ЕСІКТЕ 120 БАЛАҚАЙ ШАТТЫҚҚА КЕНЕЛДІ

Уақыты: 05.10.2018
Оқылды: 1411
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тұманбай Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ ұрпаққа тәрбие беріп, ұлағатымен танылған ұстаздар қауымын құттықтап, жылы лебізін арнады. Төл мерекесінде шығармашылық жетістіктерге қол жеткізген 65 ұстазға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етіп, сый-сияпат жасады.

Солардың ішінде Есік қаласындағы Абылай хан орта мектебінің физика пәні мұғалімі Ермек Алмабекті ерекшелеп айтуға болады. Ұлағатты ұстаз биыл Астанада өткен «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанып, 2 миллион 405 мың теңгенің грантына ие болды. Сондай-ақ, облыс бойынша үздік деп танылған Шелек ауылындағы «Бәйтерек» балабақшасының ұжымы да аудан абыройын асқақтатты. Ұстаздардың кәсіби мерекесі ары қарай тағы қуанышқа ұласты. Жиналғандар Есік қаласындағы жаңадан салынған 120 орынды «Эмир» балабақшасының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Балабақшаның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Бинәлі Ысқақ өңірде «Балапан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.

– Биыл ауданымызда 18 балабақша ашу жоспарланған. Соның он екіншісі бүгін, міне, бүлдіршіндерге есігін айқара ашып отыр. Жыл соңына дейін 6 балабақшаның құрылысы аяқталады. Сөйтіп, балаларды балабақшамен қамту 96,8 пайызға жетеді, – дей келе, аудан әкімі бүлдіршіндерді қуанышқа бөлеген кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Сейітхан Қырқынбаевқа жұртшылық атынан ризашылығын білдірді. Білім беру ісінің үздігі, білікті ұстаз Өкен Қыдырбаев балабақша ұжымына сәттілік тілеп, ақ батасын арнады.

Мемлекеттік және жеке меншік серіктестік аясында бой көтерген екі қабатты ғимаратта балалар үшін бар жағдай жасалған. Заман талабына сай жабдықталған 6 топқа арналған бөлмелерде музыка және дене шынықтыру залдары, арнайы медицина бөлмесі қамтылған. Ойын алаңдары мен білім беру бұрыштарында балаларға қатысты оқулықтар, дидактикалық құралдар топтастырылған. Мұнда арнайы білімі бар 6 тәрбиеші балаларға қазақ және орыс тілдерінде тәрбие беріп, сауаттарын ашады.

– Үйіміздің маңынан ашылып отырған балабақшаға дән ризамыз. Аралап көрдік. Ғимараттың сыртқы келбеті қалай көз тартса, ішкі көрінісі де ойымыздан шықты. Кішкентай бүлдіршіндеріміз мұнда алаңсыз тәрбие алатынына кәміл сенемін, – дейді немересін ертіп әкелген Назира Қойбасова.

Жиналған қауым кішкентай бөбектердің балдай тәтті былдырлаған тілдеріне мәз болды. Ең бастысы, балабақшаның ашылуы ұстаздар күніне дөп келгенін барлығы жақсы ырымға балады.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы