КӨЛ ЖАҒАЛАЙ ҚОНҒАН ЕЛ

Уақыты: 24.07.2018
Оқылды: 1495
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

   Балқаш көлінің жағасына, Алматы – Астана бағытындағы күрежолдың бойында орналасқан Үлкен ауылында  балықшылар күні аталып өтті. Негізгі нәсібін балықтан табатын, күндерін тынымсыз еңбекпен өткізетін тұрғындар алыстан келген қонақтарды ақжарқын қарсы алып, көл жағалауындағы мереке қызығы күні бойы жалғасты. Шараға арнайы барған аудан әкімі Бағдат Әлиев балықшылар қуанышына ортақтасты

 

   Ауданда балық шаруашылығымен айналысатын бірден-бір елді мекен – Үлкен ауылы. Мұнда балық аулап, балық өнімдерімен Қазақстанның үлкен-үлкен қалаларын қамтамасыз етіп отырған бірнеше кәсіпорын орналасқан. Олар – «Абылхайыр», «Компания Жеңіс – 2006» және «Фиш Стреит» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Осы ұйымдардың қызметкерлерін аудан басшысы төл мерекелерімен құттықтап, ауылдың балық өндірісі саласында жұмыс істейтін жұмысшыларды салтанатты жағдайда марапаттады. Бұл орайда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлестері үшін Ыдырыс Маламанов, Виктор Ливеркин, Ғалия Мамекеева, Тұрсынкүл Жұмабаева, Алтынгүл Рақымжанова, Марғұлан Қабдығалиев, Құттық Өмірзақов, Әділ Тұяқбай, Татьяна Крюкова, Татьяна Курманова, Ольга Анабиева сияқты еңбек адамдары аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
   Балықшылар мерекесі аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Өнер ұжымының күміскөмей әншілері  Есбол Шаңбаев, Лаура Жүмекеева, Гүлниза Жұмажанова, Сәкен Қуантқанұлы, Ұлжан Ағұлақова, Уатхан Заханқызы, Ақбота Серікболова, Рауза Аман, Айжан Нүсіпжанова,  Самал Жұман көл жағалауын ән мен жырға бөлеп, мереке иелеріне тамаша көңіл-күй сыйлады. Шараға жиналған қауым Балқаштың тұнық суына түсіп, жағалауда жаңа піскен ыстық астан ауыз тиіп, мерекені жандандырды. Ауылдың бүлдіршіндері мен жасөспірімдерінің қатысуымен «Нептун» атты іс-шара Балқаш жағасындағы мереке шырайын ажарландыра түсті. Қайықпен келіп, жағаға түскен ертегідегі су перілері болып киінген қыздар қойылым көрсетіп, флешмоб орындады.
   Үлкен ауылындағы жеке кәсіпкер Рахима Қайырбекова келген қонақтарды кәуап, балық сорпасы, түрлі дәмдермен қарсы алып, көл жағалауында дастарқан жайды. «Осында тұрып жатқаныма 30 жыл болды. Біз, ауыл тұрғындары, Балқаш көлімен мақтанамыз. Болашақта Үлкен ауылы туризмнің орталығы болады деген сенімдеміз. Біз қашанда жақсылықтың тілекшісіміз. Қасиетті Балқаш көлі жайқалып, Үлкеніміз үлкен қаланың келбетіне ие болса екен. Тұрғындардың жағдайы қазір жақсы. Өзім жеке кәсіпкерлікпен 1993 жылдан бері шұғылданамын. Осында кафе және дүкенім бар. Көлге келіп демалушылардың көңілінен шығуға тырысамыз», –  дейді Рахима Құсманқызы.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Үлкен ауылы,
Жамбыл ауданы