Жолан ОМАРОВ: "НАРЫНҚОЛҒА ҰШАҚ ҚОНАДЫ"

Уақыты: 04.01.2019
Оқылды: 2719
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кеудесін әлемге әйгілі Хаңтәңірі шыңы ажарлаған Нарынқол өңірі – өлең-жырға арқау болып, тамаша табиғатымен тамсандырып келе жатқан қастерлі мекен. Шалкөде, Шұбартал, Көккемер секілді хан жайлаулары көз тартып жататын, Райымбектей батыр бабамыз жауын түре қуып, ұрпағына аманаттап кеткен жер. Аспантаулар өлкесі десек, Мұқағали, Бердібек, Баққожа, Сағат пен Еркін секілді қазақ әдебиетінің мәңгі жарқырап тұрар шоқ жұлдыздары мен дара тұлғалары көз алдымызға келе береді. Бұл қасиетті топырақ Әділ Ахметов, Күлән Омарова, Тарих Омаров, Әужан Сақабеков, Тоқтасын Қожанов, Жамбыл Сағатбаев секілді көптеген академик, ғалымдарымен ерекше. Қазақстанның Халық әртісі Нүкетай Мышбаева, Алмахан Кенжебекова осы өлкеден қанаттанған. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевты ел-жұрты жадынан шығарған емес. Райымбектей батыр бабасымен айбатты, Мұқағалидай ақынымен ардақты аудан тұрғындары жер қайысқан төрт түлік малы, теңіздей толқыған бидайымен де ажарлы, еңселі. Жасыл шыршасы мен аршасы, мөлдір бұлағы, саф ауасы көрік берген өңірдің жерінің асты да, үсті де байлыққа толы. Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен орталығы Нарынқол ауылы болып қайта құрылған Райымбек ауданына Жолан ОМАРОВТАЙ іскер де жаңашыл азаматтың әкім болып тағайындалғанына бір жыл толды. Жүзі жарқын, жаны жайдары азаматпен әңгімеміз жарасып жүре берді.

– Жолан Ыбырайахынұлы, туған жеріңіз туралы білгіміз келеді. Балалық балдәурен шағыңыз қалай өтті?

– Бала кезіміз қызықты өтті. 1979 жылы Жамбыл ауданындағы Беріктас ауылында дүниеге келдім. Бала кезден еңбекке жақын болып өстім. Үй ауласының жұмыстарын тыңғылықты орындап қоятынмын. Мектеп кезінде қырманда жұмыс істедік. Малды өріске шығарып қарап тұратынбыз. Жаз маусымындағы шаруашылық жұмыстарына атсалысып ержеттік. Қарапайым отбасында тәрбиелендім. Әкем жүргізуші болатын. Ағасы шопан еді. Бір уақ сонда барып асау тай үйрететінмін. «Ер қанаты – ат» дейді ғой жалпы, бала кезімнен жылқыға жақын болып өстім. Мектепті жақсы оқыдым. Оқу озаты болдым.

Қара шаңырақта ата-апамыздың қолында тәрбиесіне шомылып өстім. «Бетегеден биік, жусаннан аласа болу керек», – деп айтып отыратын. Әркімнің табан ет, маңдай терімен келген дүниесіне тисуге болмайды, өтірік айтпа, біреудің алажібін аттама дейтін. Ата-апамызбен бірге тұрғандықтан кеуделері алтын сандық қариялардың тәрбиелерін көріп ержеттім. Ол кездегі қариялар бірінің үйіне бірі барып, бірімен-бірі жақсы араласып тұратын. Бала кезден көз алдымда. Ауылдың он шақты қариясы бір шаңыраққа ат, есекпен келіп бас қосып, әңгіме құрып, арқа-жарқа болып тарасып жататын.

Мектептен қанаттанған соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Одан соң Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында орналасқан «Кирзавод» ЖШС-інде атқарушы директор болып еңбек еттім. Көп ұзамай бас директордың орынбасары болдым. Қарасай аудандық жер кадастр бөлімінің басшысы, «Алматы Жер ҒӨО» РМК директорының бірінші орынбасары, директорының міндетін атқарушы болып қызмет атқардым. 2013 жылдан облыстық жер қатынастары басқармасында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою бөлімінің бас маманы болып еңбек еттім. Облыстық туризм басқармасында бөлім басқардым. 2014 жылдың 8 тамызынан бастап облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалдым. Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2017 жылдың желтоқсан айынан Райымбек ауданының әкімі болып еңбек етіп келемін.

– Облыс әкімі Амандық Баталов Райымбек ауданының әкімі етіп тағайындағанда қандай күйде болдыңыз?

– Алғашында толқығаным рас. Атағы алыс кеткен аудан. Кішкентай кезімізден Мұқағалидың жырын жаттап, Бердібек ағамыздың шығармаларын оқып өстік. Теңіз деңгейінен биік жатқан өлкенің таңғажайып табиғатының өзі неге тұрады?! Амандық Ғаббасұлы үлкен сенім артып отырған соң күні-түні жұмыс істеуге тура келді. Райымбек ауданы мен Кеген бөлінген кезде бізде 45 бос жұмыс орны болды. Бірнеше бөлім басшысы жетіспеді. Соның бәрі артта қалды. Қазір мамандарымыздың бәрі толық. Тұңғыш Президент күні мерекесінде 20 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп, мамандарымыздың тұрғын үй мәселесін сәтімен шештік. Келесі жылы 83 үй салынатын болады. Мекеме, бөлім басшылары қызметтік жаңа көліктермен қамтамасыз етілген. Қазір олар алаңсыз өз жұмыстарымен айналысуда. Мен үшін ел сенімінен артық ештеңе жоқ. Арадағы жиырма жылдың көлемінде шын мәнінде тозыңқырап, көп дүниесінен ажырап қалған өңірдің барын асырып, жоғын түгендеу – басты міндетім. Үлкен үміт артып жүрген халқымның сенімін ақтай алсам мен үшін үлкен бақыт. Мен сол жолда тынбай жұмыс жүргізе беретін боламын.

– Сонау 1936 жылы құрылған Нарынқол ауданы - ежелден төрт түлік малдың өңірі. Сіздің бұрыннан атағы алыс кеткен Нарынқолдың картобын өсіруді, берері көп элиталық тұқыммен жұмыс істеуді қолға алған игілікті ісіңізге ауданның диқандары ғана емес, бүкіл республика, облыс қуанды. Осы істі қалай бастадыңыз?

– Әкім болып тағайындалғаннан кейін бұл жұмысты жедел қолыма алдым. Жылдың бас кезі еді. Аудандағы ауылшаруашылығында жұмыс істейтін фермерлердің басын қосып, ақылдастым. Берері көп супер элиталық картоптың тұқымын алдырып, жұмыс жүргізсек деген ұсынысымды бұрыннан картоп өсірумен айналысып келе жатқан, тәжірибелері мол Талғат Нүсіпқожаев, Мұрат Малыбаев секілді фермерлер қуана құптады. Біздің бұл игілікті шаруамызды облыс әкімі лайықты қолдады. Сөйтіп, ауданымызда картоп тұқымын жаңғырту мақсатында 2 сервистік орталық құрылды. 120 миллион теңгеге 236 тонна голландиялық агрия, сантэ атты картоп тұқымдары сатып әкелініп, 70 гектар жерге отырғызылды. Картоптың әр гектарынан 300 центнерден 2360 тонна супер элиталық тұқым алынды. Аталған тұқыммен картоп отырғызылған 70 гектар жерді алдағы 3 жыл көлемінде 4500 гектарға жеткіземіз. Картоп тұқымын сақтау үшін сыйымдылығы 10 мың тонна болатын картоп қоймасын салуға Голландияның «Агрика» компаниясымен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биыл екі сервистік дайындау орталығы 141 миллион теңгеге 6 трактор, 3 картоп жинайтын комбайн, 2 картоп қабылдау мен 3 іріктеу пунктін қосымша қондырғыларымен сатып алды. Сол сияқты ауданымызға бидай мен арпаның жаңа сорттары әкелініп, өсірілуде. Шығымы жаман болған жоқ. Бұл орайда Қален Иісбаев басқаратын «Айғайтас» ЖШС атына жылы лебіз білдірген артық емес. Алдағы уақытта ауданымыздың шаруа қожалықтары бидайдың ерте пісетін берері көп сортты тұқымымен жұмыс жүргізетін болады. Ауданымызда 23500 гектар суармалы егістік жері бар. Оның ішінде 18080 гектар жер ұзындығы 141 шақырымды құрайтын 8 шаруашылықаралық арналар арқылы суарылады. Ішкі шаруашылық арналар арқылы 5420 гектар алқапқа су жеткізіледі. Осы аталған 8 арнаның 6-уын жөндеуден өткізуді жоспарлап, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Біз болашақта аталған суармалы жерді толығымен өз мақсатында пайдалансақ, ел жағдайы жаман болмайды.

