"АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕН АРТЫЛМАЙДЫ": ӘКІМ ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 24.06.2019
Оқылды: 1208
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар тұрғын үй кезегі, жер мәселесі, отбасылық және әлеуметтік жағдайына қатысты өтініштерін айтты.

Мадина есімді Талдықорған қаласының тұрғыны үй кезегіне қатысты өтінішін жеткізді. Оған облыс әкімі кезекте 1371-ші тұрғанын, заң бойынша 2021 жылға дейін үйге қол жеткізетінін айтты. Сондай-ақ, Амандық Ғаббасұлы бір жылдың ішінде 320-дан астам көпбалалы отбасы үйлі болғанын айтып, сонымен бірге, демеушілердің көмегін қарастыратынын да білдірді.

Ал Әйгерім Жоламанова болса, күйеуін тұрақты жұмысқа орналастыруын өтінді. «Мүмкіндігі шектеулі баламызға жәрдемақы аламыз. Онымен жалдамалы пәтердің ақшасын төлесек, жолдасымның күнделікті тапқаны азық-түліктен артылмайды. Өзім жұмысқа шығайын десем, күтімдегі балама қарайтын әлеуметтік қызметкер керек», – деген Ә.Жоламанованың талабын естіген әкім облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқаққа үйіне барып, жағдайымен танысуды тапсырды. Жалдамалы пәтердің мүмкіндігі шектеулі баланың шығып-тұруына ыңғайлылығын тексеруді қала әкімі Ғалымжан Абдраимовке жүктеді. Жолдасын тұрақты әрі жақсы жұмысқа орналастыру жағын қарастыратынын да жеткізді.

Балаларын ерте келген көпбалалы ана өз кезегінде жалдамалы үйде тұратынын, жеке баспана сатып алғысы келетінін білдірді. Яғни, оның бүгінде тұрып жатқан баспанасының бастапқы құны – 7 миллион теңге. Заң бойынша соманы толық төлеп бітпей өз атына аудара алмайды. 6,5 миллион теңге көлемінде қалған ақшаны төлеген жағдайда не болмаса 30 пайыз жеңілдікпен ғана өз аттарына заңдастыра алады екен. Сауалды тыңдаған Амандық Ғаббасұлы: «Заңды аттап кете алмаймыз. Қолымыздан келгенінше мәселені шешуге тырысамыз. Заң аясында іске асырылып жатса, хабар береміз», – деп шаһар басшысы Ғалымжан Райылұлына мәселені назарға алуын тапсырды.

Қабылдауға келушілер үй кезегі, тұрмыстық жағдай, жұмыссыздыққа байланысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алды. Айтылған барлық өтініштерді өз бақылауына алған аймақ басшысы тиісті орындарға тапсырма берді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