ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒУҒА ДАЙЫНСЫЗ БА?

Уақыты: 25.06.2019
Оқылды: 1188
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Бейнет түбі – зейнет» демекші, ұзақ жылдарға созылатын еңбек жолынан кейін адамдардың зейнеткерлікке, яғни құрметті демалысқа  шығатыны белгілі.

Салымшылар зейнет жасына дейін лайықты қаржы жинау үшін «БЖЗҚ» АҚ инновациялық сервис әзірлеген болатын. Соның көмегімен әрбір салымшы өз бетімен дербес зейнетақы жоспарын жасай алады. Мұны Қордың enpf.kz сайтының жеке кабинетінде пайдалануға болады. Ең алдымен мұнда зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы үзінді көшірмені көресіз. Бұл жерде Сіз жеке деректемелеріңізге өзгерістер мен толықтырулар енгізе аласыз. Сондай-ақ зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептеуге, сәйкесінше жинақтарыңыз қанша уақытқа жететіндігін білуге болады.
Зейнетақы калькуляторының екі түрі бар. Біріншісі – ағымдағы зейнетақы калькуляторы деп аталады. Ол зейнетке шығуға дайындалып жүрген азаматтарға арналған. Сол арқылы ай сайын берілетін зейнетақының болжамды мөлшерін білесіз. Екіншісі – болжамдық калькулятор. Бұл калькулятор арқылы кез келген адам болашақта алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін тез арада есептей алады. Ол үшін Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөліміне кіріп, «Зейнетақы калькуляторы» түймешесін басасыз. Экранда қарапайым кесте ашылады, оған жасыңызды, жынысыңызды, жалақы көлемін, жұмыс өтілін және зейнетақы жинақтарыңыздың қазіргі сомасын жазу керек. Бағандардың барлығы толтырылған соң, «Есептеу» батырмасын басасыз. Сонда «пессимистік», «реалистік» және «оптимистік» деп аталатын үш сценарий бойынша зейнет жасына толған кезде алатын ай сайынғы зейнетақының болжамды мөлшері анықталады. 
Таяуда enpf.kz сайтының «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде «Жинақтарды өмірді сақтандыру бойынша компанияға аудару» деп аталатын жаңа қызмет іске қосылды. Сол арқылы өмірді сақтандыру бойынша компаниямен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін шоттағы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті сомасын есептеуге болады. Бұл калькулятор ең төменгі зейнетақы мөлшерін ескере отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтарының сомасы қандай болу керектігін есептейді. Сіз тиісті бағанда жынысыңызға қатысты мәліметті белгілеген соң, шарт жасасуға қажетті жас мөлшері автоматты түрде көрсетіледі. Ол ерлер үшін – 55 жас, әйелдер үшін биыл – 51 жас. Одан әрі кепілді мерзімді белгілейсіз. Бұл осы мерзім ішінде сақтандыру компаниясынан төлемдерді тұрақты алып тұруға ниет білдіргеніңізді білдіреді. Әрі қарай калькулятор ағымдағы жыл бойынша ең төменгі зейнетақы мөлшерін ескере отырып, зейнет- ақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтарының сомасы қандай болу керектігін есептейді. 
Жеке кабинетіңіздің төмен жағында зейнетке шығу уақытыңызды есептейтін таймер орналасқан. Ол жылды, күнді, минутты, тіпті секундқа дейін көрсетеді. Бұл көрсеткіш зейнетке дейін қанша уақыт қалғанын аңғартады. Яғни, сол арқылы жинақтарыңыздың лайықты зейнет-     ақы алуға жеткіліктілігін көруге, егер жеткілікті болмаса, қанша мөлшерде жарна аударып тұру керектігін есептей аласыз. БЖЗҚ өз кезегінде барлық жағдайды жасауға және зейнетақы капиталын қалыптастыру жолында сенімді кеңесші болуға қашанда дайын. 

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы