44 ЖЫЛ БІРГЕ: МЕЙРАМБЕК БЕСПАЕВТЫҢ АТА-АНАСЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 30.10.2019
Оқылды: 2492
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандағы Салтанат сарайында «Берік отбасы – бақыт мекені» атты аудан мен қалалардан келген үздік отбасыларды марапаттау шарасы өтті.

Салтанатты шара Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған, сазын Шәмші Қалдаяқов шығарған «Бақыт құшағында» әнімен ашылды. Орындаушылары – 45 жыл бір шаңырақ астында тұрып келе жатқан, бақыт құшағында тербелген Ғалым Сүлейменов пен Бақыт Сүлейменова.

Одан кейін жиынды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай тізгіндеп, кеуделерінде үздік отбасы екенін айғақтайтын қызыл лента таққан, алды 60, соңы 20 жыл отасқан жұптарды құттықтады. Дөңгелек үстел басында  әр аудан мен қаладан келген 19 үздік отбасы жиналды. Жалпы, облысымызда жарты ғасырдан астам бірге өмір сүріп келе жатқан екі мыңға жуық отбасы бар.

Мінберге шығып сөз алған Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Қозыбек Бақбергенов ұзақ жыл бойы отасқандарды шақырып, жастарға үлгі есебінде көрсетіп, құрметтеп жатқандарға алғысын білдірді. Ал облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Әсел Мұратқызы бүгінгі жастар жөнінде қолында бар статистикасымен таныстырылды. Оның мәлімдеуінше, облысымызда былтырғы жылмен салыстырғанда биыл жастардың ажырасуы жеті пайызға өскен. Алдын алу жұмыстары, сотқа жеткізбей шешу істері де жүргізіліп жатқандығын баса айтты. Мәселен, Сарқан ауданынан келген Қалиевтер әулеті сотқа жеткізбей, жалпы жүзге жуық істі шешуге көмектескен.

Одан кейінгі көрініс көп көңілін толқытты. Кеше ғана отау құрған Еркебұлан Қалдыбаев пен Дамира Мәлтекбасоваға шаңырақ көтергендеріне 60 жыл болған, 7 бала, 13 немере мен 3 шөберенің қызығын көріп отырған Кеген ауданының тұрғындары Әріп ата мен Ләтипа әже неке куәлігін тапсырып, баталарын берді.

Өз кезегінде жас отбасы: «Арманды дара қумаймыз, Құстың қос қанатындаймыз. Жүректе от жанып, Тауларды бетке алып, Бірге ұшып барамыз болашаққа» деп келетін Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры» әнін шырқады.

Жиналғандарға облыс орталығындағы «Айналайын» балалар үйінің алты бүлдіршіні өлең оқып берді.

Әуезді ән, әсерлі өлеңнен кейін Ғабит Тұрсынбайұлы әр аудан мен қаладан келген Сыбанбаевтар (Кеген ауданы), Ахметовтер (Райымбек ауданы), Әбдрахмановтар (Панфилов ауданы), Бағысовтар (Талғар ауданы), Бақбергеновтер (Кербұлақ ауданы), Дәулетияровтар (Іле ауданы), Қалиевтер (Сарқан ауданы), Тұраровтар (Алакөл ауданы), Беспаевтар (Қарасай ауданы), Байсыновтар (Балқаш ауданы), Сүлейменовтер мен Ибрагимовтер (екеуі де Талдықорған қаласы), Мұстафаевтар (Қаратал ауданы), Иманқожаевтар (Жамбыл ауданы), Мұстапаевтар (Ұйғыр ауданы), Тазабековтер (Ескелді ауданы), Байсейітовтер (Текелі қаласы), Жұмайбековтер (Ақсу ауданы) мен Қалдыбаевтар әулетін марапаттап, сый-сияпат ұсынды.

Марапатталғандардың ішінен бір ұлы бір елдің баласына айналған, қазақ даласының бозторғайы Мейрамбек Беспаевтың әке-шешесі, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Әбіләшім ата мен жары Жібек апамызды да жолықтырдық. Бұл отбасының шаңырақ көтергеніне биыл 44 жыл толған.

Шара Панфилов ауданынан келген Ораз Әбдрахманов ақсақалдың батасымен аяқталды.

Серік ҚАНТАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы