ЖЕТІСУДА ЖАСТАР ШЫҢЫ ПАЙДА БОЛДЫ

Уақыты: 17.07.2019
Оқылды: 1824
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жастар жылы аясында Сарқан ауданы «Жоңғар Алатау» Мемлекеттік Ұлттық паркінде «Жастар шыңы» атты туристік жорық өтті. Оған облысымыздың әр өңірінен 200-ге жуық жас қатысты. Екі күндік жорық естен кетпес естеліктерге толы болды. Барып қайту жолы қиындық туғызғанымен жастар бір отбасының баласындай араласып-құраласып жаңа достар тапты.

Бірінші күні спорттық ойындар, атап айтсақ, эстафета, бампербол, сумо, гір көтеру, арқан тарту, теңге ілуден сайысқа түсіп, кіл мықты мен жүйріктер анықталды. Осы арқылы ұлттық құндылық, сал-дәстүр дәріптеліп, салауатты өмір салты насихатталды. Сонымен бірге қазақ үйлер тігіліп, жастар қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Саятшылық, қыран баптау, аң аулау туралы деректерге құлақ түріп, қазақпен біте қайнасқан жылқы түлігінің қыр-сырына қанықты.

Шара барысында облыстық дін істері басқармасының теологы Қанат Маратұлы жастарға руханияттың діңгегі саналатын ұлттық құндылықтар жайлы тағылымды ойын ортаға салды. Ал жастарға қызмет көрсету орталығының психолог-маманы Сандуғаш Дұрыскелдінова болса қызықты семинар-тренинг өткізді. Әртүрлі ойындар арқылы жастар өздеріне қажетті мағлұмат ала білді. Туристік жорықтың мақсатымен бөліскен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Жомарт Қаратас:

– Сарқан ауданының жастары осындай ұсыныс берді. Ұтымды ұсынысты бірден қолдап, іске асыруға кірістік. Бұндай шара республика көлемінде алғаш рет біздің аймақта өтіп жатыр. Мемлекеттік жастар саясатын дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуге ықпал ету, шығармашылық қабілеттерін арттыру, ұлтаралық келісімді және достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараның жастарға берері мол, – деді.

Кешкілік Жоңғар Алатауының етегінде тігілген шатырлар ерекше келбет иеленді. Жағылған алауды қоршап отырған жастар емін-еркін әңгіме өрбітті.  Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, сан сауалға жауап беріп, ұсыныс-тілектерді тыңдады. Марат Мелісұлы келешекте осындай тағылымды шараларды Екіаша, Аманбөктер жерлерінде өткізу туралы ұсынсты қарастыратынын жеткізді. Жомарт Мандатұлы да атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, жоспарларын да тілге тиек етті. Кештің көркі  жастардың өнерімен қызды. Гитарамен әуезді ән айтылып, өлең оқылды. Кеш соңында жастар алдыңғы буын ағаларына ыстық ықыласын білдіріп, алғыс айтты. Қызыққа толы алғашқы күн би кешімен түйінделді.

Таудың ауасымен тынстаған қатысушылар таңертең сергек оянды. Ертеңгілік астан кейін, жаттығу жасап, жауапты кезеңге деген дайындықтарын шыңдады. Әрмен қарай 2 мың метр биіктікті бағындыру үшін жастар жаппай тауға өрмеледі. Шыдай алмай жарты жолдан кейін артқа қайтқандар да табылып жатты. Басым бөлігі діттеген  жерлге жетіп, «Жастар Туын» тікті. Осылайша Жетісуда «Жастар шыңы» пайда болды.

 

Мәулен Әнербай