БАЛАЛАР ҮЙІ: АЯЗ АТА, СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?

Уақыты: 28.12.2018
Оқылды: 2649
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жылдағы дәстүр бойынша Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жылмен құттықтауға барды. Онда бүгінде 98 бала тәрбиеленуде.

Шырша мерекесіне балалар жоғары дайындықпен келіпті. Қойылым мазмұны бойынша Аяз ата мен Ақшақар Талдықорған қаласына ат басын бұрады. Балалар Аяз атаның алдынан шығып, шаһардың биылғы жаңалықтарын айтады.

– Аяз ата, Ақшақар, биыл біздің сүйікті қаламызда жаңа театр салынды. Сонымен бірге, әдемілігі көз тартатын Салтанат сарайы ашылды. Біз сияқты өнерлі өрендердің ән салып, би билеп, аспаптарда ойнап, үйренуі үшін музыка мектебі пайдалануға берілді. Аяз ата, сіз білесіз бе, кейін мен ержеткенде сол Салтанат сарайына барып, үйлену тойымды жасаймын, – деген бала арманын естігенде жиналғандардың көңілі толқып кетті. Бүлдіршіндер құрметті қонақтарға арнап би биледі. Мұндағы балалардың барлығы дерлік қазақ тілінде сөйлейді. Ирина есімді бүлдіршін:

Жаңа жыл келді қалама,

Жаңа нұр келді далама.

Амандық аға, көп рахмет,

Қуаныш берген балаға.

Құтты болсын жыл жаңа,

Аққа орансын айнала.

Бақыт пенен шатттыққа,

Бөлене  берсін  әр бала, –  деп таңдайы тақылдап, тақпақ айтты. Ұл-қыздардың ән-биін тамашалаған Амандық Ғаббасұлы:

- Балалар, біз сендерді жақсы көреміз. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталарың да жақсы көреді. Бізден халдеріңді сұрап тұрады. Біз сендердің барлық жағдайларыңды жасаймыз. Оқу оқып, білім алып, жұмысқа орналасуларыңа жәрдемдесеміз. Ештеңеге алаңдамай, сабақ оқыңдар. Керек-жарақ, ас-су, жылы жерде ойнап-күлулерің мен заманауи технологияларды меңгерулерің үшін бәрін әпереміз. Мен жыл сайын Жаңа жылда өздеріңе келіп тұрамын. Келмеген күннің өзінде жағдайларыңды қадағалап отырамын. Күнде келгенге жұмысым көп. Керектің бәрін жеткізіп береміз. Тек, жақсы азамат болып өсіңдер. Өмірден өз орындарыңды табуға тырысыңдар, – деді.

Облыс басшысы мекемеге компьютердің принтері, бейнекамера және планшет сыйға тартты. Ал балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 98 балаға Жаңа жылдық тәттілер салынған қорап үлестірді. Балалардың жайдары жүзі, күміс күлкісі оларға барлық қамқорлықтың жасалып жатқандығын байқатады. Мерекеге сай қызылды-жасылды киінген бүлдіршіндер әуен ырғағымен айнала билеп, тақпақтар оқып берді.

Гүлжан ТҰРСЫН,

"Жетісу"