– Ауданды бөлу жайлы Елбасы Жарлығы шыққаннан кейінгі 6 ай аумағында атқарылған істер туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Жоғарыды айтып өткенімдей, жақында ғана жалгерлік 20 тұрғын үй пайдалануға берілді. 8 ауылдық округте тұрғын үймен біріктірілген полиция пункттері ашылды. Нарынқол ауылындағы көшелердің дені асфальтталды. Қазір аудандық әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Келесі жылы аудан орталығына Халыққа қызмет көрсету орталығы, спорттық-сауықтыру кешені, «Азаматтарға арналған үкімет» ғимараты, аудандық мұрағат, күніне 250 адам қабылдайтын емхана, өрт сөндіру мекемесі, аудандық прокуратура, аудандық қорғаныс істері бөлімінің іргетасы қаланбақ. Бұдан бөлек республикаға қарайтын кірістер, статистика, қазынашылық басқармасы, сервистік әкімдік орналасатын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті филиалының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нарынқол ауылында ұшақтар ұшып-қонатын алаңның жоқтығынан өте ауыр науқастарды "Жедел-жәрдем" көліктерімен 340 шақырым жердегі Алматы қаласына жеткізеді. Сондықтан, аудандық ауруханаға санитарлық авиация ұшақтары ұшып-қонатын жолақ салғызуға ниеттеніп отырмыз. Келесі жылы аудан орталығынан 83 жеке тұрғын үй салынатын болады. Бұл мекеме, бөлім, басқармаларда жұмыс істеп жүрген жас мамандарымыз үшін үлкен қуаныш болады. Мұның сыртында Амандық Ғаббасұлының тапсырмасымен барлық аудан қолдау көрсетті. Балалардың ойын, спорт алаңдарын жасап берді. Оларға аудан тұрғындарының атынан жүрекжарды алғысымды айтамын.

– Аудандағы тұрғын саны азайып қалған жоқ па? Қазіргі жағдайы қалай?

– Жаман емес. Ауданымызда 11 ауылдық округ, 20 елді мекен бар. 42 мың тұрғын өмір сүруде. 22 мектеп, 2 өнер мектебі, 1 кәсіптік-техникалық колледж, 5 балабақша, 1 аудандық аурухана, 1 ауылдық аурухана, 11 дәрігерлік амбулатория, 5 медициналық пункт, 9 Мәдениет үйі, 9 кітапхана жұмыс істейді. Мұның сыртында Мұқағали мұражайының есігі ашық. Нарынқол ауылдық Мәдениет үйінің жанында халықтық атағы бар әжелер ансамблі еңбек етеді.

– Өткен он айдың көлеміндегі жұмыс нәтижелері туралы сөз етсеңіз?

– Салық түсімдерінің жылдық болжамы 1 миллиард 835 миллион теңге болса, ол 10 айда 2 миллиард 184 миллион теңгеге орындалып, 119 пайызды құрады. Өткен 10 айда ауданымыздағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6 миллиард 222 миллион теңгенің қызметін көрсетіп, бюджет қоржынына 61,9 миллион теңге салық құйды. Өнеркәсіп саласы бойынша осы мерзімде 5 миллиард 479 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 109 пайызды құрады. Үлкен саланың бірі инвестиция екені белгілі. Ауданымыз бойынша жылдық жоспар 1 миллиард 894 миллион теңге болса, өткен 10 айдың көлемінде таулы өңірге 2 миллиард 340 миллион теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 143,5 пайызға орындалды. Сарыжаз ауылынан жекеменшік әріптестік негізінде 75 орынды, Қайнар ауылынан 25 орынды балабақшалары ашылып, жұмыстарын жүргізіп келеді. Өткен 10 ай көлемінде аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша 24 жаңа нысан ашылып, 55 адам жұмыспен қамтылды. "100 нақты қадам" – Ұлт жоспары бойынша 5 жоба жыл басында бекітіліп, бәрі іске асырылды. Өңірдегі 13 азамат 73,7 миллион теңге шағын несие алды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жаңа кәсіп ашу үшін қайтарымсыз негізде берілетін мемлекеттік грантқа ауданнан 16 жоба қатысса, соның жетеуі 9,5 миллион теңге ұтып алды.

