Қолжетімді баспанаға қалай қол жетеді?

Уақыты: 04.10.2016
Оқылды: 1827
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев пен орынбасары Қуандық Нұрғалиев журналистермен кездесіп, банктің алдағы жұмыс жоспарын таныстырды.

Бүгінгі таңда елде тұрғындарды баспанамен қамтудың түрлі жолы бар. Ол туралы бірқатар бағдарлама жасалып, жүзеге асырылуда. Сол қатарда «Қазақстан тұрғын үй құрылыс  жинақ банк» АҚ арқылы баспаналы болып жатқандардың қарасы мол. Алдағы уақытта аталған банк салымшылары жақсылықтарға кенелмек. Жақында облыс әкімдігі мен «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ 2015 – 2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы құжатқа сәйкес өңірге тұрғын үй салуға Ұлттық қордан 3,6 млрд. теңге қаржы бөлініпті. Бұл қаражатқа облыс аумағында 672 пәтерлі 6 үй бой көтермек. Қазірдің өзінде Талдықорған қаласындағы 562 пәтерлі төрт көпқабатты үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Қаскелең қаласынан 50 және Өтеген батыр кентінен 60 пәтерлі екі үйді салу жоспарлануда. Әрине, бұл баспаналар пәтер кезегінде тұрған және  «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ салымшыларына ғана беріледі. Оның әр шаршы метрінің бағасы 140 мың теңгені құрамақ. 
Бүгінгі таңда облыста «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ-ның 28 мыңнан астам салымшысы бар. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша енгізілген өзгерістерге сәйкес салынған үйлердің кемінде 50 пайызы жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға бөлінеді. Алайда, осыған дейін халықтың осы санаттағы қатысушысы банкке жергілікті атқарушы органның жолдамасын тапсырып, жинақтаусыз шот ашып, төлем қабілеттілігінен өткен кезде тұрғын үйге қол жеткізетін. Енді жаңа ынтымақтастық келісім бойынша олар банктің салымшысы болған кезде ғана баспанаға ие бола алады. Тағы бір айта кетерлігі, банктің салымшысы, алайда мемлекеттік бағдарламаның талабына сәйкес келе бермейтін адамдар банктің несиесі арқылы коммерциялық нарықтан қолжетімді бағамен тұрғын үй алуға болады. Брифинг барысында банк өкілдері осы мақсатпен жекеменшік құрылыс салушылармен ынтымақтастық жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Осыған орай, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банк» облыстық филиалы Қаскелең қаласындағы «Туран-Кент» коттедж қалашығындағы үйлерді өткізу туралы келісімге қол қойыпты. Банк салымшылары бұл қалашықтағы үйлердің әр шаршы метрін 145 мың теңгеден сатып алатынын айта кеткен жөн.
Қысқасы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы алдағы төрт жылда өңірдегі баспанасыз жүрген көптеген замандастарымыздың пәтерлі болуына септігін тигізбек.

Қажет Андас