ЕРЕКШЕ КҮТІМДЕГІ БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТТЫ

Уақыты: 01.06.2019
Оқылды: 1035
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Біз бақытты баламыз!» атты мерекелік концерт өтті.

Талдықорған қаласындағы «Бәйтерек» күндіз болу орталығында өткен аталмыш шара мақсаты - ерекше күтімді қажет ететін балаларға қоғамның назарын аударту және шығармашылық дамуына қолдау көрсету. Іс-шара балалар жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесінен бастау алып, бүлдіршіндердің өздері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Балалардың орындауындағы әсем ән мен биді тамашалауға ата-аналармен қатар арнайы қонақтар да шақырылды.

Балаларды құттықтай келген «Q-NET» компаниясының тәуелсіз өкілі Ләззат Төкенқызы, «Funky Town» ойын-сауық орталығының басшысы Александр Алексеевич, «Big-smile» ойын-сауық орталығының директоры Дарина Игоревна, «Карнавальный рай» костюмдерді жалға беру дүкенінің директоры Лилияна Михаиловна және жеке кәсіпкер Айнұр Әбдіхалыққызы балалар мен ата-аналарға жылы лебіздерін айтып, сыйлықтар табыс етті. Ал өз кезегінде «Бәйтерек» күндізгі болу орталығының директоры Айгүл Тұрдахұнқызы жақсылық жасап, қолдау көрсеткен демеушілерге ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыстады.

Осылайша, ата-аналардың бақытты жүздері мен балалардың шат күлкісіне толы мерекелік шара «Маленькая страна» цирк ұжымы дайындаған қызықты да әсерлі қойылымдарға ұласты.

Айсұлу ШЕЛЕКЕН