АНА СҮТІНІҢ ПАЙДАСЫ

Уақыты: 29.07.2019
Оқылды: 1330
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сәби жарық дүние есігін аша салысымен табиғат оған теңдессіз сый тарту етті.  Ол – анасының дәмді де құнарлы сүті. Осы бір керемет нәрден нәресте өзінің өсіп-жетілуіне қажетті барлық пайдалы заттарды алады. Босанғаннан кейін алғашқы күндері ананың кеудесінен уыз шығады.

Уыз – нәрлілігі аса жоғары, ақуыз, дәрумен, микроэлемент, фермент, биологиялық жағынан белсенді заттарға бай сарғыштау келген қоймалжың сұйықтық. Уыз жаңа туған нәрестені иммундық жағынан түрлі аурулардан қорғайды. Оның құрамында функционалдық жағынан әлі пісіп жетілмеген ішектің дамуына септігін тигізетін өсу факторлары, тағамның жылдам ыдырауына әрі сіңірілуіне көмектесетін ферменттер бар. Ал ондағы бифидус-фактордың арқасында микрофлора өсіп-дамиды. Ішек жолының қорғаныстық функциясын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ,  нәрестені асқазан-ішек ауруларынан сақтайды.
 
Ана сүтінің құрамы

Сүттегі су мөлшері шамамен 85-90%-ды құрайды. Ол күннің ыстық кезінде де баланың шөлін түгелдей қандырады. Сондықтан ана сүтімен тамақтанатын сәбиге су немесе шай берудің қажеті жоқ. 
Жалпы сүт көлемінің 1%-ы ақуыздан тұрады.  Негізгі ақуыздар лактоальбуминдер мен казеин. Баланың жүйке жасушаларының өсіп дамуына қатысатын негізгі құрылыс материалы. Ана сүтінің ақуызы оңай ыдырап, қорытылады. Ана сүтінде казеиннің мөлшері төмен және құрамы жұмсақ, жеңіл қорытылады.
Ана сүтінің 2-4,5%-ын май құрайды. Мұнда ана сүтінен басқа еш сүтқоректіде кездеспейтін эссенциалды май қышқылдары бар. 
Көмірсулар – шамамен 7%. Энергия көзі мен ана сүтінің тәтті дәмін келтіруші. Оның ішінде негізгісі – сүтті қант (лактоза). Лактоза астағы бифидобактериялар үшін тиімді жағдай жасайды. Өз кезегінде асқазанда олардың көлемі артады. Сонымен қатар, темір мен кальцийдің ыдырауына көмектеседі.
Бала емізудің артықшылықтары зор.
Ана сүтінің  құрамында нәрестенің дені сау әрі күшті болып өсуіне қажетті нәрлі заттардың барлығы бар. Ана сүті оңай қорытылады. Сүтте алғашқы айларда нәрестені ауру-сырқаудан сақтайтын иммундық заттар бар. Ана сүті әрқашан таза, аллергия туғызбайды. Емізгенде ана мен бала ерекше жақындық пен қауіпсіздікті сезінеді. 

А. Смайлова, 
«Алматы облыстық
салауатты өмір салтын 
қалыптастыру проблемаларының орталығы»  ЖШС маманы

Сурет ғаламтордан алынды