Рыскелді СӘТБАЕВ: "АПТАСЫНА ЕКІ РЕТ ФУТБОЛ ОЙНАЙМЫН"

Уақыты: 02.11.2018
Оқылды: 1380
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ақбас Алатаудың баурайындағы Талғар ауданының әлеуметтік-экономикалық даму үрдісінен жаңашылдықтың лебі есетіндігін байқау қиын емес. Бүгінде аграрлық аймақтың ауылшаруашылығы мен өнеркәсібі, өнері мен мәдениеті, білімі мен спорт саласы қарқынды дамып келеді. Бұл - Елбасының бастамасымен қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан игі бағдарламалардың жемісі. Олай болса, Талғар ауданының әкімі Рыскелді СӘТБАЕВПЕН арамызда өрбіген сұхбатқа көз жүгіртейік.

– Рыскелді Ахметқалиұлы, өзіңіз қызметке келген алты айдан астам уақыт аралығында Алматыдай ірі мегаполиспен іргелес ауданның тыныс-тіршілігін бес саусақтай біліп те алған боларсыз?

Тарихы Талхизбен тамырлас Талғар топырағы құнарлы, жері шұрайлы, тіршілікке қолайлы аймақ қой. Сондықтан да халық саны жылма-жыл артып келеді. Аудан халқының саны 200 мыңға жуықтады. Мұндай өсім барда әлеуметтік-экономикалық даму баяуламауы тиіс. Соған орай әкім болып тағайындалған алғашқы күннен бастап-ақ ауданның 11 ауылдық, 1 қалалық округінің жұртшылығымен жүздесіп, келелі кездесулер өткізіп, бар-жоғына, мұң-мұқтажына құлақ түріп, жеткен жетістіктерімен жете таныстым. Осы арқылы алдыма айқын міндеттер қойдым. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген емес пе?! Ауыл ішінде түйткілді мәселелердің барын еш бүкпесіз айтып, ұсыныс-пікірімен бөліскен көпшіліктің риясыз көңілі қанаттандырып, жұмысты ширатуға тың серпін беріп келеді. Сол себепті кабинетте отырғаннан гөрі ел ішін аралап, маңызды нысандардың жұмыстарын қадағалауды жөн санаймын.

– Әңгіме басын ауданның сүбелі бір саласы – ауылшаруашылығының даму көрсеткіштерінен бастасаңыз.

– Ауданымыздың ауылшаруашылық саласы «Байсерке-Агро», «Амиран» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен әйгілі десек еш артық айтқандық емес. Өндіріс пен ғылымды ұштастырып отырған шаруашылықтардың мал басын асылдандырудағы, егіс алқабына жаңа технология енгізудегі, отандық сүт өнімдерін өндірудегі іс-тәжірибесі ел аумағына кеңінен таралуда. Биылғы күзде «Байсерке-Агро» ЖШС аумағында республика көлемінде тұңғыш рет «Егінжай» күні аталып өтті.

Биыл ауылшаруашылығы саласында жалпы құны 4684 млн. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге оның екеуі іске қосылды. Атап айтсам, «Баймене» ЖШС 40 гектар алқапқа қарқынды бақ отырғызса, «Алматы» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салды. Қалған 4 жоба жыл аяғына дейін іске қосылмақ.

Егіс алқабының құрылымы 33895 гектарды құрап, оның 13725 гектарына дәнді дақылдар, 4860 гектарына майлық дақыл, 3785 гектарына картоп, 2721 гектарына көкөніс, 220 гектарына бақша дақылдары және 8584 гектарына жем-азықтық дақылдар егіліп, күзгі жиын-терін жұмыстары толығымен аяқталды. Мал азығын дайындау науқанының жоспарына сәйкес 93600 тонна шөп, 15400 тонна сабан, 24100 тонна пішендеме бастырылып, бағдарлама 100 пайызға орындалды.

Алматы қаласы мен аудан тұрғындарын көкөніс өнімдерімен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған, жалпы көлемі 4,55 гектарды құрайтын 23 жылыжай шаруашылығы бірінші дақыл айналымынан 540 тонна өнім алды. Қазіргі уақытта екінші дақыл айналымына топырақты құнарландыру жұмыстары жүргізіліп, көшеттер отырғызуға дайындық жүргізілуде.

Аудан бойынша ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 33 кәсіпорын 1251 адамды жұмыспен қамтып, өңірдегі жұмыссыздықты жоюға септігін тигізуде. Биылғы сегіз айлық көрсеткіш бойынша 5730,2 млн. теңгенің өнімі қайта өңделіп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 106,2 пайызды құрады. Мал басын көбейтуде «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға», «Ырыс» бағдарламалары бойынша бірқатар ауылшаруашылық құрылымдары іске қосылып, нәтижелі жұмыстар жасауда.

– Жоғарыда айтып өткеніңіздей, халық саны артқан сайын әлеуметтік түйткілді мәселелердің де еселене түсетіні хақ. Мысалға, тұрғындардың баспанамен қамтылуы, баланың мектепке немесе балабақшаға орналасуы сынды маңызды проблеманың түйінін тарқатуда қандай жобалар жүзеге асырылып отыр?

– Елбасының «5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде атап көрсетілгендей, халыққа қолжетімді баспана салудың жолдары қарастырылуда. Осы уақытта ауданда шамамен 2889 адам тұрғын үй алу кезегінде тұрса және 26420 адам жер учаскесін алуға өтініш білдірген. Одан бөлек, биыл «7-20-25» бағдарламасы бойынша құрылыс бөлімі тарапынан 60 пәтерлі несиелік тұрғын үй Талғар қаласында қолданысқа беріледі. Сонымен бірге, осы жаңа мөлтекауданнан тағы да осындай 60 пәтерлі 3 үйдің және 50 пәтерлі 1 үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Аталған тұрғын үйлердің құрылысы 2019-2020 жылдарға жоспарланып отыр. Көпқабатты жаңа тұрғын үйлер бой көтерсе қаламыздың да көріктене түсері сөзсіз. Осы бағдарлама аясында құрылыс бөліміне берілген 7,9 гектар жер теліміне тұрғын үй салуға инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Бұған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жалдамалы және несиелік тұрғын үйлерді көптеп салу көзделген. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында Белбұлақ ауылында 4 жеке үй салынып, «Тұрғын үй жинақ банкінің» «5-20-25» талабы бойынша аудан тұрғындарына берілуге дайын.Болашақта осы коттедж-қалашығында 70 үй салу жоспарланған.

Өздеріңіз білесіздер, жуырда ғана облыс әкімі Амандық Баталов пен «Баспана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков бірлескен меморандумға қол қойды. Бұл келісімнің арқасында «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарнасының жартысы субсидияланатын болады. Халықты баспанамен қамтуға бағытталған мұндай іске облыстан 2 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл аудандағы бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтарымызға, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлерге үлкен қолдау.

– Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көтеруді тапсырды. Жалақының өсуі – халыққа жасалып отырған үлкен көмек десек, мұндай қуанышқа тұрғындардың қаншасы қол жеткізбек?

– Жаңа Жолдау барлық саланың жұмысын жандандыруға арналғанымен әрбір бағытқа жеке-дара тоқталғандығымен ерекшеленді. Әсіресе, дәрігерлердің жалақысын көтеру, «Мұғалім мәртебесін арттыру туралы» Заңды әзірлеуді ұсынуы сала мамандарының мерейін өсірді. Осыған сай ауданда 8840 бюджеттік ұйым қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 35 пайызға артпақ.

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жыл сайын 30 млрд. теңгеге қосымша қаржыландыра отырып, 2025 жылға дейін ұзарту тапсырылды. Бұл бағытта қандай жобалар жүзеге асуда?

– Бағдарлама басталғалы бері аудан кәсіпкерлеріне 13 жобаны іске асыруға 1,2 млрд. теңгеге қолдау көрсетілген, 87 жұмыс орны ашылды. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,9 мыңнан асып, жергілікті бюджеттегі үлесі 97 пайызды құрады. Шағын және орта бизнес субъектілеріне жыл басынан бері жалпы сомасы 203 млн. теңгені құрайтын 42 шағын несие беріліп, нәтижесінде 50 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күнге шағын несиелендіру жұмыстары жалғасын табуда. Аудан кәсіпкерлеріне үнемі қолдау көрсетіліп келеді.

Өнеркәсіп саласын өркендетуде де ауыз толтырып айтарлық 9 ірі жоба қолға алынған. Жалпы сомасы 5,5 млрд. теңгені құрайтын аталған жобалардың екеуін шетелдік инвесторлар жүзеге асыруда. Оның бірі – қағаз өнімдерін шығаратын, 120 жұмыс орнын қамтитын «Нұрқағаз» зауыты болса, екіншісі жалпы құны 350 млн. теңгеге бой көтеретін «Қазлифт» зауыты. Екеуі де осы жылда іске қосылады.

– Қыс қыр астында. Былтырғы жылдың қысы бірталай тұрғынды бүрсең қақтырғанын жасыруға болмас. Жайсыз жағдай қайталанбас үшін ала жаздай тынымсыз жұмыстар жүргізілді. Ол, әрине, көпқабатты тұрғын үйлерді газдандыру мәселесі болатын. Жылыту маусымына газ толық қосылды ма?

– Бұл – Талғар қаласындағы және көпқабатты үйлері бар ауылдарға ортақ күрделі мәселе болғаны рас. Сол себепті, жаз бойы алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, Талғар қаласындағы 97 көпқабатты үйдің жертөлесі мен жылу жүйесі тексерілді. Осындай жұмыстардың арқасында 30 жертөле тазаланып, 68 көпқабатты үйге ескерту берілді. Қазіргі таңда Талғар қаласы бойынша 166 көпқабатты үйде 31 пәтер иелері кооперативтері құрылып, тиісті құжаттарымен тіркелген.

Былтырғы қыстан ең көп қиындық көрген«Бозторғай», «Мелиоратор» ықшамаудандарындағы 23 көпқабатты тұрғын үйді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу пилоттық режимде жүзеге асты. Аталған ықшам аудандарға 6 блокты-модульдық қазандық орнатылды. Оның 2 қазандығы «Бозторғай» ықшамауданындағы 6 үйді, яғни, 178 пәтерді жылытуға, ал 4 қазандық «Мелиоратор» ықшамауданындағы 17 үйді, яғни, 360 пәтерді жылытуға бағытталған. Бұл күнде «Бозторғай» ықшамауданындағы екі қазандық іске қосылып, тұрғын үйлер орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Ал «Мелиораторда» әзірге 1 қазандық қосылды, қалған үшеуі қарашаның ортасына дейін толық іске қосылатын болады. Жұмыстың өз мерзімінде аяқталуы үшін 44 адамның белсене еңбек еткендігін атау артық етпес. Мұндағы бір ерекшелік – тұрғындар жылумен қатар ыстық суды да пайдалана алады. Бұдан өзге 10 шақты көпқабатты үй өз еріктерімен газбен жылыту жүйесіне қосылса, келер жылға Талғар қаласы бойынша 79 көпқабатты үйді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуға өтінім беріп отырмыз.

Жалпы, аудан бойынша 252 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 163-і Талғар қаласында, қалған 89-ы Бесағаш, Белбұлақ, Панфилов, Кеңдала, Қайнар елді мекендерінде. Осы тұрғын үйлердің барлығын 2019-2021 жылдар аралығында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарлануда. Келер жылы 16 қазандық салу жоспарда бар.

От жағу маусымы басталғалы бері аудандағы 45 мыңға таяу жеке сектордың көмірмен қамтамасыз етілуін ауылдық округ әкімдері назарға алуда.Көмір тапшылығын болдырмау мақсатында тиісті шаралар атқарылуда.

– Алатаудан арқырап әлденеше өзен ағып жатса да талғарлықтардың ауызсудың тапшылығын тартып жататынын жасыруға болмас. Мұның себебі неде?

– Тұрғындардың ауызсудың тапшылығын тартатыны рас. Ол жағдай әсіресе жауын мол түсетін көктем мен күз және тау қары еритін шілде, тамыз айларында жиілейді. Бұған 2014 жылғы селдің де өзіндік әсері болғанын жұрт жақсы біледі. Сондықтан инвесторлар, атап айтсам, «Алматы Инжиниринг» компаниясы 210 млн. теңгегеосы ГЭС-ті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, аяқтады. Стансы толыққанды іске қосылғанда Талғар қаласының су және электрэнергиясының тапшылығы азаюы тиіс. Стансының іске қосылуына байланысты жаңа жұмыс орындары ашылады.

