Білім ошағы бой көтеруде

Уақыты: 06.09.2016
Оқылды: 2034
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалы төраға­сының бірінші орынбасы Ғалиасқар Сарыбаев Қарасай ауданында болып, Үштерек ауылында салы­нып жатқан жаңа мектеп құрылысының жұмыс бары­сымен танысып қайтты. Сапар барысында  партияның аудандық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Бейбіт Төлеген бірге жүріп, нысан басында аудандық құры­лыс бөлімінің басшысы Мұрат Анарқұлов пен Әйтей ауылдық округінің әкімі Қайсар Қиқымов қарсы алды.

Ондағы мақсат – партияның стратегиялық бағытына сай бюд­жет қаржысына салынып жат­қан нысандарды қадағалауға алып, мемлекет қаражатының талан-таражға түспеуін бақылау. Сол себептен де Ғалиасқар Төлен­ді­ұлы құрылыс қарқынын өз көзі­мен көріп, қаражаттың қалай игеріліп жатқанын, сонымен қа­тар, істің ілгерілеуіне кедергі бола­тын мән-жайлар бар-жоғын сұрап білді.

Жалпы айтқанда нысан  2,10 га. аумақты алып жатыр. Құры­лысты «Дәулет-Серпін 603» ЖШС-гі жүр­гізуде. Мердігер ме­ке­ме басшысы, облыстық мәсли­хат депутаты Серік Донбаевтың айтуынша, 11 мамырда басталған жұмысқа жаз айының жаңбырлы болуы айтарлықтай кері әсерін тигізгенімен, білім ордасы осы жылдың соңында пайдалануға берілмек.

Мектептің жалпы сметалық құны 897 млн. теңгеден асады. Қазір оның 400 млн. теңгеге жуы­ғы игерілген. Құрылыс басында 120 адам еңбек етсе, тағы 30 жұмысшы серіктестіктің басқа цехтарында іске жұмылған. Бұл ретте іс бары­сында тек ТМД елдерінен алынған сапалы мате­риалдар  қолданы­латынын да айта кеткен жөн. Қа­зір­гі таңда бірінші қабаттың кір­піштері қаланып, екінші қабаты бой көтеруде. Со­ны­мен қатар, жертөледегі жұмыс­тар да дұрыс жолға қойылып, газ бен су құбыр­лары жүргізілген. Осыдан бөлек, бүгінгі таңда элек­тр жарығын тарту, аумақты көрік­тендіру, оның ішінде, волейбол және баскетбол алаңқайлары бар мектеп стадио­нын салу да қолға алынған. Жал­пы, құрылысшы­лардың басты мақ­саты – тезірек нысанның шатырын жауып, ал­дыңғы бөлігін бір қалып­қа кел­тіріп алу. Сонда, қандай ауа-райы болмасын ішкі әрлеу-әктеу жұ­мыс­тарын жасай беруге болар еді.

Негізі, аталған ауылда 3500 тұрғын тұрса, олардың 250-і бала­лар. Бұған дейін, 1-4 сынып оқу­шылары бастауыш мектепте білім алса, жоғарысыныптықтар көр­шілес Үшқоңыр ауылына қатынап оқуда. Қазіргі салынып жатқан жаңа мектеп 300 орынға арналған. Өз кезегінде Ғалиасқар Төленді­ұлы бұл нысан пайда­лануға беріл­генімен де бола­шақта оқушылар саны әлі де күрт көбейіп, мек­тептегі орын тапшы­лығы мәселесі қайта қылаң беруі мүмкіндігін тілге тиек етіп, осын­дай нысан­дарды жобалау кезінде жергілікті билік, қоғам өкілдері кеңесіп, елді-мекендердің ерек­шеліктері ескерілсе деген ұсы­нысын да айтты. Ал, жалпы ал­ған­да, аталған мектептің ашылуы шағын ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сый­лары анық.

Атлана Исаева.

Қарасай ауданы.