– Таулы өңір туризм үшін де таптырмас мекен. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз қалай?

– Ауданда 6 туристік нысан демалушыларға тиісті қызметін көрсетеді. Өткен 10 айдың ішінде ауданға алыс-жақын шетелден 127, республикадан 1508 турист келді. Оларға көрсетілген туристік қызметтен 2,8 миллион теңге түсірілді. Астана қаласының 20 жылдығына орай «Сафари Тау Шелек» ЖШС Сарыжаз ауылдық округінен жобалық құны 15 миллион теңге тұратын туристерді қабылдайтын этноауыл ашты. Алдағы уақытта республикадағы ең көрікті, ең заңғар шыңы Хантәңіріне және  әк тастан түзілген мәрмәр қабырғасына альпинистер мен туристерді тарту жоспарлануда.

– Жыл аяқталып келеді. Келер  жылға жоспарларыңыз қандай?

– Жалпы, аудан орталығын ғана емес, ауылдарымыздың да жайын ойластырып, қамдастырып жатырмыз. Қақпақ ауылындағы ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы толық бітеді. Сонымен бірге  Тегістік, Көкбел, Жаңа Текес, Тұзкөл ауылдарындағы ауызсу жүйелерін жаңартуға өтінім берілді. Білім шаңырақтары да назарымызда. Алдағы жылы таулы өңірдегі Жәмеңке орта мектебі, М. Мақатаев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі. Оның сыртында Көмірші, Көксай орта мектептерін күрделі жөндеуден өткізудің жоба-жоспарлары жасалуда. Сарыжаз, Сарыбастау ауылдарындағы бұрынғы балабақшасының ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп алсақ деген ойымыз бар. Бұл үшін де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі Мәдениет үйлері де тозып кеткен. Алдағы уақытта Тегістік, Шалкөде, Қақпақ ауылындағы Мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізетін боламыз. Тиісті жұмыстар жалғасуда. Жамбыл, Сүмбе ауылдарынан жаңадан Мәдениет үйін салу қажет. Жамбыл, Қақпақ ауылдарынан жаңадан дәрігерлік амбулатория салуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін бізге жалпы көлемі 334,2 миллион теңге қажет болып отыр. Қайнар, Тегістік, Шалкөде ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізудің тиісті құжаттары жасалуда.

– «Tengri LAND» ЖШС келесі жылы Қақпақ ауылдық округінен жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайтын 380 гектар алқапқа қара қарақат плантациясын жасауды жоспарлап отыр. Бұл бұрын-соңды болмаған дүние. Қазір қажетті техникалары сатылып алынып, қарақат көшеттерін отырғызуға 380 гектар жер дайындалуда. Аталған құрылым 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. 2019-2020 жылдары СПК «Талас» құрылымы Қарасаз ауылдық округінен жобалық құны 2 700 миллион теңге болатын, сүт бағытында 200 бастық, ет бағытында 4000 бас ірі қараға арналған ферма салады. Жыл аяғына дейін ауылшаруашылығы техникаларын Еуропадан әкелуде. Құрылыс жұмыстары келесі жылдан басталады. Алдағы жылдан бастап «Айдар» ЖШС Текес ауылдық округінен жобалық құны 900 миллион теңгені құрайтын, 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. Сол сияқты «Лабасы А» кооперативі Сарыжаз ауылынан 400 басқа арналған мал бордақылау алаңын салатын болады. «Талас» ЖШС Шалкөде ауылдық округінен жобалық құны 50 миллион теңгені құрайтын 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын ашуды көздеп отыр. Басқа да  жұмыстар жетерлік.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –  Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы