Бейнеттің зейнеті бар

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 1358
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ
Шын мәнінде зейнетақы жинақтары – бұл стратегиялық қаражат. Сенімді ақпарат көзінен білгеніміздей, бүгінгі таңдағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы 8 триллион теңгені құраса, жеке зейнетақы шоттарының саны 10 миллионнан асты. Иә, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі 20 жылда осындай ауқымды табысқа қол жеткізді. Десе де, осы уақыт аралығында көптеген өзгерістерге ұшырап, кедергілермен бетпе-бет келіп, тәжірибе жинап, жетіле түсті. 
Бәрімізге мәлім, 1991 жылдары еліміз тәуелсіздік алғанда кеңестік зейнетақы жүйесі ыдырай бастады. Сол тұстағы экономикалық құлдырау мен  жұмыссыздықтың белең алуы, тұрғындардың қартаюына байланысты кеңестік жүйе тиімсіз болды. Осы тұста жаңаша бағыттағы зейнетақы қорын құру тақырыбы күн тәртібіне шықты. Сол себепті еліміз зейнетақы жүйесіне реформа жасауды ұйғарды. Бұл міндетті ТМД елдері арасында бірінші болып жүзеге асырып, көрші елдерге үлгі көрсетті. Осыған сәйкес, 1997 жылғы маусымда «Қа-        зақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңы қабылданып, 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Міне, содан бергі 20 жыл қазақстандықтар үшін бейнеттің зейнетін көруге арналған табысты мезгіл болды.  
Халқымызда «Көш жүре түзеледі» деген нақыл бар. Шынында, еліміздің жаңа зейнеткерлік жүйесі бастабында оң нәтиже бере қойған жоқ. Тіпті, тұрғындар арасында да түрлі түсініспеушілік орын алып, зейнетақы қорына аударылатын 10% мөлшердегі зейнетақы жинағын салық ретінде қабылдаған жағдайлар да көрініс тапты. Олар бұл жарналардың жеке зейнетақы шоттарында жинақталатындығын, болашақ зейнетақының осы жинақтардың есебінен төленетіндігін анық түсіне алмады. Осыдан жиырма жыл бұрын шотына алғаш зейнетақы жарнасы аударылғандар бүгінде зейнет жасына келіп, бейнеттеніп жинаған жинақтарының игілігін көре бастады. Азаматтардың зейнетақы жинақтарын қорғау және индекстеу 2013 жылғы «ҚР зейнетақымен қамту туралы» Заңында көрсетілген механизм бойынша атқарылғандықтан қазақстандық зейнетақы жүйесі өз бағытынан ауытқыған жоқ.  
Отандық зейнетақы жинақтау тәсілі бірден баянды жұмыс істеп кете қойды деуден аулақпыз. Талай қиындықтар мен бұралаң жолдарды өткерді. Елімізде ең алдымен мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры МЖЗҚ пайда болды. Кейін біртіндеп жеке зейнетақы қорлары құрыла бастады және олар жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына маңызды үлес қосты. Бірақ, уақыт өте келе жеке жинақтаушы қорлар тарапынан келеңсіз жағдайлар орын алды. Сондай-ақ, жеке қорлар тарапынан зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарды әрқалай есепке алатын бір емес, бірнеше шот пайда болды. Осы себептерге орай, азаматтардың жинақтарын басқару тиімді әрі қауіпсіз болуы үшін 2013 жылы МЖЗҚ базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды (БЖЗҚ). Осы бастаманың нәтижесінде әкімшілік және операциялық шығындар қысқарды, комиссиялық сыйақылардың мөлшері де екі есеге азайды, қате ашылған техникалық шоттардың саны қысқарды. 
Ескерте кететін жайт, БЖЗҚ-ның құрылуы зейнетақы жүйесінің өзгеруіне әкеп соққан жоқ. Қазақстанның зейнетақы жүйесі бұрынғыдай ортақ және базалық зейнетақы, сондай-ақ, жинақтаушы бөлік болып үш жүйе бойынша жұмысын жалғастыра берді. Алайда, салымшылар мен алымшылардың құқығын қорғау тұрғысынан өте тиімді болғанын мойындаймыз.
Еліміздің зейнетақы жинақтау жүйесінің жұмысын 2013 жылғы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жетілдіре түсті. Онда еліміздегі зейнетақы жарналарын жинақтаудың 3 жолы анық көрсетілген. Оның біріншісі, екі компоненттен құралған бюджет есебінен берілетін зейнетақы. Бұл 1998 жылдың  1 қаңтарына дейінгі жағдай бойынша кемінде алты ай жұмыс өтілі бар адамдарға төленетін ортақ зейнетақы, сонымен бірге, өткен жылдан бастап беріле бастаған өтіліне байланысты болатын базалық зейнетақы. Екіншісі, жұмыс берушінің жарналарынан құралатын жинақтаушы зейнетақы. Оған 1998 жылдан бастап төлене бастаған жұмыс істеушінің ай сайынғы кірісінің 10 пайызы көлеміндегі аударылымынан құралатын зейнетақы жинағы, 2014 жылдан бастап зиянды өндірісте еңбек ететін жұмыс істеушілерге жұмыс беруші өз есебінен төлейтін 5 пайыз көлеміндегі зейнетақы жинағы, 2018 жылдан бастап жұмыс беруші өзінің барлық қызметкерлерінің шартты зейнетақы есепшотына аударатын жаңа 5 пайыз көлеміндегі жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы жатады. Үшіншісі, ерікті жинақтар. Осы топтағылар 1998 жылға дейін 1 ай көлемінде де еңбек өтілі жоқ болса да 2030 жылдардың соңына таман зейнеткерлікке шыға бастайды. Олар ортақ зейнетақы алмайды, тиісінше зейнетақысының жалпы көлемі қысқарады. Айталық, жоғарыда аталған үш түрлі тәсіл бойынша төленетін зейнетақы зейнеткерлікке шыққаннан кейін 10 жыл өмір сүрсе де немесе 40 жыл өмір сүрсе де, яғни өмір бақи, тіпті шартты зейнетақы есепшотындағы қаржы біткен күннің өзінде де, төлене береді. Бұл зейнеткерлік сақтандыру үрдісі болып табылады. 
Осы заң жарияланған тұста бәріміз күмәнмен қарағанымыз шындық. Алайда, заңда көрсетілген талаптардың бүгін толығымен орындалып, тұрғындардың ризашылығына бөленіп жүргенін көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық. Демек, бұл заң қазақстандықтардың зейнетақы жинақтау жүйесіне деген сенімін нығайтты.
Кейде БЖЗҚ салымшылары мен алушылары тарапынан «Тұтыну бағасының өрлеуі мен төмендеуі зейнетақы мөлшеріне ықпал ете ме?» – деген сұрақ жиі туындап жатады. «ҚР зейнетақымен қамту туралы» Заңның 5-бабына сәйкес, мемлекет алушының зейнетақы төлемдерiне құқықты иемдену кезiндегi инфляция деңгейiн ecкepe отырып, iс жүзiнде енгiзiлген мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Бұл кепілдік зейнетке шығатын азаматтың зейнетақы жинақтарының кірісі жинақталған инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда пайда- ланылады. Егер бағамның өзгеруі салдарынан қазақстандық экономикада инфляциялық қысым пайда болса, зейнетке шыққан салымшылар бюджеттен өтемақы алады. Мысалы, өткен жылы салымшылар мен  алушылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 550,6 млрд. теңгені құрап, Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайызға жетті. Ал бұл кезеңде инфляция деңгейінің 7,1 пайыз болды. Демек, елімізде зейнетақы жарналарын қамсыздандыру жүйелі жолға түскен. Сондықтан тұрғындар өз тарапынан зейнетақы жинақтарын көбейте берсе болады.
Салымшыларға өздерінің жеке зейнетақы шоттарының жай-күйі туралы біліп отыру да маңызды. Жасыратыны жоқ, бұрындары зейнетақы шотының жағдайы туралы ақпаратты жылына бір рет конверт арқылы алуға әдеттеніп қалғанбыз. Жыл соңы болғанда поштадан конвертті тосып, кейде жинақ туралы ақпарат ала алмай қиналып қалған кездеріміз де кездескен. Кейінгі жылдары зейнетақы жинағын электронды тәсілмен алатындар көбейді.  
