Рауан РАҚЫМБЕКОВ: "КЕҢЕСІП АЛМАЙ, ІСКЕ КІРІСПЕЙМІН"

Уақыты: 08.11.2018
Оқылды: 1431
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мал басын жайлаудан қыстауға бұрған бақташы алдындағы табын-табын сиырының, шопан отар-отар қойының күйіне қарап, жыл бойы істеген жұмысына баға беретіні сөзсіз. Ал диқан болса қамбадағы астығының мөлшеріне көз жіберіп көңілін байытады. Бұл оның жыл басынан бергі еңбегінің өлшемі, жұмысының жемісі, қалыптасқан үрдіс деуге болады. Осыған орай біз де аудан, қала әкімдерімен кездесіп, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалды, жалпы аудан бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылап, сұхбаттасуды дәстүрге айналдырып келеміз. Олай болса, күш қуаты бойында, жаңашылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп, замана ағымына ілесе білетін Қаратал ауданының әкімі Рауан РАҚЫМБЕКОВПЕН болған сыр-сұхбатқа көз жүгіртейік.

Рауан Тұрданғазыұлы, өңір басшысы өзіңізге сенім артып, аудан басқаруды тапсырды. Креативті ой, заманауи үрдіске еркін бойлап, тың бастамаларды іске асыра алатын білікті кадрсыз. Сұхбатымызды жалпы күнделікті жұмысыңызды неден бастайсыз деген сауалдан бастағым келіп отыр.

– Анығын айтқанда, әр адамның өзіндік жұмыс стилі бар. Сол стиль сенің басты ерекшелігіңнің бірі болуы керек және оны әдетке айналдырған дұрыс. Сонымен қатар, ол әдетің сенің пайдаңа жұмыс істейтін, өзіңді күн сайын дұрыс жолға бағыттайтын фактор болуы керек. Мәселен, мен жұмысымды ең бірінші республикалық, облыстық, аудандық басылымдарды шолып шығудан бастаймын. Республика мен облыста болып жатқан жаңалықтарды, жиындарды  бір зерделеп шығып, ондағы көтерілген мәселелердің жұмыс жоспарыма қатысты немесе қатысты емес екеніне көз жеткіземін. Мысалға, қазір Елбасының тапсырмалары жайындағы материалдар күн құрғатпай республикалық басылым беттерінде жарияланып тұрады. Осыны назардан тыс қалдырмай өзіміздің аудан аумағында өз деңгейінде орындалуына атсалысу – менің міндетім. Өз кезегінде облыс әкімі Амандық Баталовтың да бізге табыстаған міндеттері мен өңірдің ілкімді жаңалықтарын қалт жібермеуге тырысамын. Менің күнделікті жұмыс осыдан басталады. Газет-журнал – билік пен бұқараның арасын жалғаған алтын арқау. Ендеше БАҚ көтерген мәселелерге күніне бір көз салмай, халыққа жақындау мүмкін емес.

Өте тамаша. Сіз жаңа қалың көпшілікке, халыққа БАҚ арқылы жақындаймын деген тұжырымды айтып қалдыңыз. Ал шынайы тұрғыда аудан халқының арасында қаншалықты боласыз?

– Расымен де ауданның тыныс-тіршілігін жұмыс бөлмеңде отырып білу мүмкін емес. Әрине, шұғыл шешімін күткен күрделі мәселелер аз емес, оны сол жерге барып өз көзіңмен көріп, нақты тапсырмалар бермесең болмайды. Сондықтан халықпен жиі кездесіп тұрамын. Ауданға басшы болып келген соң ең бірінші кезекте жұмысымды ауылдарды аралаудан бастадым. Халықпен таныстым және сол аймақтағы тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдадым. Бүгінде сол жұмыстардың бірқатары кезегімен шешімін тауып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, халықтың ортасында жиі боламын. Арнайы бекітілген кесте бойынша тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдаймын.

Сіз ауданды басқарып отырған жас әкімдердің бірісіз. Жалпы жаңадан қызметке тағайындалған кезіңізде аудан активі өзіңізді қалай қабылдады?

