СЕРІК ҮМБЕТОВ ҮЙ КЕЗЕГІНДЕГІ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ САНЫН АЙТТЫ

Уақыты: 07.05.2019
Оқылды: 1898
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік ҮМБЕТОВ Еңбекшіқазақ ауданындағы шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысты. Елбасының халыққа арнаған Жолдауынан туындаған жаңа міндеттердің жергілікті жерде қалай жалғасып, қалай орындалып жатқанына ден қойды. Осы жайындағы өз ойларын ортаға салып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Мемлекет ұстанып отырған сындарлы саясатты қалың бұқараның қолдап, қуаттайтынына көз жеткізді.

Соңғы жылдар аясында ауданда ауылшаруашылығын дамыту ісі бұрынғыдан да қарқын ала бастады. Соның бірқатар мысалдарын Саймасай ауылдық округінен де көруге болады. Халық қалаулысы ең алдымен жыл он екі ай тоқтаусыз өнім беру мүмкіндігіне ие болған «Абитов» жылыжай шаруашылығына ат басын бұрды.

Мұнда қызанақ пен қиярдың бірнеше түрі өсіріледі. Уақыт өткен сайын тапсырыс берушілердің саны арта түсуде. Алматы қаласын көкөніспен қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қосып отыр. Сол сияқты аталған шаруа қожалығы сүт өнімдерін өндіру ісін де қолға алыпты.

Бұдан кейін Серік Әбікенұлы «Assorti Rancho» деп аталатын шағын демалыс аймағын аралады. Демалыс орны Саймасай ауылының дәл іргесінде, айдын көлдің жағасында орналасқан. Мұнда тынығуға келгендерге барынша жағдай жасалған.

– Басты мақсатымыз қонақтарға сапалы қызмет көрсету. Ет-сүт, көкөніс, барлығы да өзіміздің фермалар мен алқаптарда өсіріледі. Биыл 20 гектар жерге таңқурай көшеттерін отырғыздық. Біз демалушыларды экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ете береміз, – деді «Assorti Rancho» демалыс орнының басшысы Топжар Жамалбеков.

Саймасай ауылдық округіндегі «Айдарбаев» шаруа қожалығы да еңбегімен өрлегендердің қатарында. Аталған ұжым жыл өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Еңбек пен ізденістерді тығыз ұштастырудың арқасында толымды табыстарға қол жеткізіп келеді. Өнім өндірудің де көлемі артып, сапасы жақсара түсті. Ең алдымен айтарымыз, «Айдарбаев» шаруа қожалығы көптеген ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Шаруашылық екі бағытқа негізделген. Олар сүт өндіру мен бақша алқаптарын көбейтуді мақсат етіп отыр.

Іссапарын қорытындылаған Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов:  «Өздеріңіз көріп отырсыздар, аудан өңірі тұмса табиғатқа тұнып тұр. Осының бәрін ел игілігіне жарату  басты міндетіміз. Кәсіпкерлер мұны жақсы түсіне бастаған. Оның нақты мысалдарын іссапар кезінде көзбен көріп, көңілге түйдік. Шағын және орта бизнестің дамуы экономикамызды өрге сүйрейтін үлкен күш. Отандық туризмнің алға басуына да мемлекет барынша қолдау көрсетіп отыр.

Қабылданып жатқан заңдардың бәрі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға негізделген. Елімізде 31 мыңдай көпбалалы ана үй кезегінде тұр. Міне, осы мәселені ойдағыдай шешу үшін мемлекет қазынасынан 370 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінбекші. 2024 жылға дейін кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың барлығы да баспанамен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр», – деді.

Халық қалаулысы көзбен көріп, көңілге түйген жайлар алда қабылданатын жаңа заңдардың мазмұнын байытуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ сайлаушылар атынан депутатқа ризашылығын білдіріп, табыстар тіледі.

Болат Батықұлы
Еңбекшіқазақ ауданы