«ЖІГЕР» ТАЛАЙДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРІП ЖҮР

Уақыты: 09.04.2019
Оқылды: 1247
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Осыдан біраз жыл бұрын Талдықорған қаласында мұқтаж жандарға тауарларын тегін тарататын дүкен ашылып, талай отбасының жыртығы жамалып, жоғы түгенделген еді. «Барлығы рахмет үшін» дүкеннің негізін қалаған Ажар Қыдыралина одан бері бірталай шаруаның бетін қайырып үлгерген. «ЖІГЕР» үкіметтік емес ұйымының төрайымы бір кезде жалғыз өзі жүріп дүкен ашып, түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, жеңімпаз атанып, талмай еңбек етіп жүрсе, бүгінде бірнеше адамға жұмыс ұсынып отырғанын мақтанышпен айтуға болады.

Талдықорған қаласы Қаратал шағын ауданындағы №6 үйдің жертөлесінде өз жұмысын жүргізіп отырған ұйымның бүгінгі беталысы жақсы. Келер күннен үміт қана тосып отырмай, жүйелі жоспармен жемісті жұмыс істеп келеді.
«Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі – 2018» облыстық байқауына қатысып, екі кір жуғыш машина және бір киім кептіргіш құрал ұтып алып, әлеуметтік кір жуатын бөлме ашқан. Сонымен қатар, киім тігетін арнайы мамандарды да жұмыспен қамтуда. Бүгінде бұл шаруаның басы-қасында 16 адам қызмет етеді. Оның сегізі тігінші. Мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып, тегін массаж жасайтын маман да бар бұл жерде. Олар қалалық жұмыспен қамту бөлімі желісімен жұмысқа орналасып жалақы алса, қалған екеуін Ажар Сыдықбекқызы өзі қаржыландырады. 
Жоғарыда атап өткен әлеуметтік дүкеннің бүгінгі жай-күйі бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған. Әлеуметтік дүкен қала тұрғындарынан киім-кешектен бастап, ыдыс-аяқ, тұрмысқа қажетті заттар мен ойыншықтарға дейін қабылдайды. Қазіргі таңда бұл дүкен жайлы көпшілік жақсы біледі. Күнделікті заттар келсе, соғұрлым тұрғындар алып кетеді екен. Барлық істің басын бір жерге жиып, әлеуметтік көмек түрін көбейтіп, тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерен. 
Әлеуметтік жоба жоспары бойынша тегін кір жуатын бөлме ашқандығы көпке тиімді болды, – дейді Ажар Қыдыралина.
 – Өмірде он екі мүшесі сау болса да, мүгедек болса да адам ешқашан құралақан, қол қусырып отырмағаны дұрыс. Қысқасы, еңбек етпеген адам Алла берген нығметтен айырылады. Менің әр күнім, тіпті әр сағатым жоспарланған. Сол жүйелі жұмыстың нәтижесінде ойлаған ісім, арманым іске асуда. Екі қолым, екі аяғым қимылдап тұрғанда адамдарға жақсылық жасағым келеді. Жалпы, біздің қоғамда қайырымды адамдар көп. Солардың қолдауымен тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы жақсарса деймін. Сол үшін де әлеуметтік көмек түрлерін көбейтуді мақсат еттік. Бізге бүгінде мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен отбасы көптеп келеді. Кір киімдерін алып келсе жуып, жыртылса тігіп, үтіктеп дайындап береміз. Замандастарым ұмытпаған шығар, кезінде «Служба бытья» деген болған. Міне, біздің бастама дәл сондай деп айтсақ та болады. Киім тігу ісін де қолға алдық. Қолдан шыққан дүниелерімізді «Аналар үйіндегі» кішкентайларға апарып береміз. Өмірде қателік жасап қойған ана. Ал баланың еш кінәсі жоқ, өмір болған соң бәрі болады. Сондықтан біздің ұжым «Аналар үйімен» қаладағы көпбалалы, жағдайы төмен отбасылармен тығыз байланыс орнатып жүрміз, – деген ойымен бөлісті.
Ғимарат ішінде ерекше жылылықтың лебі есіп тұр. Бұл сол жердегі нәзік жандылардың жүректен шыққан мейірім шуағы екенін бірден аңғаруға болады. Олардың қолынан шыққан әдемі, сапалы дүниелер көз жауын алады. Кішкентай балалардан бастап үлкендерге дейін киімнің барлық түрін тігетін ісмер тігіншілердің жұмысына қызықпау мүмкін емес. 
Ажар Сыдықбекқызының бала күнінен мұқтаж жандарға арналған шағын цех ашсам деген арманы күні бүгінге дейін өз күшін жойған емес. Алдағы уақытта мұны да іске асырамын деген мақсатта тынбай еңбек етуде.
Өмірдің сынағында сынға түскен жандарды көрсе солармен сөйлесіп, ақыл-кеңесін айтып, өмірдің әрбір сағаты, тіпті минуты мен секундының өзі соншалық қымбат екенін түсіндіруге асығады. 
Көпшілікке көмек қолын ұсынатын «Жігер» үкіметтік емес ұйымына жомарт жандар да көмек көрсетеді. Аты-жөні белгісіз бір азамат үнемі киім-кешек алып келеді. Тіпті, қымбат қағаз, сурет шығаратын арнайы құрылғыны да сыйға тартқан. Аты-жөнін жасырған азаматтың бұл әрекетіне ұжымдағы қызметкерлер дән риза. Қайырымды жанды танымаса да оның тілеуін тілеп, аналық тілектерін айтудан шаршамайды. Ажар Қыдыралина қалталы, жағдайы жақсы адамдар мен тұрмысы төмен отбасылардың арасына алтын көпір орнатқысы келеді.
– Өмірдің өзі ақ пен қара жолақтан тұратыны секілді, қазіргі қоғам тұрмысы жақсы және төмен болып бөліне бастағанын мойындауымыз керек. Десе де бәрінен көңіл қымбат екенін ұмытпайық. Біздің осындай жетістікке жетіп, ұжым болып қызмет атқарып жатқандығымыз ең әуелі тәуелсіз мемлекетіміздің арқасы. Осындай шараға қолдау білдірген облыстық ішкі саясат пен қалалық жұмыспен қамту орталығын да ерекше атап өткен жөн. Кейінгі жылдары облыстық ішкі саясат басқармасының жанынан консалтинг орталығы ашылып, біздің іске қатысты түрлі жоба ұйымдастырылуда. Бұл салада өте мейірімді, қайырымды азаматтар қызмет етеді. Өткен күні аталған басқарманың ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйым мүшелеріне арналған үлкен шара өткен еді. Сол басқосуда Рустам Алпысбаев арбаға таңылғандарды сүйреп, бізге демеу болып азаматтық танытты. Мүмкіндігі шектеулі біздер оның кішіпейілділігіне риза болдық. Бұл оның адамгершілік қасиетінің жоғары екенін көрсетеді. Облыстағы әрбір үкіметтік емес ұйымға жұмыс тауып, біздің жұмыстың ілгері басуына қол ұшын беріп жүрген қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлмира Есжанованың да еңбегі зор. Қай кезде есігін қағып, көмек сұрап барсақ та ешқашан бетімізді қайтарған емес. Міне, адами қасиетті бірінші орынға қоятын азаматтарға біздің қоғам зәру. Осының барлығы кейінгі жас буынға үлкен өнеге деп ойлаймын, – дейді Ажар Сыдықбекқызы.

«Талаптыға нұр жауар». Елімізді айтпағанда, облыстың өзінде мүмкіндігім шектеулі деп отырмай, еңбек етіп, тірі адамның тіршілік жасауы үшін аянып қалмайтынын іспен дәлелдеп жүргендер де аз емес. Олар он екі мүшесі сау, әке-шешесінің мойнында отырған жастарға «тірі мысал». Өмірдің болмашы қиындықтарына базынасын айтатындарға үлгі болатыны сөзсіз.

Еңлік КЕНЕБАЕВА