– Адамның еңбегі жасымен емес, ісімен бағаланады ғой. Осы жерде «Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой, қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой» деп келетін қазақтың мақалы ойға оралмай қоймайды. Ең басты мәселе мынада деп ойлаймын. Қаратал ауданы – киелі өңірдің бірі. Он сегіз әулие-әмбие жатқан жер. Жеріне құт, өңіріне бақ қонған аймақ ешкімді жатсынбайды. Сонау нәубет жылдары 43 ұлттың өкілін бауырына басқан аймақтың қазақтың бір баласын жатсынуы мүмкін емес. Керісінше, бел баласындай бауырына тартып, алқалаған ағайынның ыстық ықыласын көріп жүрмін. Ал аудан активіне келсем, біліктілігі жоғары, ынтымақты, ауызбірлігі жарасқан ұжым. Жас болсам да бас болып отырғасын үлкен құрмет көрсетеді. Қандай іске болсын ақыл-кеңессіз кіріспеймін. Бұл тұрғыда бұрыннан елдің, жердің тарихын, халықтың жағдайын білетін ағаларым бар. Аудандық мәслихаттың хатшысы Бақыт Смайылов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сейілхан Беков, орынбасарларым барлығымыз кеңесе келе бір шешімге келеміз. Олардың ақыл-кеңесі мен құнды ұсыныстарының, орамды ойларының арқасында жұмысымыз өз жемісін беріп, іске асуда.

Әр жұмысты кеңесе отырып шешетіндеріңізді айтып отырсыз. Осы тұрғыда облыс әкімінің тапсырмалары қалай атқарылуда?

– Өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына көңіл бөлуді және оны жүйелі түрде дамытуды тапсырды. Осыған байланысты жұмысты жандандырып жатырмыз. Өзіңізге белгілі, Қаратал ауданы – аграрлық аймақтың бірі. Мұнда ауылшаруашылығы, соның ішінде егін, мал шаруашылығы негізгі сектор болып табылады. Бүгінде ауданда қызылша дақылын көптеп өсіруді қолға алып отырмыз. Көктемде 1150 гектар алқапқа қызылша егіліп, бүгінгі таңда оның 425 гектары жиналды. өнімділігі әр гектарына 350 центнерден айналды. Жалпы түсім - 14875 тонна. Бұл тоғыз айдың қорытындысы бойынша. Сонымен қатар күздік, жаздық бидайдың да өнімі жақсы, төкпей-шашпай дер кезінде толықтай жиналып алынды. Бақша дақылдары да толығымен жиналып, жоспарымыз толықтай орындалып отыр десем болады.

Мал шаруашылығы бойынша да ілгерілеу бар. Бүгінде ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік және сегіз жеке шаруа қожалығы бар. Мәселен «Асқар», «Бауыржан», «Азиз» шаруа қожалықтары етті бағыттағы ірі қара малын өсірумен шұғылданады. Қазіргі кезде шаруа қожалықтарында 1200 бас бар, оның 660-і аналық. Аудан экономикасына бюджеттен тыс 5410,4 млн. теңге инвестиция тартылды. Бұл орайдағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 117,4 пайызға артып отыр.

Аудан экономикасына инвестиция тартуды жақсарту мәселесі бойынша әр жыл сайын бизнес форум өткізіліп тұрады. Мысалға, өткен жылы тиісті тараптармен 5 меморандумға қол қойылса, биыл сондай 2 меморандум жасалды. «AS Biba» ЖШС-нің құрылыс материалдарын өндіретін зауытының құрылысы аяқталды, жуырда іске қосылады. Бұл зауыт 25 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Мұнымен қоса «Бласов Ж» жеке кәсіпкерінің 150 сауда орындық коммуналдық базары іске қосылды. Сонымен қатар, «Нұрлы жол»  бағдарламасы аясында 60 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен Қаражиде, Алмалы, Көпбірлік ауылдарында спорт алаңшасын салуға қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша Қарақұм, Жаңаталап, Айту ауылдарында сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысына 164,3 млн. теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы аталған нысандардың құрылысы аяқталып, іске қосылмақ. Сонымен қатар Үштөбе қаласындағы ескі кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары әзірленіп, бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Жылыбұлақ ауылын сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, тиісті орындарға берілді.

Ең негізгі мәселенің бірі – жол. Халықты көбірек толғандыратын бұл мәселе де ретімен шешімін тауып келе жатыр. Мәселен, Үштөбе қаласының ішкі жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 637, 462 млн. теңге бөлініп, 8 көшені жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Жалпы ұзындығы 13,5 км. болатын Төле би көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болып, 241, 925 млн. теңгенің келісімшарты жасалынды.

Момышұлы, Акын Сара,  Мартынов, Құсмолданов, Пронин, Оспанов, Исаев тәрізді шағын көшелерге де орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Б. Момышұлы көшесі бойынша бүгінгі күнге көшеге асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, жол белгілерін қою, жол сызықтарын сызу жұмыстары толықтай тамамдалды. Аудан орталығындағы Әуезов, Қарымсақов, Бақтыбай, Гагарин, Мақатаев, Үштөбе, Желтоқсан, Жолбарыс батыр, Қабанбай батыр, Кузнецов, Қабылиса жырау, Тілеуғұл батыр көшелерінің және Бастөбе аулы бойынша Юн көшесінің шұңқырлары жабылды. Тізбектей берсе әр салада өзіндік өрлеу бар.