Бүгінде бұл туралы ақпарат алу үшін Қор кеңсесіне бару немесе дәстүрлі пошта байланысын пайдалану міндетті емес. БЖЗҚ-да көптеген қызмет түрлерін электрондық сервистер арқылы алуға болады. Бұл бағытта жасалған алғашқы қадам электрондық пошта болса, қазір БЖЗҚ салымшылары мен алушылары www.enpf.kz сайтынан жеке кабинет ашуына болады немесе «e-mail-ге ЖЗШ-дан үзінді – көшірме алу» қызметімен; Android, iOS (iPhone, iPad) и Windows Phone операциялық жүйелеріне арналған ENPF мобильді қосымшасымен пайдалана алады. Ал «Цифрлы Қазақстан» ұлттық бағдарламасы электрондық қызмет мүмкіндіктерін кеңейте түсті. EGOV.KZ «электрондық үкімет» порталы арқылы да Қор қызметтерін қолдануға болады. Қазір электрондық қызметтердің үлес салмағы Қордың жалпы қызметтерінің 52 пайызын құрап отыр. 
Тіпті, өткен жылдың маусым айында қолға алынған enpf.kz сайтын бүгінге 20 мыңға жуық адам пайдаланып үлгеріпті. Атап айтқанда,  2298 салымшы Қор сайтының «Жеке кабинет» бөлімі арқылы онлайн тәртібінде жеке зейнетақы шотын ашса, 987 алушы зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш берген. Ал 11754 адам жеке деректемелеріне өзгерістер енгізсе, 4155 салымшы зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет байланысы арқылы алуға ауыстырған. Ал зейнетақы шотының жай-күйін электрондық жолмен біліп отыратындар саны 4 миллион 700 адамға жетті. Олардың ішінде шамамен 800 мың адамға шоттан үзінді-көшірме электрондық поштасына келсе, 3 млн. 900 мың адам ақпаратты қалта телефондарына жүктеген «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алған. Бұл салымшылар мен алушылардың электронды қызметке ден қоя бастағанын көрсетеді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселеніп,  Қордағы электрондық қызметтердің үлес салмағы 2021 жылға дейін 60 пайызға жеткізіледі деп күтілуде.
 Бір қуанарлығы, қазіргі таңда Зейнетақы қоры сайтты жаңарту және цифрлық қызметтерді дамытумен шектеліп қалмай, ұялы байланыс операторларымен тығыз байланыс орнатып жатыр. Қазірдің өзінде Tele2 және Altel бірлескен компаниясының абоненттері өз шотында теңгерімнің бар-жоғына қарамастан Қордың ұялы қосымшасын пайдалана алады. БЖЗҚ жақын болашақта басқа да операторлармен осындай келісім жасасуды көздеп отыр. Демек, мұны тұтынушылардың ақпараттарды толық әрі қолжетімді пайдалануына ашылған жол деуге болады. Сонымен қатар, Зейнетақы қоры тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, оның ішінде әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлініп жатқандығын айта кеткен дұрыс. 
 Жұмыс берушімен еңбек қарым-қатынасын дұрыс рәсімдеп, зейнетақы жарналарының Қорға тұрақты аударылып тұруын қадағалаудың маңызы өте зор. Бұдан өзге, Қорға ерікті зейнетақы жарналарын аударып тұрған жөн. Бұл болашақта алатын зейнетақының мөлшерін ұлғайтуға септігін тигізеді. БЖЗҚ өз тарапынан ерікті зейнетақы жоспарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүдделі және әрбір салымшыға кәсіби кеңесші болуға дайын. Егер зейнетақыны жоспарлауға жауапты қарап, БЖЗҚ мамандарының білімі мен тәжірибесін пайдаланатын болсаңыз, болашақта алар зейнетақыңыздың мөлшері де қомақты бола түсері анық.
Иә, жиырма жылда біз осындай үлкен жетістікке жеттік. Алдағы уақытта бұл саладағы жұмыстар жетілдіріліп, әрбір қазақстандықтың зейнетақы игілігін көріп, алаңсыз тіршілік етуіне жағдай жасала бермек.
 
Қажет АНДАС