрпағын өсіруге сүбелі үлес қосып отырған көпбалалы аяулы ана.
    Шаңырағынан шұғылалы шуақ төгіліп, ырыс пен берекенің алтын ордасына айналған отбасында өнерге бейім ұл-қыздардың қанаты қатайып келеді. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», – деп тегін айтылған ба? Ұлттық өнердің қара шаңырағынан қуат алып, мейір қандырып келе жатқан балаларының үлкені, яғни, төлбасы – Гүлзат 7-нші, ортаншылары Кәусар 5-ші, Заманбек      2-сыныпты аяқтап, мектебінің жақсы оқитын әрі үлгілі оқушыларының қатарынан көрінуі ата-аналарын марқайтуда. Зерек те зерделі ұл-қыздары өз қатарының әлдеқашан мақтанышына айналған. Ол, әрине, оқу мен еңбекті тең ұстаған ізденістің жемісі екендігін білдіреді. Сабақтан бос уақытты текке жібермей, үйдегі шаруаға, әсіресе, ата-аналарының кәсібіне қолғабыс етуді айнымас міндеттері санайды. Жас та болса шеберлік мектебінен өтіп, ысылып келе жатқандығы қуантпай қоймайды. Әрбірі өзіне жүктелген міндетке шығармашылық ізденіспен қарауға дағдыланған. Тіпті, 5 жасар Мұхамедсәлім де өзі атқаратын шаруасы барын біледі. Ол аяқталған заттарды санағанда алдына жан салмайтын көрінеді. Ал ана сүті құрғамаған кішкентай сәбилері Дәрия – отбасының ортақ қуанышы. Балаларының арасында Кәусардың шашақ тігіп, жіп өткізіп, бау байлау сынды ұсақ-түйек жұмыстарды бітірудегі көмегі көл-көсір екендігі ерекше аталды.
   Жұдырықтай жұмылған ісмерлердің шеберханасы, жатын орны, ас бөлмесі – бәрі бір шаңырақтың астында. Сондықтан да, бұл отбасы мүшелерінің күнделікті шаруадан тыс қалмауы қалыпты жағдайға айналған.
    Айналдырған 4-5 бөлменің ең үлкенін осы іспен айналысатын өндіріс орны жасап қойыпты. Мұнда мата пішетін, кесетін үлкен үстел мен іс тігетін машина орналасқан. Шеберлердің қолынан шыққан дайын дүниелер осында жиюлы тұр. Кесілген, қиылған, жиылған заттар да көп мұнда. Осындай таршылыққа қарамастан тіршілігін тұралатпай, алға қарай жылжуды мақсат еткен Өтептер отбасының балалары да тіл алғыш. Ұлттық құндылықтарымыз әспеттеліп, жаңа қалыпта жарыққа шығуына тырнақтай үлесін қосып, ата-анасына айрықша көмек жасап жүрген балапандардың болашағы зор үміт күттірері хақ. Себебі, мұндағы аяқталған әр істе олардың еселі еңбектері жатыр. Көзін тырнап ашқаннан қолөнер бұйымдарының жасалуына қанып, ұлттық мұраның уызына жарып өсіп келе жатқан балалардың бәрі өнерлі. Мысалы, Гүлзат мың бұрала билегенді ұнатса, Кәусар баскетболдан алдына жан салмайтын көрінеді. Дәл мен барған күні ол аудандық жарыста   2-орын алғандарын сүйіншілей жеткізді. Мектептегі мәдени іс-шараларға қатысатын ұл-қыздарының ұлттық киімдерін де анасы Гүлсара Қуанышбайқызы өзі тігіп, көз жауын алатындай етіп, іліп қойыпты. Соның арқасында түрлі шараларда ұлттық киімнен тапшылық көріп немесе іздеп еш әуре болмайды.
– Бала да жас шыбық тәрізді. Қалай исең солай майысады. Қыз баланың іске епті, бейім болып өсуі ата-ана үшін  ғана емес, өз өмірі үшін маңызды. Сол себепті, балаларымның сабағын да оқып, үйдегі жұмысқа да тиянақты болуына баса мән береміз. Шаңырақтың биік, босағаның берік болуын ұстайтын уық тәрізді, өздеріне жүктелген міндетті аяқсыз қалдырмайды, – деп аналық ризашылығын білдірген Гүлсара Өтеп өткен жылы ел тарихындағы ең үлкен көрме – ЭКСПО-ға барып, қатысқандығын тілге тиек етті.
– Астана төрінде өткен көрмеге мыңға тарта кәдесый алып бардық. Біздің бұйымдарға көпшіліктің қызығушылығы артып, көтеріп барған қоржынымыз босап қайтты. Облыстан 30-ға жуық шебер қатыстық, – дейді.
Міне, қазанды да қайнатып, баланы да ойнатып, ұлттық қолөнердің дамуына айрықша атсалысып жүрген Гүлсараның еңбекқорлығы қазақ әйелдерінің тегінде бар асыл қасиетті айқындай түседі. Күні кеше етегіне баласын салып отырып, жүн түтіп, жіп иірген алтын құрсақ аналардың сарқыншағындай көрінеді.    
 – Үй жағдайындағы шеберхана болғандықтан үлкен жұмыстар жасаудың мүмкіндігі болмай тұр. Әйтпесе, өндіріске дайын тың жобалар жетіп-артылады. Біздің өндірістен шыққан ұлттық қолөнер бұйымдары көшірме емес, төл туындылар саналады. Оның әрбірі сатылап келетін шығармашылық еңбектің жемісі, – дейді әңгіме тиегін ағытқан отағасы Тұрсынбай Нұрғазыұлы.
    Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген отбасының бас иесі Тұрсынбай Нұрғазыұлы Алматыдағы Н. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан бояуы қанық кескіндеме, портреттері бір көрменің жүгіне жақындаған. Алайда: «Сурет салу – шығармашылық өнер, ал қолөнер бұйымдарын жасау – күнкөріс қамы», – дейтін отағасы әзірге бала-шағаның қамын күйттеуден әрі асуға мұрша болмай жүргендігін жасырмайды. Алдымен бұйымдардың эскизін жасап, технологиялық пішіндерін лайықтап, өндіріске енгізу оңай шаруа еместігін айтады.
– Бұйымға қажетті шикізаттың сапалысын Қытай, Қырғыз, Ресей, Корей, Үнді елдерінен сатып аламыз. Оның экологиялық тазалығы мен төзімділігіне назар аударамыз. Осы салада 40 жыл еңбек етіп жүргендіктен жақсыны айыру қиын емес. Сонымен қатар, бұйымның құралып, жасалуына баса мән беріледі, – деген қолөнер шебері дайын болған өнімдерінің Астана мен Алматыдай ірі қалалардың «Талисман», «Заңғар» сынды орталық сауда орындарында саудаланатындығын айтты.  
   Қазір көршілес мемлекеттердің арзанқол дүниелері базарды жаулап алғаны жанға батады. Саны көп те сапасы жоқ дүниелерден көз сүрінері анық. Қазақтың аста-төк тойларының төрінен орын алып, қолдан-қолға көшіп жүретін де осы ұлттық бұйымдарымыздың «көшірмелері» екені жасырын емес. Ауадан ақша жасағанды жақсы көретіндер үшін мұның таптырмас табыс көзіне айналғаны ақиқат.
  Алайда көзге ұнамды, көңілге қонымды құнды заттың жақсы-жаманын айыра білетін тұтынушылар Гүлсара Өтеп сияқты шын шебердің қолынан шыққан табиғи таза өнімге тапсырыс беруді әлдеқашан әдетке айналдырған. Соның арқасында қол қусырып қарап отыруды құп көрмейтін қолөнер шебері сәбиін алдына салып, еңбек көрігін қыздыруда.
   Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатындағы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында алты айлық қайта даярлау курсын тамамдаған Г. Өтеп аудандық жұмыспен қамту орталығынан  3 млн. теңге несие алып, кәсібін кеңейтуге күш салады. Құны 1 млн. теңге тұратын іс машинасын алып, екі адамды еңбекпен қамтығанның арқасында несиені мерзімінен бұрын жапқандығы кәсіп иесінің табандылығын таныта түседі. Халықтық өнердің өрісті болуына бар ынта-ықыласын аударып жүрген Гүлсара Қуанышбайқызы бүгінде ауданның іскер әйелдерінің көшбасынан көрінуде. Осы көктемдегі қыз-келіншектер мейрамында аудан әкімінің қабылдауында болып, Алғыс хатпен марапатталып, сый-сияпат көруі осы ойымыздың дәлелі болса керек. Іскер жанның өмірде көрген-білгенін өзгелермен бөлісіп, өскелең ұрпаққа үйретсем деген де арманы жоқ емес. Ол үшін жұмыс істеуге қолайлы әрі талапқа сай шеберхана ашып, оны озық технологияға негізделген заманауи іс машиналарымен жабдықтаса нұр үстіне нұр болмақ. Асқар таудай армандарға жету жолындағы сан түрлі қиындықтарды бағындырып, бір қадам болса да алға басуды  басты міндеті деп біледі.
   Бүгінде екі тігіншіні еңбекпен қамтып отырған Гүлсара Өтеп алдағы уақытта өндіріс орны кеңейсе тағы екі жұмысшы алуды көздеп отыр. Оған талантты шебердің қолынан шыққан сапалы қолөнер бұйымдарына сұраныстың еселеп артумен қатар шетелден түсе бастауы да себеп. Осылайша ұлттық кодымызды жаңғыртуға жан аянбай атсалысып жүрген шеберқолдар отбасының әр ісінің берекелі болуына біз де тілектестігімізді білдіреміз. Шынайы шебердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары ұлттық брендке айналарына еш күмәніміз жоқ.

   Ұлттық кодымызды жаңғыртуға  аянбай атсалысып жүрген шеберқолдар отбасының әр ісінің берекелі болуына біз де тілектестігімізді білдіреміз. Шынайы шебердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының ұлттық брендке айналарына еш күмәніміз жоқ.

Ұлбосын ИСАБЕК.