ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ НӘТИЖЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 06.08.2019
Оқылды: 2842
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандағы көпсалалы аурухананың жиынжайында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 2019 жылғы жартыжылдықта атқарылған  жұмыстарды қорытындылаған,  алдағы кезеңнің міндеттерін жүктеген алқа отырысы өтті.  

Алқаға  аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары,  жергілікті жердің  жұмыспен қамту  орталықтарының жетекшілері  қатысты.   
 Жиында облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев сөз алып, «Еңбек» нәтижелі  жұмыспен қамтуды  және   жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған  бағдарламасының орындалуы жайлы сөз қозғады.  Тұрғындарға әлеуметтік  көмек көрсету,  азаматтардың тұрмыс дәрежесін көтеру және басқа да өзекті мәселелер бойынша әңгіме қозғалды.  Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасының басшысы Зайда Ілімжанованың айтуынша, барлық  бағдарламалар бойынша белсенді жұмыс жүргізілгендіктің нәтижесінде  әлеуметтік сала жарты жылда  жақсы көрсеткіштер мен  нәтижеге қол жеткізген.  Жыл басынан бері жұмыс орындарын ашу бойынша жасалған  жоспар  66,9 пайызға орындалған.  Тұрғындарды жұмыспен қамтуға ықпал ету және  көпшілікті еңбекке тартудың жылдық жоспары 47,6 пайыз орындалған.  
Зайда Ілімжанованың баяндамасында 2018 жылдан бастап бірыңғай электронды еңбек биржасының іске қосылғандығы айтылды.  Әрбір  жұмыспен қамту орталығында өз-өзіне қызмет көрсету   бұрышы бар.  Бірыңғай электронды жұмыспен қамту  биржасы арқылы 3315 бос жұмыс орны тіркелген.  Осы жүйе бойынша  барлығы 5423 адам еңбекпен қамтылған. 
 Елбасының тапсырмасына сәйкес көпбалалы және  әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтуды кеңейту үшін  1 сәуірден атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың механизмі жетілдірілді.  Бұл орайда 29 шілдедегі  жағдай бойынша   40550 отбасы (195 мың отбасы мүшесі бар)  атаулы әлеуметтік көмек алған. 
 Жиын соңында  Ақан Әбдуәлиев жарты жылдың жұмысын қорытындылап,  облыс тұрғындарын жұмыспен қамту жөнінде нақты тапсырмалар берді. 

 Г. МҰҚАШҚЫЗЫ
Сурет ғаламтордан алынды