Ауызсу мәселесінің ушығуына су құбырларының тозығы жеткендігі де себеп. Осыған байланысты 1,2 млрд. теңгеге Талғар қаласының №1 алаңына дейін жерасты көздерінің магистралы бас су торабын салу және жаңғырту жобасы әзірленген. Бұл жоба іске асқанда Талғар қаласы мен 12 елді мекен толығымен сапалы ауызсумен қамтылады.

 

Сөз арасында:

– Балаларыңыз туралы білсек...

– Бір ұл, бір қызым бар. Ұлдан екі немере сүйіп отырмын.

– Өмірлік ұстанымыңыз не?

– Адал еңбек ету.

– Кімдердің ақыл-кеңесіне жүгінесіз?

– Көпті көрген ақсақалдардың сөзіне тоқтағанды жөн санаймын.

– Спортпен айналысасыз ба?

– Футболды ерекше жақсы көремін. Аптасына екі рет ойынға қатысамын.

– Қандай кітаптар оқығанды ұнатасыз?

– Тарихи кітаптарға көбірек көңіл аударамын.

 

– «Жол қадірін жүрген білер» демекші, Алматы – Талғар күрежолындағы ертеңгі-кешкі кептеліс жүргізушілердің жүйкесіне тиетіндігін күнделікті өзіңіз де сезініп жүрген боларсыз. Бірақ ел ішінде осы жолды кеңейтуге қадам жасағаныңыз жайлы жағымды жаңалық желдей есіп жүр. Тұрғындар тағатсыздана күтетін ол қандай жоба болды екен?

– Алматы – Талғар күрежолының қиындығын көлік жүргізушілермен қатар осы жолдың бойындағы елді мекен тұрғындары тартып келеді. Көлік қозғалысының көптігінен жол апаты жиілеп, адам шығыны орын алатын қайғылы жайттар кездеспей қоймайды. Бұл Бесағаштан бастап Тұздыбастау, Белбұлақ, Бірлік, Талдыбұлақ, Қызылқайрат ауылдарының, Талғар қаласының тұрғындары үшін күн тәртібінен түсіп көрмеген мәселе дер едім. Көлік кептелісінен бөлек балалардың мектепке қатынауы, жаяу жүргіншілердің арлы-берлі жолдан өтуі де қиындық туғызып, көңілге қорқыныш ұялатпай қоймайды. Сондықтан да бұл тығырықтан шығудың тура жолы – екі жолақты жолды төрт жолақты етіп кеңейту мәселесін республикалық «Қазавтожол» АҚ-ның өкілі мен халық қалаулыларына құлаққағыс еттім. Жасалғанына жарты ғасырдан асса да жамау-жасқаудан аспаған бұл жолмен күніге 50 мыңға жуық көлік ағылады екен. Салдарынан биылдың өзінде ғана 20-дан астам ауыр жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұдан өткен жылдың жеті айымен салыстырғанда көрсеткіштің бір жарым есеге артқанын байқауға болады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары О. Өксікбаев, З. Балиева, Ә. Бектұрғанов және Ш. Нурумовтар ауданымызға келгенде осы мәселенің шешім табуына ықпал етулерін өтініп, аудан жұртшылығы атынан ұсыныс жасадық. Республикалық маңызға ие бұл жолдың төрт жолақты болып кеңейтілуіне еш кедергі жоқ. Алматы мен Талғар қаласының аралығы 25 шақырымды құраса, кеңейту кестесіне оның тек 12 шақырымы ғана кіреді деп күтілуде.

– Жол бойын «жабайы» саудадан арылтуда да бірқатар жұмыс атқарылған сыңайлы.

– 2020 жылға дейін қызмет көрсету саласын дамытуға арналған бағдарлама бекітілген. Соның негізінде қандай да бір сауда орындары заман талабына лайықталып, нормативтік талаптарға сай жасалуы тиіс. Осы орайда заңсыз және жүйесіз салынған 33 нысан сүрілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Көркі көз сүйсінтер Талғардың көркем табиғаты отандық туризмнің күретамыры болуға әбден лайық емес пе?! Әлемдік деңгейдегі саналуан спорттық шаралардың өткізілуі осы ойымызды нақтылай түседі. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуда қандай игі істер атқарылуда?

– Талғардың табиғатына тамсанбайтын жан кемде-кем. Қарағайлы, шыршалы таулары мен тұнық ауасы біз үшін зор мақтаныш. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, отандық туризмді дамытудың тиімділігі артып келеді. Соның арқасында биыл аймаққа 40 мыңға жуық турист келгені туралы ақпар таралды. Аудан аумағындағы «Сегізкөл», «Ақбұлақ», «Табаған» спорттық-сауықтыру кешендері мен «Ойқарағай» демалыс орындарынан қысы-жазы адам үзілмейді. Туристерге ең алдымен жолдың жақсы болуы шарт. Айталық, биыл аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға бөлінген қаражат 620 млн. теңгені құрап, осы қаражатқа ауданда туризм мен инфрақұрылымды дамыту мақсатында Бесқайнар ауылдық округіндегі «Ойқарағай» демалыс орнына барар жолға күрделі жөндеу жұмыстары және Талғар қаласы мен бес ауылдық округтің жолдарының 25 шақырымына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келер жылы аудан бойынша ауылдың ішкі жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын, 5 шақырымға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Ауыл арасы жолдарының жасалып, көгалдандырылуы туристерге оң әсер қалдырары сөзсіз.

Тұрғындардың спорттық кешендерге қолжетімділігін арттыру мақсатында Талғар қаласындағы Абай көшесінің бойынан дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Нысанға республикалық бюджеттен 759 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Дәулет Серпін» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Сауықтыру кешені қараша айының басында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Абай көшесінде орналасқан мәдени-демалыс саябағының құрылысына облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлініп, сыртқы қоршауын орналастыру, алаңдарды түзету, коммуникацияларын жүргізу және ішкі асфальт төсеу жұмыстары жасалынды.

Талғар қаласындағы көпқабатты үйлердің аулаларын қалыпқа келтіріп, абаттандыру, балалар алаңқайларын спорттық-ойын құрылғыларымен жабдықтау жұмыстары қолға алынады. Қаланың 28 көшесіне жобалық-сметалық жұмыстар жүргізілуде. Асфальт жолдарын жөндеуден бөлек жаяу жүргіншілер жолын төсеу, автокөлік тұрақтарын ұйымдастыру және аялдама кешендерін талапқа сай етіп абаттандыру, қалаішілік маршруттарды бір жүйеге келтіру жұмыстары жоспарлануда. Жалпы, Талғар қаласының аты затына сай болуын қалаймын. Қала, ауыл жастарының уақытты босқа өткізбей, тиімді істермен шұғылдануын қалар едім. Мысалы, өзім футбол ойнағанды ұнатамын. Аптасына екі рет ойыналаңына барамын. Ала доптан ерекше күш-қуат аламын. Спорт деген адам денсаулығының кепілі емес пе?! Ал Талғардың таза ауасында, көркем табиғатының аясында спортпен айналысу тіптен керемет.

Жақында ғана олимпиадалық ойын түріне жататын велоспорттың ВМХ түрін дамытуға арналған стандартқа сай жаңа трасса Талғар төрінен салтанатты түрде ашылғандығын айта кетейін. Осының барлығы ел келешегі – жастардың, тұрғындардың күнделікті өмірде салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен шұғылдануына жасалып жатқан игі істер.

– Аудандық мәслихат депутаттарының белсенділігін қалай бағалайсыз?

– Депутаттарды «халық қалаулысы» деп бекер айтпайды ғой. Халықтың мұң-мұқтажына, ұсыныс-тілегіне құлақ асып, кемшіліктің орнын толтыратын да осы ел сенімін арқалаған азаматтар. Олардың арасында әлеуметтік тұрғыда тұрмысы төмен отбасыларға, жетім бала, жесір аналарға, қарттарға қайырымдылық жасауда аянып қалмайтын атымтай жомарттар аз емес. Сондықтан сайлаушылардың үніне құлақ асып, халықтың бел ортасынан табылып, жанашырына айналған депутаттардың белсенділігіне көңілім толады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан - Ұлбосын ИСАБЕК