Осы ретте ең ірі жобаны іске асырдық деп қай шаруаны айта алар едіңіз?

– Иә, ірі жоба деп екі шаруаны айтуға болады. Оның ең біріншісі, ауданда ашылған сервистік әкімдік. Бұл Елбасының нақты тапсырмасын іске асыру бағытында атқарылған жұмыс. Жаңа электронды нұсқаға көшу, Цифрлы Қазақстан жобасын жүзеге асыру бойынша тұрғындарға қызмет көрсетіп отырған сервистік әкімдік халықтың көңілінен шығып отыр. Онда барлық қызмет электронды түрде атқарылады. Келушілерге ыңғайлы, жылдам және сапалы қызмет көрсетіледі. Аталған әкімдікте өз-өзіне қызмет көрсету орны да бар. Бұл ірі жобаның біріншісі.

Ауданның сәнін келтіретін екінші жоба жуырда ғана ашылған Кемел Тоқаев атындағы саябақ. Ауданның 90 жылдық мерейтойында лентасы қиылған саябақ қалаға көрік беріп қана қоймай аудан тұрғындарының және балдырғандардың көп келетін демалыс аймағына айналды. Жауынгер жазушы жерлесімізге көрсетілген бұл құрметті жалпы Қазақ халқына көрсетілген құрмет деп санауымыз керек. Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы осындай игі істерді көпткп атқару қажеттігін меңзейді. Өткенімізді ұлықтап, тұлғаларымызды дәріптеу жастарымыздың бойларындағы патриоттық сезімдерін оятады. Соған орай олардың туған жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктері артады. Осы мақсатта Қаратал ауданының жұртшылығы өркенді жұмыстарды жүзеге асырды деп ойлаймын.

Елбасы биылғы Жолдауында келер жылдың «Жастар жылы» деп аталатындығын атап көрсетті. Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарасыздар?

– Елбасы жастарға үлкен жауапкершілік жүктеп, сенім артып отыр. Сондықтан біз аудандық жастар ісі жөніндегі бөлімнің басшысымен және қоғамдық жұмысқа белсене атсалысып жүрген жастармен бірлесе отырып жаңа жұмыс жоспарын құрып жатырмыз. Әрине, ол жоспар толықтай жасалынып біткен жоқ. Жыл соңына дейін талқылап, бір шешімге келеміз. Соған орай Жаңа жылды жарқын оймен, тың бастамалармен бастайтын боламыз.

Әрине, қазіргі заман жастардың заманы. Сол себепті де креативті ойларға, жаңа технологиямен байланыстыра отырып ауданның дамуына үлес қосатын игілікті істерге басымдық береміз деп ойлаймын. Бүгінгі таңда аудан жастары көптеген игі бастамалар көтеріп жүр. Соған орай ауыл жастарының құлшынысын оятып, мәдени шараға белсене атсалысуларын қамтамасыз етуіміз керек. Жастардың қолынан келмейтін іс жоқ. Кәсіпкерлікті дамытуда да жастарға қолдау көрсеткеніміз абзал. Қазір олардың көңілдерінде жаңа инновациялық жобаларды іске асыруға деген өзіндік жұмыс жоспарлары болуы әбден мүмкін. Міне, сол жобаларды іріктеп, оған ивестиция тартуды мақсат етіп отырмыз.

Мәдени және салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған жұмыстарды атқаруда аудан жастарының рөлі жоғары. Осы орайдағы жұмыстардың жүйелі атқарылуына күш салуымыз керек. Меніңше, осы бағыттағы шаруаларды қолға алатын болсақ, жастардың беделі артады деп ойлаймын. Мұндағы менің айтпағым, қазіргі уақытта жас мамандардың мәртебесін арттыру қажет. "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен жастарды ауылға тарту мәселесін барынша іске асыру қажет. Сол арқылы ауыл жастарының мәдениеті мен біліктілігін арттырамыз.

Ауданның әл-ауқатын арыттыру үшін алдағы уақытта қай бағытқа басымдық бересіз?

