СОЛТҮСТІК ОБЛЫСТАРДА ЖҰМЫС КӨП

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1242
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жастарға қызмет көрсету орталығында жұмыспен қамту бағдарламасы аясында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегация тұрғындарымен кездесіп, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын түсіндірді. Сонымен бірге, мектеп бітіруші түлектер үшін «Серпін» бағдарламасы бойынша ақпарат  ұсынылды. Жоғарыда аталған облыстарда жұмыссыздарға тұрақты жұмыс та, баспанада да табылады. Тіпті, мал бағып, егін егемін деушілерге төмен пайызбен мемлекет тарапынан несие беріледі. Қысқасы, халық саны аз, маман тапшы бұл өңірлерде қолдау көп.

Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді. Нәтижесінде, қоныс аударған азаматтар сол өңірлерден жеке тұрғын үй алып, отбасының жұмысқа жарамды азаматтары толығымен жұмыспен қамтылған. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында қоныс аударушыларға арнайы тұрғын үй салу жұмыстары қолға алынған. Сондықтан болар, 2018 жылы Алматы облысынан 481 адам қоныс аударса, 2019 жылдың 3 айында 40 отбасы көшіп барып, жұмыспен, баспананмен қамтылған. Панфилов ауданынан Катонқарағай ауданына көшіп барған жас отбасы Жастар орталығынан жұмыс тапқан. Сондай-ақ, «Туған жерге тағзым» жобасы бойынша ауыл меценаттары 10 үйді салуды қолға алған. Оны қоныс аударушылардың  отбасына тегін сыйға тартпақшы.

Солтүстік Қазақстан облысынан келген делегация өкілдері аймақ тұрғындары негізінен егін шаруашылығымен айналысатындықтан техникалық, ауылшаруашылығы мамандықтарына сұраныс бар екендігін жеткізді. Шара барысында облыс тұрғындарына 400-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды.

Еңлік КЕНЕБАЕВА