ЖЕТІСУДАН 250 ОТБАСЫ КӨШІП КЕТТІ

Уақыты: 23.10.2018
Оқылды: 1116
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тұрғындар арасында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында солтүстік-шығыс өңірлерге көшу мүмкіндіктері және бос жұмыс орындары туралы түсіндіру жұмыстары өткізілуде. Осы орайда І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде Павлодар облысынан келген делегация бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді.

Аталмыш тақырыптағы түсіндіру жұмыстары мен келелі кездесулер бұған дейін 11 аудан мен 2 қалада өткізілген. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. Облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттеріне қоныс аудару туралы ақпарат шыққаннан бері жүйелі жұмыстар күшіне енген. Биыл солтүстік өңірлерге 461 отбасын көшіру жоспарлануда. Жұмыс күші жетіспеген аймақтарға азаматтарды тарту жолында жүздеген мүмкіндік қарастырылған. Қазан айының басында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының жұмыс берушілері қатысқан 19 өңіраралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткен. Нәтижесінде, қоныс аударуға тілек білдірген 241 ауылдық округ тұрғындарынан Солтүстік Қазақстанға 39, Қостанай облысына 23, Шығыс Қазақстанға 38, Павлодар облысына 52 отбасы көшкен.

Кезекті жәрмеңкеге келген Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов аталмыш шара жайлы тарқатып өтті. Оның айтуынша, Павлодар облысына бүгінде 5000-ға жуық жұмыс орны жетіспейді. Осыған орай жұмыс күші жоғары Алматы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарына арнайы түсіндіру жұмыстарымен барып, тұрақты қызметкерлер іздестірілуде. Қайрат Қайыржанұлы өз сөзінде бүгінге дейін облысымыздан 250 отбасы, яғни, 1000 адамның Павлодарға қоныс аударғанын айтып өтті. Әлеуметтік көмектің де айтарлықтай ауқымдылығы барын жеткізген делегация төрағасы көшіп барған әр отбасына 84000 теңге қаржылай көмек беріліп, 1 жыл бойы пәтерақы үшін 45-50 мың теңге көлемінде ақша аударылатынын сөзге қосты. Сондай-ақ, шаруашылыққа қызығушылық тудырған қоныс аударушыларға 200-1000 га аралығында жер телімдерінің берілетіндігін тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда Павлодар облысында ауылшаруышылығын дамыту бойынша жаңа бағдарлама іске қосылған. Мал бағамын, табыс табамын дегендерге 50 қойдан үлестіріліп, 3 жылдан соң қайта алмақ. Ал сол уақыт аралығындағы төл әр азаматтың өзінде қалмақ. Бұл бағдарламаның мүмкіндігі жоғары. Тіпті 100 қойға дейін үлестіру жүйесі де қарастырылған. Павлодарға жұмыс барысымен қоныс аударып, тұрғылықты үйін алғандар да жетерлік. Делегациямен бірге келген Павлодар облысы, Тереңкөл ауданы әкімшілігінің бас маманы Самат Баянбаев бұл сөзімізге дәлел. Өңіріміздегі Еңбекшіқазақ ауданының тумасы, аталмыш аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметінде болған ол Павлодар облысына қызығушылық танытып, бос жұмыс орындарына үлкен әсермен қараған. Нәтижесінде, Тереңкөл ауданына тұрақтап, жұмыс орнымен қамтылған. Оның айтуынша, аталмыш аймақта жастарға көрсетіліп жатқан көмек көп.

Жәрмеңкеге жиналғандарға жаңа мүмкіндіктерді таныстырған Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева мұнда 10-нан аса аудан, ауылдық округ әкімі келгенін айтып өтті. Сондай-ақ, жиын қатысушыларының сұрақтарына толыққанды жауап беріп, Павлодарға қоныс аударудың кеңшіліктерін қолайлы пайдалануды ұсынды.

Құралбек СӘБИТОВ