АРУНА АРУ АТАНДЫ

Уақыты: 03.11.2016
Оқылды: 1948
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ақылына көркі сай қаракөз қарындастарымыз сан сынақтан сүрінбей өтіп, ақтық кезеңде бақ сынасты. Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен «Талдықорған аруы» байқауының нәтижесінде Аруна Сағатбекова топ жарып, жүзден жүйрік шықты.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған ша­рада бас-аяғы 14 ару сахна төріне Көк туымызды желбірете шығып, ата дәстүр бойынша сәлемдесті. Әрмен қарай сахнада жүру, өзін ұстау шеберлігі сыналды. Үшінші кезеңде қыздардың көйлек таңдау тал­ғамы ескерілсе, 4-кезеңде бел­гілі дизайнерлердің көйлектерін көрсетуі назарға алынды. Сондай-ақ, көрермендерге концерттік бағ­дар­лама ұсынылып, өнерпаздар кеш көркін еселей түсті. «Тал­ды­қор­ған аруы – 2015»  атанған Ай­дана Қанайбаева да арнайы келіп, әділқазылар  алқасына мүшелік ет­ті. Ал, «Талдықорған аруы – 2016» атанған Аруна Сағатбекова Ло­мо­носов атындағы №5 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Жасы небәрі 16-да болса да көркімен көпшілікті тамсандырып, жеңіс тұғырынан табылды. Өзге де қатысушылар әртүрлі номинация бойынша ма­ра­патталып, Мақтау қағаздарына ие болды. Айкүнім Мұқашева  «Ажар­лы ару», Айым Серікбай «Па­расатты ару», Диана Қанабек «Әсемдік аруы» және тағы да сол сияқты баршасының болмысына сай осындай айдар тағылды.

Осымен 7-рет өткізіліп отыр­ған байқау өзінше ерекшелігімен айқындалды. Себебі, бүгінгі до­да­ның басты сыйлығына ие болған ару – Айсұлу Мұхамадиева. Неге дейсіз ғой, оған Айдын Кәрімов есімді жігіт сахнаға шығып, дүйім халықтың көзінше ұсыныс жасап, қыз келісімін алды. Гүл шоқ­та­рын құшқан ару қуаныштың көз жасын да жасырып қалмады.

Ендігі кезекте Аруна Сағат­бе­ко­ва «Қазақстан аруы – 2016» ұлт­тық байқауында біздің қаланың на­мысын қорғайтын болады. Жеңім­пазға қолдау көрсетіп, сәттілік се­рік болсын деп тарқасты жұрт­шы­лық.

Мәулен Әнербай