– Ең бірінші, әлеуметтік-экономикалық бағытқа көңіл бөлемін. Онда, ең бастысы, ауданға инвестицияны көбірек тартуды көздеймін. Сол арқылы жұмыс орны көбейеді. Сондай-ақ, салық мөлшері де артады. Өзіңіз білесіз, Жолдау «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталады. Енді әл-ауқатты арттыру үшін, ең бірінші, табысты күшейтуіміз керек. Табысты біз жұмыспен қамтамасыз ету арқылы көтереміз. Ол үшін жұмыс орындарын молайту қажет. Жұмысты молайту үшін инвестиция керек. Сонда тұрмыс жақсарады. Мұның барлығы бір-бірімен байланысты. Сондықтан менің негізгі мақсатым – экономикалық жағдайға басымдық беріп, ивесторларға қолайлы жағдай туғызу және олардың қызығушылығын арттыру. Бұл жерде бір ғана экономикаға күш салып қоймай әлеуметтік- мәдени саланы да назардан тыс қалдырмауымыз керек.

Жаңа бір сөзіңізде креативті ойлар деп қалдыңыз. Сіз өзіңізді қаншалықты креативтімін деп санайсыз?

– Қызық сұрақ екен. Мен өзіме баға бере алмайтын шығармын. Бағалаушы – халық. Сондықтан дәл қазіргі уақытта креативтен қашуға болмайды. Ол заман талабы. Тек оны ұлттық менталитетке икемдеуіміз керек. Креативті ой екен деп ұлттық дәстүрге сай келмейтін істі енгізе салуға болмайды. Оның үстіне Қаратал ауданы көп ұлтты өңір. Өз ішімізде "кіші ассамблея" деп атаймыз. Сөзімнің басында киелі аймақ екендігін айтып өттім ғой. Сол қасиетті бабалардың аманатын орындау бізге парыз. Оны өз дәрежесінде орындау үшін дәстүрмен бірге жаңғыруымыз керек.

Әңгімеңіздің басым көпшілігі ұлттық дәстүр жайында болып отыр. Дәстүрді қаншалықты бағалайсыз?

– Әр қазақтың баласы ұлттық дәстүрімізден ажырамауы керек деп ойлаймын. Біздің өзге ұлттардан айырмашылығымыз – осы ұлттық дәстүріміздің көптігінде, мазмұндылығында жатыр. Оның барлығы жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беруге бағытталған. Әр ұлттың өзіндік салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы бар. Сол секілді қазақ халқы да дәстүрге бай. Жалпы дәстүрді дәріптеу арқылы жас ұрпақты тәрбиелейміз. Біздің береке-бірлігіміздің жарасып отыруының басты себебі де дәстүрімізді бағалауымызда деген болар едім.

Қаратал өңірінің шын мәнінде Әулиелер мекені екенін жұртшылық жақсы біледі. Осы ретте аталған тарихи орындарды танымдық орынға айналдыру бойынша, жалпы туризм саласын іске асыру мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Биылғы жылдың Рухани жаңғыру жылы екені баршамызға аян. Осы бағытта көптеген жұмыстар жүзеге асты. Жыл басынан бері бірнеше рет «Рухани керуен» ұйымдастырып, аталарымыздың басына барып шықтық. Ондағы мақсат өткен тарихымызды саралай отырып, жас ұрпаққа ұлы тұлғаларымыздың ерліктерін, басқа да игілікті істерін дәріптеу болды. Осы жұмыстардың нәтижесіндей ауданның тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен шаруалар жүзеге асты. «Рухани керуеннің» көмегімен тарихи деректер жинақталып, аталарымыздың өсиет-әңгімелері мен аңыздары кітап болып шықты. Асыл қазынаның жарық көруіне қаламгер ағаларымыз, көнекөз қарияларымыз атсалысып, үлкен еңбек етті. Мұнымен қоса біздің ауданда көне тарихтан сыр шертетін тасқа қашалған таңбалар, петроглифтер де бар. Мұның барлығы мемлекеттік қорғауда. Осы жақұттарымызды қалайда әйгілеудің шараларын қолға алып жатырмыз. Оқушылар мен жастарды аталған орындарға арнайы апарып, тарихи жерлермен таныстырып отырамыз. Келер жылы жастар атқаратын жұмыстардың бір тармағы осы.

Туристік салаға байланысты да бірқатар шара қолға алынады деп жоспарлап отырмыз. Біздің ауданда туризм екі бағытта дамиды деп жоспарлап отырмыз. Оның бірі танымдық орындарға экспедициялар жасау десек, екіншісі Қаратал өзенінде ескекшілердің спорттық жарыстарын жолға қою арқылы. Осы екі бағытты дұрыс жолға қою арқылы ішкі туризмді дамытуға жол ашылмақ.

 – Қаратал өзені демекші, соңғы кездері өзен суының молаюына байланысты көптеген қиыншылықтардың туып жатқанын естиміз. Балқашқа құяр тұста Қаратал өзенінің сағасы сөгіліп, жайлымдық жерлерді су басып, шаруа қожалықтарына қолайсыздық туғызуда. Осы ретте экологияны реттеу жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Өте орынды сұрақты көтеріп отырсыз. Табиғаттың тосын мінезінің халыққа, әсіресе шаруа қожалықтарына залалын тигізіп жатқаны анық. Төменгі жақтағы ауылдардың шабындықтарын су басып, Қаратал өзені бұрынғы арнасынан айырылып қалған. Сол арқылы табыс көзі саналатын балық шаруашылығының да тұралап қалатын кездері болады. Мұның аяғы шабақтардың қырылуына, экологияның бұзылуына әкеліп соғады. Осы ретте Қаратал өзенінің арнасын қайта қалпына келтіру үшін арнайы каналдар қазылған болатын. Міне, сол каналдар бүгінде жұмыс істеп тұр. Бірақ оның көлге құяр тұсын қайыр басып, бітеліп қалатын кездері болады. Осы кезде өзен арнасынан асып, шабындықтарға су жайылады. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында ауданда арнайы құрылған кәсіпорын көктем мезгілінде каналдардың арнасын тазартып, арықтырдың жағасын көтеріп тұрады. Мұны үнемі бақылауда ұстап отырамыз.

Бәрекелді! Енді өзіңіздің жеке өміріңізге байланысты сауалдар қойсам деймін. Отбасыңыз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?

– Отбасым бар. Қазақ баланың санын айтпайды дейді. Сонда да болса айтайын, төрт ұлым, бір қызым бар. Үлкенім студент, қалғаны мектеп жасында.

Қанша тіл білесіз?

– Мемлекеттік тіл – қазақ тілін жетік меңгергенмін және орыс тілін жақсы білемін. Заман талабына сай ағылшын тілін сөздікпен ғана білемін десем болады. Әрине, ол әзірге ғана. Қазіргі уақытта ағылшын тілін толық меңгеруге күш салып жатырмын. Тіл білу көптік етпейді. Оның үстіне ағылшын тілі қазіргі уақытта қажеттілікке айналып отыр. Жаңа технология мен халықаралық байланысқа өте қажет. Сондықтан келісімшарт жасау кезінде, шетелдік инвесторлармен кездесу кезінде ағылшын тіліне деген мұқтаждық туады. Сол себепті өз бетімше шұғылданып, интернет оқулықтармен жұмыс істеп жүрмін. Болашақта арнайы курсқа да бару жоспарда бар.

Латын қарпіне көшу жайындағы ойыңызды білсек?

- Бұл толғағы жеткен мәселе. Елбасының өзі осыған мән беріп отыр. Әрине, бірден судыратып оқып кетемін деп айта алмаймын. Жайымен көз үйретіп жатырмын. Әріптерді толық білемін, оқи аламын. Қазір аудандағы көптеген мекеме мен көшеге ілінетін ақпараттардың басым көпшілігі латын қарпінде жазылып тұр. Бұл ең бірінші көзді үйретіп, одан кейін толықтай жұмысқа кірісеміз деген сөз. Бұл ретте БАҚ өкілдеріне рахметімді айтамын. Жиі насихаттап, кей мақалаларды латын қаріпінде беріп жүр. Халық осыған ден қойып, латын қаріпін тани бастады. Мен де көп оқырманның бірі ретінде латын қаріпінде мақала оқып жүргеннің бірімін. Осы жерде айта кетейін, жуырда таза латын әріптерімен жарық көретін «Тіл – қазына» деген газет шықты. Мұның өзі мемлекет толықтай латын әліпбиіне көшуге дайын дегенді білдіреді. Біз одан қорықпауымыз керек. Бұған дейін де біздің аталарымыз осы қаріпті пайдаланған. Сондықтан біздер де сол үрдісті жалғастырып, баба тілін жаңғыртуымыз керек.

Жалпы мінезіңіз қандай? Өз бойыңыздан қандай жақсы қасиеттерді байқайсыз, сондай-ақ, нендей жағымсыз әдетті ұнатпайсыз?

– Мен өте сабырлы адаммын. Осы қасиет мені алға жетелейді деп ойлаймын. Оның үстіне мемлекеттік қызметте отырғасын сабырға бой алдырмаса болмайды. Қызуқандылыққа барғанды ұнатпаймын. Ол кімге болса да жат деп айтар едім. Ұқыптылық пен жауапкершілікті ұнатамын. Осы үш қасиетті ұштастыра білу керек. Сонда ғана ойлаған ісіңе қол жеткізесің және жұмысыңның оң нәтижесі болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

         Сұхбатты жүргізген - Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Қаратал ауданы